Корейлерге келген кесапат қазақты да құрсауына алмас па екен?
2016 ж. 12 қаңтар
2862
0
Ел Тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін қабылданған алғашқы заңдардың бірі діни-сенім бостандығына арналды. Халық бұл заңды, әрине, қуана қабылдады.
Дегенмен, жылдар өте келе осы құжаттың шикі тұстарының көптігі байқалды. Өйткені, сол заң берген мүмкіндіктің арқасында елімізге әлемдегі дін атаулының бәрі ағыла бастады. Оның қайсысы нағыз дін, қайсысы секта екендігін айырып жату мүмкін болмады. Кім көрінген дін үйретеміз, халықты имандылыққа, жақсылыққа бағыттаймыз десе болды, есікті айқара ашып тастадық. Соның салдарынан ешқашан естіп көрмеген сұмдықтардың басы қылтиып шыға келді.
Сұмдық емей немене, қазақтардың арасынан басқа діннің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын шоқынушылар пайда болды. Әке-шешесі қолына Құран ұстаса, ұл-қыздары Інжілге ден қоятын ұрпақ көз алдымызда өсіп жатты. Бұған зиялы қауым алаңдаушылық танытқанымен, тосқауыл бола алма алмады. Өйткені, Ата Заңдағы ешкімнің діни сенім бостандығына шек қойылмайтындығы туралы бапты себеп қылып, «қай дінді ұстау өзінің еркі екендігін» алға тартты.
Әрине, «ұстаздары» осылай оқытып, саналарына сіңіріп тастаса, сенің «ау, қарағым, ата-бабаң әлімсақтан мұсылманмын» деп, ислам дінін ұстанған жоқ па?» дегеніңе кім «е, солай екен-ау» дей қойсын?! «Жарты миллионға жуық қазақ басқа діндердің жетегінде кетті» деген мәлімет ресми түрде айтылатындай жағдайға да жеттік. Алматының іргесінен сиырға табынатындардың ғибадатханасы бой көтергенін теледидар көрсетіп жатса, алғашқы кезде көшеге шықсаң алдыңнан кітаптарын тегін таратып жүретіндер кейін есігіңді тықылдатып мазаңды қашырды. Сөйтіп, басқа діндердің үгіт-насихаты белең алды және нәтижесіз де болмады. «Құдай – біреу, сондықтан, қай дінді ұстансақ та бәрібір емес пе?» деп өзіңе ақыл айтатын қаракөз бауырларымыздың қарасы күн санап арта түспесе, кеміген жоқ. Есесіне сол тұстары мешіттер тарапынан үгіт-насихатқа терең мән берілді деп айту қиын. «Сіздер неге ислам дінін түсіндіретін кітаптар таратпайсыздар?» деген сауалымызға «біз ешкімді дінге күштеп тартпаймыз. Дінге әркім өзінің жүрек қалауымен келуі керек» деген ыңғайдағы жауап еститінбіз. Егер жанды насихат болмаса, түсінік жұмыстары жүргізілмесе діни сауаты жоқ жамағат қай діннің хақ, қайсысының жалған екенін, тіпті, ұлтымызға жат екенін қайдан ажыратып алады? Өкінішке орай, еліміздегі Мұсылмандардың Діни басқармасы мен мешіттер тарапынан ислам дінінің үгіт-насихатына жеткілікті мән берілмеуі қазақтың өзге діндердің жетегінде кетуіне тікелей демесек те, жанама түрде болса да әсерін тигізді. Егер қораңа дұрыс қарамасаң ондағы қой-ешкіңді сырттан қызыққандардың қағып кетуі қиындық тудыра қоймайды ғой. Салыстырмалы түрде айтқанда бұл да сол сияқты жағдай емес пе?
