ТҰРҒЫНДАР АРАСЫНА СЫЗАТ ТҮСІРГЕН ЖИЫН КІМГЕ КЕРЕК?
2016 ж. 20 қаңтар
2946
0
Өткен жылдың желтоқсан айының 23-ші жұлдызында Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентінде аудандық ардагерлер конференциясы болып өтті. Конференцияға халықтың қатысуына тыйым салынып, шақырумен келгендер ғана кіреді деп, есік алдында аудандық ішкі істер бөлімінің бастауыш ұйымының төрағасы Есет Назарқұлов, «Қармақшы таңы» газеті редакциясының бастауыш ұйымының төрағасы Жарылқасынов Рашид, Ж.Жарқеткенов, А.Тұрғановтар кесе-көлденең тұрып алды. Халықтың арқасында ардагер болғандар халықтан бөлектеніп конференцияны жасырын өткізу ұят емес пе?!
Мұндай әрекет мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатына қарама-қайшылық туғызатын және халқымыздың біртұтас болуына кері әсерін тигізетін, әдейі қолдан жасалған іс-қимыл болып саналады емес пе? Конференцияның болатыны жөнінде ақпарат құралдары арқылы жарияланған да жоқ. Кенттің ардагерлеріне хабар толық жетпеген, халық бейхабар.
Сонымен конференцияны ашу үшін сөз аудан әкімі Мақашов Сұлтан Ысқақұлына берілді. Ол өзінің баяндамасын оқыды, алдағы уақытта атқаратын жұмыс жоспарымен таныстырды. 2016 жылға аудандық ішкі саясат бөліміне бюджеттен 4 млн. қаржы бөлетінін айтты. Ал аудан ардагерлерінің төрағасы Қ.Есдәулетовке бөлінген қаражатты тендерден ұтып алып, іс-шаралар өткізуді тапсырды әкім мырза. Дағдарыс екі өкпемізді қысып тұрған шақта қыруар қаржыны түк пайдасы жоқ іс-шараға бөлудің өзі жемқорлыққа жатады. Ардагерлер алдында ағынан жарылған әкім өзін Елбасының саясатын жүргізуші және халық арасындағы өкілі екендігін айтып, сөзін тәмамдады. Әкімнің соңғы сөзін қалай түсінуге болады? Президентпен халықтың арасындағы қарым-қатынасқа өкілдің не керегі бар. Өкілсіз халық Президентке керек емес пе?
Әкімнен соң сөзді аудандық ардагерлер төрағасы Есдәулетов Қаршыға жалғастырды.Үкімет тарапынан ардагерлерге берілетін демалыс жолдамалары мен тегін емделу жеңілдіктерін өз қалтасынан төлейтіндей сөйледі. Бұл кісі қызыл сөзге жүйрік, іске келгенде екі аяғы да ақсақ. Мысалы, кезінде ол басқарған «ПМК-1602-нің» Қуаңдария, Төребай би, Қармақшы елдімекендеріне салған мектептері құлап қалды. Тек ол кез Кеңес одағының тарауына тұспа-тұс келіп, барлық жауапкершілік пен жазадан оңай құтылып кетті.
2007-2014 жылдары «Октябрь топтық су құбыры» ММ-нің директоры қызметін атқарған уақытында халыққа жеткізіп бере алмаған ауызсуын бердім деп Үкіметті алдап субсидия алған адам – бұл күнде Қармақшы ауданының құрметті азаматы және Ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Өткен жылы Қ.Есдәулетовтың 2013-2015 жылдар алығында заңсыз кірпіш зауыт салып, жалған кәсіпкерлікпен айналысқаны әшкереленді. Жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарға арнайы заң бар. Оның айыппұлы орасан зор. Аудан прокуроры аталған жайлар бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Осы іске байланысты прокурордың берген ұсынысындағы көрсетілген 2.800.000 теңге айыппұл салу жөнінде есептелген сома, шын мәніндегі айыппұлды көрсетпейді. Сыбайластықпен жасалған. Кірпіш зауыттан шыққан кірпіштің нақты санын жан-жақты зерттеп барып есептесе үкіметке түсетін қаржының көлемі де бірнеше есе артып қомақты болатыны сөзсіз. Прокурордың салған айыппұлы заңға сәйкес емес. Осыны қарапайым адам жасаса басымен қайғы болып кетер еді...
Мәдениет үйінде өткен конференцияның төрінде Кеңес Одағының орақ-балғасы бейнеленген бұрынғы қызыл гербінің астына ардагерлер деп жазылып тұрғанын көргенде жүрегім шымырлап, бойым мұздап кетті. Егеменді елміз, өз бостандығымыз өзімізде, көк Туымыз бен Елтаңбамыз тұрғанда Ресейдің гербінің бізге не керегі бар? Әкім С.Мақашов пен Қ.Есдәулетовтің жастарға көрсетіп жатқан үлгісі осы ма? Бұндай саяси соқыр басшылардан қандай тағылым болмақ?
Осы конференция қарсаңында облыстық «Сыр дидары» газетіне «Әділетсіз сайланған ардагерлер төрағасы» атты жарияланған мақаламды облыстық Ардагерлер ұйымының төрағасы С.Шауқаманов ағама өзім алып барып, мән-жайды толық түсіндіріп айтқан едім. Аудан әкімі С.Мақашовтың да қабылдауында болып, оған да Қ.Есдәулетов жайлы газетке жазған мақаламды өз қолыммен табыстадым. Бірақ, айтылған арыздан түк нәтиже шыққан жоқ.
Әкімдер мен үлкендеріміздің істеп отырған істері мынау. Кімге үлгі көрсетпек, кімге тәрбие бермек? Әділетсіз адамдар ел билесе, болашағымыз не болмақ? Мынадай жөнсіздікке жол беріп қарап отырсақ, елдігіміз қайда? Біз аудан әкімі С.Мақашов мырза мен С.Шауқаманов ағамыздан көптің көкейінде жүрген осы сұрақтарға жауап күтеміз.
Ғани ӘЛИЕВ Қызылорда облысы
"Қазақ үні" газеті