АҚШАНЫ САТЫП АЛУ, САТУ БАҒАСЫН АЛШАҚТАТУ – ХАЛЫҚТЫ ҚАНАУ
2016 ж. 12 қаңтар
5643
10
Ақпаннан бастап валютаны сатып алу, сату айырмашылығы 6-7 теңге аралығында болады. Бұл туралы мәліметті Ұлттық банк өзінің ресми сайтында жариялады. Қаулыға сәйкес бұдан кейін енді АҚШ ақшасы 6 теңге, ал еуро 7 теңге алшақтықпен саудаланады.
Қазір шетелдік валютаның бағамы күн сайын құбылып тұр, сату мен сатып алу алшақтығы 1-2 теңге аралығында сақталып келеді. Тіпті, оның бағамын қаржы саудалаушылары тәулігіне бірнеше рет алмастыруға да мәжбүр болып жүр. Егер АҚШ ақшасын сату мен сатып алу арасындағы алшақтық артса, тақтадағы бағамдардың ұзақ сақталуына түрткі болар еді деп есептейді экономист Айдархан Құсайынов телеарналардың біріне берген сұхбатында. Оның ойынша бұл ақша айырбастау пункттері арасындағы бәсекелестікті арттырып, тұтынушыға оң әсер етпекші, қазақстандықтарды психологиялық тұрғыдан сабырға түсіретін көрінеді. Айдархан Құсайынов, экономист: – Меніңше, бұл – жағымды жаңалық. Ұлттық банк бұл шешімі арқылы бағаға үстемдік жүргізуден алшақтай түседі. Қолмақол ақша айналымын басқару айырбастау орындарына өтсе, бұл нарыққа жан бітер еді. Тиісінше айырбастау тіректерінің арасындағы бәсекелестік те күшейеді. Біреу шетел валютасын арзанға сатса, екіншісі оны сәл қымбатқа сататын болады. Маманның пікіріне назар аударып, құлақ түрген дұрыс та шығар. Бірақ, экономист Құсайыновпен келіспейтіндер жетіп артылады. Біздің редакцияға хабарласқан бірқатар оқырмандарымыз ол айтқандай бұл жаңалықты жағымды деп есептемейді. Ал валюта саудасындағы нарыққа жан бітірудің қажеті шамалы, қан қысымы онсыз да көтеріліп, шыр айналып, шарықтап тұр емес пе? Екіншіден, тақтадағы валюта бағамының ай бойы биік бағадан түспей тұрақталуы банк пен ақша саудалаушылардан басқа кімге тиімді? Сол бағамды мың құбылтып, арасында қаншама пайда тауып жатыр. Ашығын айтсақ, банк халықтың ғана емес, бағамның өзінің басын айналдырып жіберді. Тұтынушылар үшін бағам күніне мың рет ауыстырылса да оның арзан болғаны, доллар құнының құлдырағаны қолайлы. Үшіншіден, «Экономист ретінде бізде ашық, әділ бәсеке бар дегенге Құсайыновтың өзі шынымен сене ме екен? Бар болса оны қай жерден байқапты, өз қолымен ұстап көріп пе? – дейді экономиканың жілігін шағып, майын жұтпаса да, бұл саланың иісі мұрнына баратындар. Банктегі бәсеке біреу-ақ, ол – өз қалтасына молырақ пайда табу. Бұл әлемдегі барлық банктердің бұлжымас берік ұстанымы, пайда таппаса олар жұмыс істемес те еді. Жалпы банк атаулы халықтың мойнында отырған мекеме, жай ғана отырмай, пайызбен қанын сорады. Ақша айырбастаушылар қаржыны банктерден алған соң олар банкке басыбайлы, тікелей тәуелді. Сондықтан экономист айтқандай емес, банк үстемдігінен олар өлсе де құтыла алмайды. Рас, қағазда жазылған нарық заңына сенетін болсақ бәсекелестік бағаның түсуіне ықпал етуі керек-ті. Бірақ, біздегі тәжірибе оны көрсете алмай келеді. Мысалы, шетелдікті былай қойғанда, өзіміздің кәсіпкерлер өндірген тауарлардың бәсекенің арқасында арзандағанын көрдік пе? Жоқ. Бір көтерілген бағаның «Қой, бәсеке басталып кеткен екен ғой, нарық заңын сыйлайық» деп қайта төмен түскенін өңіміз түгіл түсімізде де көрмеппіз. Ал банк бәсекесі алдында айтқанымыздай тек қана «Көбірек пайда табу керек» дегенге ғана негізделген. Валютаны сату мен сатып алу алшақтығының артуы ешкімге психологиялық жағынан жеңілдік әкелмесі онсыз да белгілі. Әрбір доллар үшін бес-алты теңге артық төлеу кімді психологиялық жағынан демеп, көңіл күйін көтеріп қуанта қойсын. Шынын айтсақ, біздің халыққа енді психологтың көмегі шамалы. Долы доллардың даңғаза бағамына баяғыда еті өліп, жүйкесі жұмсарып кеткен қазақтың. Сондықтан ешқандай басу айтудың, жалған жорамалмен жұбатудың да, түрлі алдамшы болжамдармен жарылқаудың да керегі жоқ. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың дәп осы доллар үшін өліп кетпесіне кепілдік бере аламыз. Долларды мүлдем алып тастаса да қазағым қыңқ етпейді, теңгеміз аман болсын. Ал долларсыз тұра алмайтындарға шетелге шығатын есігіміз қашанда ашық. Өз өндірісімізді жөнге келтірсек, алдымен аса қажет тауарларды өзіміз өндірсек доллар деген дүлей мұхиттың ар жағындағы мәңгілік мекеніне өзі-ақ кететін болады. Жұртты банктің жымысқы саясатымен алдамай, оларға жұмыс істеуге мүмкіндік берсек халық ешкімге табынбай өз күнін өзі көретін еді. Керек болса сол банктегілерді тегін асырап береді. Біздің банктегі «білгірлерге» айтарымыз – халықты алдап, ақымақ қылудың қажеті жоқ...
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті