Өзге ұлт өкілдері Қазақстаннан неге көшіп жатыр?
2016 ж. 18 қаңтар
2359
1
Қазақия азаматтарының басым көпшілігі жаппай шет елге қоныс аударып жатыр. Жалпы, екі мыңыншы жылдардың басында елден кетіп жатқандар саны жыл сайын азайып отырған болса, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш қайта өсіп отыр, деп жазады Skifnews.kz.
Мәселен, 2004 жылы елден көшкендер саны – 65 мың, ал, 2005 жылы 52139 адамды құраған. Сондай-ақ, 2006 жылы – 33 мың, 2013 жылы 24484 адам Қазақ елінен шет елге қоныс аударған екен. Өкінішке қарай, соңғы жылдары тарихи отанына оралғысы келетін қандастарымыз да күрт азайып кетті. Бұл әрине алаңдатарлық дүние.
Араға бірнеше жыл салып шет елге қоныс аударушылардың саны қайтадан артып жатыр. Мәселен, 2014 жылы елімізден шет елге қоныс аударушылар саны 29 мыңға жетсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 25 мың адамнан асып түскен. Бұл соңғы екі жылдың көлемінде шет елге қоныс аударушы азаматтардың саны қайтадан артқанын аңғартады. Осы ретте елімізден шет елге көшкендердің ұлты қандай және олар қай елге көшіп жатыр деген орынды сауал туындайды.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, шетелге қоныс аударушылардың басым көпшілігі орыстар және олар Ресейге көшіп жатыр. Мәселен, 2014 жылдың алғашқы 6 айында Қазақ елінен Ресейге 11 мың 400 адам көшіп кеткен. Жалпы, РФ-ға көшіп барған елдердің ішінде Қазақ елінің азаматтары көш бастап тұр. Нақтырақ айтсақ, Қазақстаннан – 30,5, Өзбекстаннан – 21,2, Украинадан – 13 пайыз орыс тарихи отанына қоныстанған. Олардың 64,2 пайызы Орталық және Сібір федералды округтарына орналасқаны белгілі болып отыр. Негізінде Ресей билігінің дәл осы аймаққа орыстарды көптен шоғырландыруы тегін емес. Өйткені, аталған аймақ Ресейден іргесін бөліп, өз алдына бөлек мемлекет болғысы келіп отыр. Міне, осыған тосқауыл ретінде Кремль отандастарын шетелден жаппай шақыруға мүдделі.
Дәл қазіргі таңда еліміздегі мемлекет құрушы қазақтардың үлес салмағы 66 пайыздан енді асқан. Бұл көрсеткіш тәуелсіздік алған жылдармен салыстырғанда жаман емес шығар. Алайда, ұлттық мүддемізді батыл шешкіміз келсе қазақтың үлес салмағы кем дегенде 70 пайыздан жоғары болуы керек.
Алайда, біздің үкімет орыстардың тарихи отанына оралғанын қаламайтын секілді. Мәселен, өткен жылы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев ресейлік ЖОО-лар қазақстандық жастарды өздеріне жиі шақыратынын айтып, оған алаңдаулы екенін жасырған жоқ. Сондықтан, БҒМ орыстілді оқушылар үшін ҰБТ кезінде бірқатар жеңілдіктер жасауды көздеп отырғанын да айтты.
“Біз осы жоба арқылы жастардың өзге елге кетуіне тосқауыл қойғымыз келеді. Сондықтан, Ұлттық бірыңғай тестілеудің тәртібіне өзгерістер енгізудеміз. Бұл ретте Ресейдің, АҚШ-тың тәжірибесіне сүйендік. Аталған жоба жемісін берсе, ҰБТ бір реттік науқан емес, түлектердің талап-тілегіне қарай өткізіледі”, – дейді Такир Балықбаев.
Қош, сонымен, ҰБТ мерізімінің өзгеруіне жастардың Ресейге жаппай оқуға кетуі негізгі себеп болып отыр екен. Әйтсе де, аталған министрліктің «оқимын» деген баланың «бетін қақпай, белін буудың орнына» неге тосқауыл болып отырғаны түсініксіз.
Үкіметтің өзгелерге тосқауыл қоймай, «келем» деген қандастарын солтүстік өңірлерге әкелуіне не кедергі? Бұл, әрине, ең біріншіден «Мәңгілік ел» боламыз деп отырған елдің болашағы үшін маңызды. Соңғы екі жылдың ішінде тарихи отанына оралған қандастарымыздың саны 10 есе төмендеп кетті. Бұл әрине алаңдатарлық дүние. Әйтсе де өткен жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы, қандастарымызға даңғыл жол ашады деп сенейік.
Серғазы АСЛАНБЕК