Сонымен бірге, қазақтың діни иланымын бөлшектеуге басқа діндермен қатар көп ұзамай исламның өз ішіндегі әртүрлі ағымдар да атсалыса бастағанда ақ пен қараны ажырату, тіпті, қиындай түсті. Басқа дінге өткендерді тану, олардан іргені аулақ салу оңайырақ еді, ал ислам ағымдарын ажырату мүмкін болмады. Өйткені, қайсысын тыңдасаң да исламды уағыздайды, сол дінді дәріптеп жатады. Исматулла бастаған «зікіршілер» деп аталған топты тыңдап отырсаң, нағыз ислам жолы сол ма деп қаласың. Қожа Ахмет Иассауи, Абай, Шәкәрім және т.б. өзімізден шыққан ғұлама, даналардың сөздерін алға тартып, уағыз айтқанда «құлап» түсесің. Сол топтағы Саят есімді бауырымыз бірнеше жылдар бойы «Қазақстан» телеарнасынан арнайы діни хабар жүргізіп отырды. Тілі қандай, түсіндіруі қандай, қарап отырып риза болғаның соншалық, тыңдаған үстіне тыңдай бергің келетін. Бірақ, күндердің күнінде исматуллашылардың қазаққа жат ағымды насихаттап жүргені туралы сөздер шыға бастады, тіпті, олардың Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасымен арасындағы келіспеушіліктері ашық сипат алды. Бір қарағанда, бәрі дұрыс, бәрі оң көрінетін исматуллашылардың жастарды исламға ұрып-соғып тәрбиелеп жүргендері жөнінде теледидардан берілген дүркін-дүркін хабарларды көргеннен кейін оларға деген сенім кеміді. Қазір Исматулла да, Саят та қамауда. Бірақ, бір ғажабы, қазақтың бірқатар зиялы азаматтары осыларды қолдайтындықтарын, бұлардың басшыларын соттау әділетсіздік болғанын айтқаны бар. Осыдан бірер жыл бұрын еліміздің бұрынғы Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі Жезқазғанға келгенде ол кісіден «Халыққа кең танымал кейбір беделді азаматтардың қолдайтындығына қарағанда исматуллашылардың бағыты дұрыс болғаны ғой» деп сұрағанбыз. Сонда Әбекең: «Ол кісілер өз саласының шебері болғанымен, білікті діндар емес, сондықтан, дұрыс түсінбегендіктен де Исматулланы қолдап жүр» деген мағынада жауап қайтарды. Түсініп көр! Қатардағы көп қазақтың бірі емес, ұлтымыздың бірегейлері болып табылатын тұлғалардың өздері де ненің оң, ненің теріс екендігін бағамдай алмай жүрген болса, былайғы жұртшылыққа қандай кінә артуға болғандай?
Қазір зікіршілер басылып, есесіне салафилік немесе уахабиттік ағымды ұстанушылар дәуірлеп тұрған секілді. Былай қарағанда, бұл ағымның айтатын сөздері де құлаққа нанымды естіледі. «Таза ислам жолымен жүру керек» дегенге қарсы келуге бола ма? Бірақ, ұлттық салт-дәстүрлерді жоққа шығарып тастайтындары түсініксіз. Құдай барлық халықты неге тек бір ұлт етіп жаратып, неге бір ғана тілде сөйлетіп қоймады? Бұған Алла тағаланың күші , құдыреті жетпеді ме? Әрине, жетеді. Бірақ, Алла тағала адамзатты түрлі ұлттар мен ұлыстардан құрады. Демек, әрбір ұлттың өз бет-бейнесі болуы және оны сақтай білуі Алла тағаланың әмірі деп түсінгеніміз абзал.
Қазір елімізде 17 конфессия заңды түрде жұмыс істейді. Кейінгі жылдары мұны дін саласының тәртіпке келтірілгені екен деп ұқсақ, аты бар да, заты жоқ, тек мақтану екен. Иә, бұрын олардың саны бұдан әлдеқайда көп еді. Дегенмен, 17-нің өзін де аз деуге келе ме? Әрине, жоқ. Егер осылардың біреуі ғана ислам дінін ұстанушылар да, қалған он алтысының илейтіндері басқа терінің пұшпағы екенін ескерсек, өзге діндегілердің қаншамасы қазақты құшағына тарту үшін заңды түрде рұқсат алып отыр десеңізші! Сондықтан, қазіргі қолданыстағы заң да қазақты өзге діндегілердің экспанциясынан қорғауға толық қабілетті деуге келе қоймайды. Заңды тіркеуден өтпегендер де ешқайда кетіп қалмағаны анық, олар жасырын болса да өз жұмыстарын жалғастыра беретіндігіне еш күдігіңіз болмасын. Бір тәуірі, егер ондайлардың қызметі әшкере болып қалса, енді заңды түрде жауапқа тартуға болады.
Рас, елімізде діндер араздығы жоқ. Бірақ, қазақтың діни сенімінде селкеуліктер көбеюде. Қазақ қазақ болғалы ешқашан дінге бөлінушілік болмаған десек, қазір бұл қалыпты жағдайға айналды. Иса Мәсіхтің шіркеуін ашып алып, халықты үйіріп жатқан қазақтар жеткілікті. Кришнайт болып кеткен бауырлар да баршылық. Бүгін олардың саны біреу болса, ертең екеуге, одан арғы күні үшеуге жететіндігін шамалау үшін көп ақылдың қажеті жоқ. Алдымен әкесі барса, соңынан оның ұрпағы да сол топтан табылмай ма? Сөйте-сөйте қатарлары көбейіп, қарасы ұлғаяды. Сонда бір дінге ұйып отырған қазақ топ-топқа бөлініп шыға келмей ме? Ал, бұл кейін қандай зардаптарға соқтыруы мүмкін?
