Адвокат Байжанов: "Саят Ибраев қылмыскер емес, оның түрмеде отырғанының өзі қылмыс!"
2016 ж. 12 қаңтар
11066
16
Ел тыныштығын қашырған уахабтардың тамыр жаюына қарсы болған Саят Ибраевқа кесілген сот үкімі қаншалықты әділ?
Мен соңғы уақытта дүние жүзінде болып жатқан лаңкестік әрекеттерге бей-жай қарай алмаймын, оның түбінде елімізге де келетінін ойлағанда балаларымның, немерелерімнің болашағы қатты ойландырады. Соңғы уақыттарда Қазақстанда жасалған терроризм, лаңкестік әрекеттерді ешқандай шет елдің азаматтары емес, өзіміздің елімізде туып өскен азаматтар жасады, оның дәлелі лаңкестік іспен сотталғандардың арасында ешқандай шетелдік азаматтар жоқ, олар 16-35 жас аралығындағы өзіміздің қаракөздеріміз. «Ел аман, жұрт тынышта оларды осы әрекетке итермелеген не?» деген орынды сұрақ туады. Сот үкімдеріне сүйенсек, терроризм, лаңкестік іспен тартылған азаматтардың басым бөлігі «уахабистік» діни ағым ұстанғаны анықталды. Уахабизм- он сегізінші ғасырда ағылшын барлау қызметінің әрекетімен дүниеге келген, саяси-діни қозғалыс, ол исламдағы әр түрлі радикалдық ағымдардың пайда болуына түрткі болған. Қазақстан Республикасының Жоғары Сот шешімімен 2006 жылы қазанда вахаббиттік ілімнен бастау алған келесі ұйымдар қауіпті деп табылып, ел аумағында олардың қызмет етуіне тыйым салынды. Олар: «Аль-Каида», «Шығыс Түркістандағы Ислам партиясы», «Күрд халықтық конгресі», «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Әсбад әль-Ансар», «Мұсылман бауырлар (Ихуан ал-муслимин)», «Талибан қозғалысы», «Бозқұрт», «Орталық Азия моджахедтер жамағаты», «Лашқари Таийба», «Әлеуметтік реформалар қоғамы». Кейін Астана қаласы сотының шешімімен «Хизбут Тахрир-аль Исламия», «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымдарының» да әрекетіне тиым салынды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 13 діни ұйымның әрекеті лаңкестік деп табылып, олардың Қазақстан территориясында қызмет жасауына тыйым салынды. Бұлардың қатарына "Ислам мемлекеті" деген жаңа топ қосылды. Менің мамандығым адвокат, әр түрлі лаңкестік жөніндегі қылмыстық істерге қорғаушы болып қатысып байқағаным, жоғарыда көрсетілген діни ұйымдардың атауы әр түрлі болғанымен, бәрінің идеясы бір. Ол – таза исламдық қоғам орнату, шариғат үкіміне үстемдік беру. Вахаббизмнің үйрететін ілімі, түп мақсаты да осы. Яғни «Хизбут Тахрир әл-Исламия» партиясы, не болмаса «Әл Каида» ұйымы болмасын, барлығы да вахаббиттік идеяларды басшылыққа алады. «Әл Каиданың» бұрынғы көсемі Усама бен Ладеннің салафиттік идеяны ұстанып, моджахедтердің арасында соғысқандығы, өзінің салафиттік идеясын одан әрі дамытып, оны басшылыққа алғаны ешкімге жасырын емес. Сол сияқты «Хизбут Тахрир әл Исламия» ұйымының және Ислам мемлекетінің жер жаһанда Ислам халифатын құру идеясын басшылыққа алуының түбінде де сол салафизм-уахабизм идеясы жатқаны анық. Мысал ретінде Түркиядағы «Қызыл қасқырлар», Бразилиядағы, Германиядағы коммунистік бригадалар немесе кезіндегі большевиктерді алатын болсақ, олар да әр түрлі аталғанымен идеясы марксизм болды. Бұл жерде де дәл сондай жағдай. Жоғарыда көрсетілген діни топтар мен партиялар әр түрлі аталғанымен, барлығының ұстанатын идеясының негізгі өзегінде салафизм- уахабизм идеясы өріліп жатыр. Сондықтан бүгінгі лаңкестік әрекеттерді жасап отырғандарды «тәкбірші», «джихадист» деп атап, салафизмнен бөлек діни ағым ретінде көрсету – өз ауруын жасырғандық деп білемін. Салафизм- вахаббизмнің қоғамға қауіптілігін ашық айтпайтын болсақ, лаңкестік әрекеттерге ешқашан тоқтау сала алмаймыз. Оның бірден-бір дәлелі ретінде тарихқа қарайтын болсақ, салафилік діни саяси ағымның негізін Араб түбегіндегі Недж өлкесінің Верс қаласының маңындағы Юайна елді мекенінде дүниеге келген Мұхаммед Ибн Абд ал- Уаххаб қалаған. Соның құрметіне, бұл ағымның атауы «уахабизм» деп те аталады. Уахабистік ілім араб әлемін 300 жылдан астам уақыт билеген Осман түрік Империясына қарсы арабтар наразылығын тудыру мақсатында құрылған. Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының пәтуәлар жинағында былай деп көрсетіледі: «Бірнеше араб тайпаларының қолдауын тапқан уахаббиттер XVIII ғасырдың 40- жылдарынан бастап, өзінің саяси күресін ауқымды жүргізе бастады. Араб елдерін біріктіру дегеннен шыққан бұл әрекет кейіннен Саудтың тууына, кейін осы династияның ресми идеологиясына айналды. XIX ғасырда бұл династия Араб түбегінің көп бөлігін басып алды. Уахаббиттер отаршылардың, яғни ағылшындардың қаруымен қаруланып Осман түріктерімен қатты қақтығысқа түсті. Сондықтан олар Османдықтар ұстанған Ханафилік мазхабты «кәпірлерлің мазхабы» деп жариялады. Мұхаммед Абдуль Уахаб өзіне дейінгі мұсылмандарды Құран мен сүннеттен ауытқып келген мұсылмандар деп санады. Джихадты қолға алған олар тариқат сопыларын мүшрік деп танып, дінсіздерге, зекет бермейтіндерге, намаз оқымайтындарға қарсы жихад жариялауға рұқсат берді. Салафилер, яғни уахаббилер дүниеауи мәдениетке, өнерге, музыкаға, театрға, көркем суретке наразылық білдіріп, оны кешірілмейтін күнәға санады. Идеологиясын іске асыру үшін мемлекетті құлататын содырлық әрекеттен де тайынбады. Осы мақсаттарына жету жолында дінді тек бетперде қылды». ҚМДБ-нің осы пәтуалар жинағында «уахаббилік қозғалыстың тарихта қалдырған көптеген қанды іздерінен мысалдар келтіруге болады» – деп, олардың жасаған қылмыстарын түгел әшкерелейді. Бір сөзбен айтсақ, салафизм-уахабизм түркі әлеміне, мәдениетіне қарсы құрылған діни ағым. Бұл ағыммен сусындаған елдегі қаба сақал діндар бауырлардың да ұлт дәстүріне, салт-санасына, дүниетанымына қарсы шығуының себебі де сол. БАҚ «Созақ синдромы» деп атаған Оңтүстік Қазақстан облысында болған ақсақалдар мен шоқша сақал уахабиттердің арасында болған қақтығыстар қазақ қоғамындағы ушыққан мәселелердің бірі. ҚМДБ-нің пәтуалар жинағында көрсетілгендей уахаббилік- салафилік ағым қан төгіске, жихадқа шариғат тұрғысынан рұқсат етеді және басымдылық береді. Қазақстандағы жастарды лаңкестікке итермелеген де осы ағым. Бұның дәлелі- Қазақстандағы соңғы кездегі болған лаңкестік оқиғалар. Қазақстанда діни экстремистік топтарға қатысты алғашқы сот үкімдерінің бірі Степногрск қалалық сотында 2007 жылы 28 ақпанда сотталушылар: Омаров Тұрған, Қазыбаев Асылтай, Төлеуов Айдос, Қазмағанбетов Тимур, Тасбеков Арнур, Қоспанов Серік, Ибраев Иманжүсіптерге қатысты шығарылды. Бұл азаматтарға ҚР Қылмыстық кодексінің әр түрлі баптарымен, соның ішінде террористік, ұйымдасқан қылмыстық топ құру, діни алауыздықты туғызу баптары бойынша қылмыстық істер қозғалып, үкім шығарылған. Үкім орыс тілінде. Өйткені, аталған азаматтардың барлығының ұлты қазақ болғанымен, орыс тілді азаматтар. Олар салафилік -уахабилік діни ағымдағы тиісті кітаптармен оқып танысып, сол ағымның жетегінде кеткендігі сонша, азан шақырып қойған есімдерін де өзгертіп алған. Мысалы Омаров Тұрған өзін Амир деп атаса, Қазыбаев Асылтай өзін Абд ал-Хафиз деп атаған. Тасбеков Арнұр өзін Абдуллаһ, Ахметов Аслан өзін Абдулхасит, Тілеуов Айдос өзін Абд ар-Рахман, Қоспанов Серік өзін Абд ас-Саид деп атаған. Бұлардың ең үлкені Омаров Тұрған 1970-ші жылы туылған. Қалғандары 1972, 1980, 1987, 1988 жылғы жас балалар. Бұл азаматтар 2005-2006 жылдары осы ұйымды құрғанда, Ресейдің Кавказынан әмірлер келіп, бұларды жихадқа баулып отырған. Сосын бұлар неше түрлі қарумен қаруланып, амманит дейтін жарылғыш шашкаларды жинап, содан неше түрлі жарылғыш заттар дайындаған. Қылмыстық іс кезінде бұлардың Бестөбе деген қыстақтың айналасында жарылыстар ұйымдастыруға қажетті жүзден астам жарылғыш заттарды дайындағаны анықталды. Мысалы, «Тассай» суының ыдысының ішіне радиатордың жылу плиталарының ұсақ бөліктерін салып жарылғыш заттар дайындаған. Бұларды не үшін дайындағандығы ұялы телефон арқылы сөйлескенде белгілі болған. Бестөбе қыстағында тығылып тұрған жарылғыш заттарды Нива автокөлігімен Степногорск және Астана қалаларына алып келуді жоспарлайды. Степногорск қаласының полицейлерін өлтіру мақсаты болған. Сосын Омаров Тұрған, яғни