Қымбатшылық қылқындырып барады
2016 ж. 20 қаңтар
3460
0
Әу баста қымбатшылыққа қарсы майдан ашып, базар мен сауда үйлеріндегі сатылымға шыққан азық-түлікке «Саптаяқтың сабына қарауыл қойғандай» бақылауға алған жергілікті биліктің қимылынан түк те шықпады. Бірлі-жарым әлеуметтік дүкендер болмаса, қалғандарын нарықтың заңы бойынша еркіндікке жіберуге мәжбүр болды. Облыс орталығы Талдықорғанның өзінде ғана орталық базардағы бағаларға көз сүзсеңіз осыдан 4-5 ай бұрын ғана қызанақтың, қиярдың, апельсиннің, жүзімнің бір келісі 500-550 теңге көлемінде болса, бүгінгі таңда оның бағасы үш есе шарықтап, 10200-10300 теңге жеткен. Жылқы, сиыр, қой еттерінің бағалары осы деңгейде. Бұдан бөлек, сыр, шұжық, қаймақ, күнделікті дастарқанға қажетті өнімдердің бағалары да көтеріліп барады. Тіпті, жергілікті жерде жылы жайлардағы қысы-жазы өсірілетін көкөністердің бағалары, сырттан тасымалданатын көкіністің бағаларымен иық тірестіріп тұр. Қарапайым халықтың қабырғасын қайыстырып тұрған да осы азық-түліктер.
Желтоқсан айының басында көпқабатты тұрғын үйлерге коммуналдық төлемдер бағасы тағы да көтерілген болатын. Жылу жүйесі бұрын 46,28 теңге болса, жаңа тарифпен 57 теңге 84 тиын, ыстық су 176-дан 220 теңгеге көтерілді. Жаңа жылдан соң ол тағы да шарықтайды деген сөз бар. Бұл енді, зейнетақысы небары 9 пайызға өскен зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға «жығылған үстіне жұдырық тигенмен» бірдей болды. Басқа-басқа астықты өлке атанған Қазақстанда нанның бағасы да қымбаттап кетті ғой дейді зейнеткерлер. Талдықорғанда бұл баға 60-85 теңге аралығында. Қымбатшылық балабақшаға да жетті. Талдықорған қаласындағы бір балаға төлемақы 11 мың теңгенің көлемінде болса, жекеменшік балабақшалар 15-22 мың теңге көлемінде. Айналаңа қарасаң, дүниенің бәрі қымбат, халықтың жағдайына қарайық деген бір кәсіби мекемені, сауда орындарын көрмейсің. Бәрі де баға көтеру жағынан жарысқа түскен бе деп қаласың. Нарық заңы осы екен деп бағаны негізсіз құбылту көпшілікті қинай бастады. Қымбатшылықтың қылбұрауы қылқындырған қарапайым халық енді қайтіп күн көрмек?
А.ДІНИСЛАМ
"Қазақ үні" газеті