Әлемде корей дейтін халық бар. Олардың екі мемлекетке бөлінгені де талайдан мәлім. Кезінде Германия да екі мемлекет болатын. Бірақ, өткен ғасырдың 80-жылдары қос Германия бірігіп, біртұтас мемлекетке айналып шыға келді. Ал корейлер немістердің ізімен неге бір мемлекетке айнала алмай отыр? Бұған олардың социалистік және капиталистік лагерьлерге бөлінуі кедергі келтіріп отыр ма? Бұлай дейін десең, кезінде немістер де сондай екі лагерьге бөлінген болатын, бірақ, бұл олардың қайта қосылуларына еш кедергісін тигізген жоқ қой. Сонда корейлерге не кедергі?
Бұл ретте сарапшылар діни сенімнің әрқилы болуын алға тартады. Айталық, Солтүстік Корей мемлекетіндегілер будда дінін ұстанса, оңтүстіктегілер протестант дінін ұстанатын көрінеді. Бір халықтың, бір ұлттың қос дінді ұстануы қалай? Осыдан небәрі 30-40 жыл бұрын ғана будда дінін ұстанып келген оңтүстік корейлер қалай ғана протестант дініне көшіп кеткен? Бар кілтипан, насихат пен үгітте жатса керек. Алғашында ақырындап енген протестанттар ақыр аяғында өздерінің ұстанымдарын Оңтүстік Корей мемлекетінің басты дініне айналдыруға қол жеткізген. Демек, сана уланған, сөйтіп, корейлер өздерінің ежелгі ата-бабалары ұстанған дінінен бас тартып шыға келген. Қазір бұл елдегі корейлердің 90 пайыздан астамы протестанттар екен. Сенімдері сәйкес келмеген халықтың басы қайтіп бірігеді? Дінге тым еркіндік берудің қайда апарып соқтыратындығына бұдан артық қандай мысал керек? Бұл күллі қазақты ойландыруы тиіс. Қазақтың өзге діннің жетегінде кетіп қалған бір баласын кері қайтару ортақ мақсатқа айналғаны жөн. Ал, бізде нақты жағдай басқаша болып отырғаны өкінішті-ақ. Өзге дінге өтіп кеткен бауырларды ойлап бас ауыртпақ түгілі, исламның әртүрлі ағымдары қазақты өз жағына тартып әлек. Оның кейбірін жоғарыда айтып та өттік. Жағдайдың осылай қалыптасқаны басқа діндегілер үшін өте қолайлы. Өйткені, қазақ өзімен-өзі тартысып жатқанда олар ақырындап қана жұмыстарын жасап, қазақтың ұл-қыздарын өз жақтарына біртіндеп тарта беретін болады. Осы жағын мықтап ойлау керек сияқты. «Исламның ана жолы дұрыс, мына жолы дұрыс» деп тартысып жүргенде қазақтың басым бөлігі басқа діндердің шылауында кетіп қалса қайтеміз? Сондықтан, ата-бабамыздың жүрген жолынан айнымай, көрініп тұрған қатер кеулеп кетпей тұрғанда соның жолын кесуге бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған жөн болмас па? Бұл орайда Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы мен Бас мүфтидің маңына табылуға ұмтылғанымыз жөн секілді.
Олжас Сүлейменовтің «көсем болу оңай» деген сөзі бар. Екінің бірінің көсем болғысы келетіні және бар. Ал, азғантай қазаққа көп көсемнің керегі бар ма? Меніңше, керегі жоқ. Сол сияқты, бізге ислам дінінен жаңалық ашудың да қажеті шамалы. Өйткені, «әлімсақтан бері мұсылманмын» деп кеткен ата-бабаларымыздан қалған із бар, ғасырлар бойы салынған сол сүрлеудің адастырмайтына қалайша сенбейсің? Аталарымызды адастырмаған жол бүгінгілерді неге адастырып, шатастыруға тиісті? Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біздің тегіміз – түркі, дініміз – ислам» дейтін тамаша бір ұлағатты сөзі бар. Ендеше, тегімізге тән қасиеттерді сақтай отырып, дінімізді де дамыта білсек қана, бізді Алла тағала корейлерге келген кесапаттан сақтап қалатын болар? Әйтпесе...
Абдолла ДАСТАНОВ Сәтбаев қаласы
"Қазақ үні" газеті