Қыздарына "арақ" ішкізу туралы атышулы роликтің кейіпкері оқиғаның мән-жайын айтып берді
2016 ж. 23 қаңтар
2812
8
Астананың 34 жастағы тұрғыны Дархан Тазабеков Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында "балаларына арақ құйып беретін әке" жайлы видеоның қашан және қандай жағдайда түсірілгенін айтып берді. Бейнежазба осы аптада әлеуметтік желілердің қолданушыларының наразылығын туғызған еді.
Дархан үш қыздың әкесі екенін айтып отыр. Бірінші қаңтарда отбасы кешкі серуеннен үйіне оралыпты және кешкі асты ішуге дастархан басына жайғасыпты. Сол кезде оның тоғыз жастағы қызы әкесіне отбасы архивіне әзілге толы видео түсіруді ұсынады.
"Ол "Арақтың шөлмегіне су құюға бола ма?" деп сұрады. Мен шөлмекке су құйдым. Сөйтіп, видео түсірдік. Балалар болса бәрін есіне сақтайды ғой. Жеті жасар қызым нағыз әртіс сияқты. Міне, солайша әзілдедік", - деді ол. Видеоға олардың әрекетін үлкен қызы түсіріпті. Ал жеті және үш жасар қыздары қойылым қойған.
Оқиғадан кейін екі апта өткенде Дархан бауырынан теледидардан және Интернеттен видеоның таралғанын естиді. Ер адам өзін жаңалықтардан көргеннен кейін видеоны таратқандарды жазалауды сұрайды.
"Мен полицияға бірінші келдім, мені ешкім іздеген жоқ. Мен бұл видеоны Facebook, Instagram және Youtube-ке таратқандардың үстінен арыз жаздым, бөтеннің видеосын салмауы үшін", - деді Дархан Тазабеков. Ер адам видеоның Интернетке қалай шығып кеткенін әлі күнге түсінбейді. Өзі болса ешқайда жүктемеген.
Қазіргі уақытта, Дарханның айтуынша, тергеу жүріп жатыр. Ер адам мен оның қыздары сараптамадан өтті, оның ішінде наркологиялық сараптама да бар.
"Шөлмекті сараптамаға алып кетті. Кейін мен алкосынақтан өттім, қызым екеуміз бірге тапсырдық. Қанымызда алкогольдің жоқтығы анықталды. Сосын наркологияда да қан тапсырдық. Ол жақта да табылмады", - деді ер адам.
Бүгін болса Дархан Тазабеков қыздары оқитын мектепке шақыртылыпты. Ол жақта да тергеу жүріп жатқан көрінеді. "Олар менің пікірімді естіді. Жағдайдың қалай болғанын айтып бердім. Барлығы да отбасылық әзіл екенін айтып отыр. Үйімізге де келді, қалай өмір сүріп жатқанымызды көріп кетті. Көршілерімізден сұрастырды. Шешімді күтіп отырмыз", - деді Дархан Тазабеков.