АДАМЗАТ ӨРКЕНИЕТІ МЕН МӘДЕНИЕТСІЗДІК АРАСЫНДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС
2016 ж. 14 қаңтар
4376
0
Бүгінгі әлемді алаңдатып отырған лаңкестік, терроризм тақырыбы ешкімді бей-жай қалтырмайтыны анық. Бірқатар елдерде лаңкестік салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегуде. Онымен күресуге барлық қуатты мемлекеттер білек сыбана кіріскенмен әзірге нақты нәтиже жоқтың қасы. Оған кейбір керітартпа идеология да ықпал етіп отыр. Лаңкестікті Ислам дінімен байланыстыру да көрініс беріп қояды. Бұл мүлдем қате түсінік, дін мен лаңкестіктің ара жігін ажырата алмайтын саутсыз саясаткерлердің сандырағы. Терроризммен күреспес бұрын осындай солақай саясаттың жолын кесуіміз қажет. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға осы маңызды тақырыпты қозғайтын, орнықты ойын білдірген Фетхуллаһ Гүленнің мақаласын ұсынып отырмыз.
ИШИМ сынды басқа да лаңкестік топтардың бүкіл әлемге көрсетіп отырған жабайы, мәдениетсіз қылықтары туралы сөз ету оңай емес. Бұл топтар өздерінің азғындаған және адасқан идеологияларымен дін атын жамылып, лаңкестік әрекет жасауы бір жарым миллиард мұсылман қауыммен бірге менің де жанымды жаралады. Осы себептен мұсылман ретінде басты міндетіміз — адамзатты лаңкестіктен құтқару үшін бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеу және дініміздің нұрлы келбетіне жағылған күйеден тазарту үшін қызмет ету.
Біршама сөз бен ым-ишаралар арқылы мұсылман екендігіңізді теориялық түрде жеткізуіңіз бек мүмкін. Алайда ниеттегі шынайылықтың амал жүзінде көрінетіні бесенеден белгілі. Шынайы иманның және адамгершіліктің белгісі ұран тастау не болмаса, түрлі-түсті киім-кишек киюде емес, барлық әлемдік дәстүрлі діндердің негізге алған адам өмірін сақтау және әрбір адамды құрметтеу сынды қағидаттарға мән беруде жатыр.
Сондықтан лаңкестердің әлемнің түкпір-түкпіріне жайып отырған тоталитарлық идеологиясынан бас тартып, оның орнына салиқалы, әртүрлілікті байлық деп санайтын сананы насихаттау — міндетіміз. Этникалық, ұлттық және діни сипатымыздан бұрын адамгершілік пен адамдық қасиеттер лайым биік тұрады. Әлгіндей жабайы әрі мәдениетсіз шабуылдардың кесірінен құрбан болатын да адамның асыл қасиеттері. Парижде құрбан болған Франция азаматтары, Бейрутта зардап шеккен ливандық шииттер, Иракта сол лаңкестердің қолынан өлген сунниттер — барлығы адам баласы емес пе? Зардап шеккен әрбір адамның діні мен ұлтына қарамай, тартқан азабын сезінбей және сол азапты тоқтату үшін қажетті жұмыстар жасамайынша мәдениет пен өркениеттің дамуы мүмкін емес.
Мұсылман ретінде өзіміздің шешілмей келе жатқан маңызды ішкі мәселелерімізге назар салып, өз-өзімізге есеп бергеніміз жөн. Есептесудің орнына біздерге ұсынып отырған әртүрлі қастандық теорияларына сенуден, тіпті сыйынудан баз кешуіміз керек. Ойланып көрейік: Ішімізде орныққан жасырын озбырлық күштер, физикалық зорлықтар, жастардың азғындалуы мен білім жүйесінің құлдырауы сынды себептердің нәтижесінде тоталитарлық санаға ие топтардың өздеріне адам қосып алып жинауына өзіміз жол ашып берген жоқпыз па? Адам құқығы мен бостандыққа, хақ пен әділдікке, салиқалы саясат пен бірлікке үндейтін сананы қалыптастыра алмағандығымыздан, бос жүріп құр қиялға берілген кісілердің, әсіресе жастардың қоғамнан күдер үзуіне және басқа да ізденістерге бет бұруына себепші болған жоқпыз ба?
Парижде орын алған соңғы қанды шабуыл, біздерге дінмен қатысы бар сияқты етіп көрсетілген лаңкестіктен күллі мұсылман қауымы бас тартып, айыптау керек екендігін тағы бір мәрте еске салды. Алайда лаңкестік белең алған осы бір күрделі кезеңде тек қана айыптау не лағынет айту жеткіліксіз. Мұсылман елдерінде лаңкестердің өз топтарына адам жинауына қарсы мемлекеттік органдар, діни көшбасшылар және үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп күресу керек. Лаңкестердің шығуына, пайда болуына жол ашатын барлық факторларды назарға алып, қоғамды тұтасынан қамтитын жобаларды жүзеге асыру қажет.
