Атамқұловтың жүрегі неге ауырды?
2016 ж. 03 ақпан
2413
0
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов Шымкентте өткен есепті кездесулердің бірінде өз эмоциясын жасыра алмады. Аймақ басшысы тіпті өңірдегі кейбір жағдайларға жүрегі ауыратынын айтып қалды.
Шымкент қаласы әкімінің 2015 жылы атқарылған жұмыстары туралы есебін тыңдаған әкім жергілікті тұрғындардың көтерген мәселелерін өте орынды деп санады. Әсіресе аяқжолдардың тапшылығы үлкен проблема болып отыр.
"Аяқжол мәселесі дұрыс көтеріліп отыр. Біздің есебіміз бойынша 93 шақырым тротуар жол тез арада салынуды қажет етеді. Сол кезде оқушылардың мектепке аяқжолдармен барып келуіне мүмкіндік болады. Өткенде Сайрам жақта көше бойында үлкен көліктердің шаңын басып, автобустардың бір-бірімен жарысып бара жатқанын көріп, жүрегім ауырып кетті. Ал 6-7 жастағы мектеп оқушылар сол көліктер жүретін жолмен жүруге мәжбүр. Тротуарларды қазып тастаған. Жол бойындағы дүкендер қызыл сызықтан өтіп кеткен", - деді аймақ басшысы.
Бейбіт Атамқұлов бұл мәселені май шаммен қарау керектігін кесіп айтты. Тіпті мұндай жайтты көзбен көргенде қатты ашуы келгенін де жеткізді.
Дереккөз: Nur.kz