Қоғамның ішінде бос, жұмыссыз жүрген жастарды қауіпті оқиғаларға ұрынбай тұрғанда құтқарып алатын, отбасына кеңес беретін және басқа да қызметтер арқылы қолдау көрсететін негізгі іс-шараларды қолға алғанымыз жөн. Мемлекеттік органдар лаңкестікке қарсы күрес жүргізгенде зиялы қауым өкілдерімен, халықпен бірлесіп, қажетті ақпараттармен бөліскені абзал. Сондықтан да жастарға өз ой-пікірлерін демократиялық жолдармен ашық айта білуді үйретуге зәруміз. Мектеп бағдарламасына демократиялық құндылықтардың енуі болашақ ұрпақтың саналы түрде өсуіне ықпал ететіні сөзсіз.
Адамзат тарихында мұндай трагедиялық оқиғалардан кейін қоғамдық толқулардың болғаны рас. Мұсылманға қарсы, дінге қарсы ұран тастаудың пайдадан гөрі зияны көбірек болары анық. Батыс пен Шығысты жайлаған иісі мұсылман жұрт бейбіт және тыныш өмір сүргісі келеді. Жағдайдың қиындығына қарамастан, мұсылман жұртшылығы мемлекеттік органдармен етене тығыз байланыс құрып, діндар азаматтардың қоғамға сіңісіп кетуіне мүмкіндік беретін салиқалы саясаттың дамуына үлес қосу керек.
Осы себептен исламның өкілдері ретінде «Дінді қалай түсініп жүрміз, мұсылмандықты қалай орындап жүрміз?» деген сауалдарға жауап іздеп, уақыттың талабына қарап, өз-өзімізді қайтадан есепке тартуымыз қажет. Бұл — исламдық дәстүрден алыстау емес, керісінше болашақта жолығуымыз ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алып, кем-кетігімізді толықтырып, ұлы ұстаздар мен саңлақ сахабаларымыздың ұстанған Құран және Сүннет қағидатының рухына сәйкес өмір сүру.
Діни дереккөздердің контекстінен ажыратылып, басқа мақсат-мүддеге қызмет ететін талдауларын шеттетіп, жою керек. Ислам ойшылдары мен ғалымдары және зиялы қауым өкілдері діни деректерді тұтасынан сараптап, талдауға көпшілікті ынталандырғаны абзал. Өткен ғасырлардағы саяси және діни көзқарастардың шиеленіскен, кейінгі уақытта қақтығыстарға ұласқан сұрапыл кезеңдерде қабылданған шешімдер мен берілген үкімдерді қайтадан сарапқа салған ләзім. Өйткені негізгі құндылықтарға сену және кейбір сенімдерге ие болу догматизмге жатпайды. Мұсылмандарға бір кездерде Ренессанстық кезең жасатқан ой бостандығын діннің өзегінен ажырамай, қайтадан жандандыруға мүмкіндік бар. Зорлық пен зомбылыққа жүгінген радикализм мен терроризмге қарсы тек қана осындай жағдайда күресуге болады.
Соңғы қанды оқиғалардан кейін, өкінішке орай, кейбір жерлерде «өркениеттер қақтығысы» туралы қайтадан сөз қозғала бастады. Бұл теорияны алғашқы ұсынғандар сәуегейлікпен айтты ма екен, немесе қақтығыстардан құтылудың жолы болады деп үміттенді ме екен, онысын білмеймін. Алайда, «Өркениеттер арасында қақтығыс бар» десек, лаңкестік ұйымдарды рухтандыратын боламыз, яки жеген тамағына майлы жілік қосып беретіндей боламыз. Сондықтан мәселені анықтаған жөн: Шынтуайтында, бүгінгі келеңсіз оқиғалар өркениеттердің қақтығысын көрсетіп отырған жоқ. Бұл — адамзат өркениеті мен мәдениетсіздік арасындағы, варварлық әрекеттер арасындағы қақтығыс.
Мұсылман қауымы ретінде қиын жағдайларға душар болсақ та, біздің басты жауапкершілігіміз — күрмеуі күрделі мәселенің шешімін тауып, сол шешімнің бөлшегіне айналу. Иісі мұсылман жұрттың құқығы мен бостандығы қорғалып, сақталуына, сенім-нанымына қарамастан әлем жұртшылығының бейбіт өмір сүруіне үлес қосқымыз келсе, саяси, экономикалық, әлеуметтік және діни тұрғыдан терроризмге үңілуіміз шарт. Шамамыз келгенше, қоғамның ең үлгілі азаматтары ретінде жастарды тура жолға үндеп, діни дереккөздердің радикалды талдауларынан бас тартып, мұндай талдаулардың жастарға зиян тигізетіндігін үнемі есте сақтап және еске салып отырған абзал. Демократиялық құндылықтарды жастайынан, мектеп қабырғасынан үйретіп, лаңкестікке және лаңкестікке бастайтын тоталитарлық идеологияға қарсы күрес жүргізуіміз қажет.
Фетхуллаһ ГҮЛЕН
ойшыл
«Монд» газеті (Франция) 17.12.2015
Аударған: Нұргүл Жамбылқызы