Амир тұрып айтады: "Иншаллах, если по воле Аллаха у нас хватит выдержки, поднимем жамагат. С шейхами познакомимся, если у нас сейчас выдержки хватит, если мы сейчас не выскочим. С нашими этими двумья хлопушками, Степногрский ДВД возмем, иншаллах. Если мы сейчас начнем, и возмем жамагатом Степногрский ДВД, успеем местных кафиров, и русских всех убить. Может быть оружейный магазин возмем, опять там штук десять автоматов возмем. Человек 5-6 внутри может быть, вы еще не опытные, может быть три нормальных спортивных человек подтянем из числа шахидов, потом уйдем в леса. Потом в Астану, Шымкент, если по воле Аллаха повезет". Сөздеріне қарасақ, олар жеңіске жетпейтінін біліп отыр және жеңіске жетпейтінінен қорқып отырған жоқ. Бұлар әрі қарай былай дейді: «Если мы в один день сможем все города взорвать, флаг поднять, все этих МВД-шников щелкнуть убить, КНБ-шников щелкнуть убить, старшаков, ихни генералов всех в плен взять, Назика (Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты айтып отыр) если можно также взять. Послов в плен взять, по телевизору если обьявят иншаллах, как начнется этот джихад, все бабки забрать, за это время успеть их вывести. Я не говорю, что все, в халифат пошел, халифата не будет, за это время надо успеть деньги и продукты питания вывести в леса и в горы. Потому что когда мы этих заложников держать будем, в 3-4 дня сюда валом американцы, россияне, англичане придут. Потому что Казахстан это не далеко, это не Чечня. Это середина Евразии, здесь интересы всех стран конкретно заключены. Такая политика здесь будет что сюда. Это не Афганистан, а отсюда американцы и не захотят уйти. Их отсюда только мертвые надо вытаскивать. Вот сейчас убирает из Афганистана, они там жить собираются». Айтқан әңгімелеріне қарап отырсаң, тек қана Қазақстанның көлеміндегі ғана емес, дүниежүзілік терроризмнің әңгімелері. Яғни, бұларды оқытқан кісілер дүниежүзілік терроризмнің алдына қойған мақсатын бұларға үйреткен. Яғни, Қазақстан Евразияның ортасында, бұл жерде соғыс ашсаң, Америка, Ресей келеді, солармен соғысамыз деген әңгімені жайдан-жай қозғап отырған жоқ. . Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты 2007 жылдың 27 желтоқсанында Хамзин Қаршыға, Жаңабев Қанат, Шайтиев Батыр, Маткалиев Батыр, Қожамкулов Нұрлан, Өткелбаев Ердан, Қасымов Алмасхан, Лебаев Талғат, Байкелиев Талғат, Камзин Арман, Мағалов Елубай, Мұсалиев Сәбит, Шакулов Самат, Вакулик Антон, Омарбеков Руслан, Шарипов Кустам, Ақкөлиев Жеңісхан, Есжанов Ерболат, Убайдуллаев Бахтияр, Бектібай Берік, Жүсіпов Руслан, Қарабаев Исламбек, Мажитов Фуркат, Байжунилов Арман, Үкібаев Алмас, Ибадуллаев Нұрболат деген азаматтарды ҚР ҚК-нің 235, 164, 337 баптармен, тағы да сол сияқты басқа да баптармен қылмыстық жауапкершілікке тартқан. Бұлардың барлығы Қазақстанда тиым салынған «Хизбут Тахрир әл-Исламия» партиясының мүшелері. Үкімде сотталып отырған азаматтардың осы ұйымға қалай кіргенін былай деп көрсетеледі: "2002 году на территории Республики Казахстан с целью распространения экстремистской идеи прибыли иностранные эмиссары международной организации Хизбут Тахрир ал Исламия, граждане Республики Узбекистан, Мама Садыков, Муминов, которые вместе совлеченными в преступной деятельности гражданами РК и пропагандировал идеи этой организации-уахабизм, вовлекая в его ряды все больше количество казахстанких граждан, создали преступные сообщества Хизбут Тахрир аль Исламия с сетью постоянного структурного подразделениями расположенного в городах Астана, Алматы, Қараганды, Павлодар, Шымкент, с единным руководством и стабильным составом». Үкімде әрі қарай сотталушылардың Қазақстан Республикасында ислам халифатын құруға әрекет жасағандарын көрсетеді. Бұлар да ислам халифатын құруға қарсы болған барлық мұсылмандарға қарсы жиһад ашуды айтады. . Осыған ұқсас енді бір іс 25 ақпан 2008 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының әл-Фараби аудандық сотында болады. Аудандық сот Юсупов Д.А., Мақұлбек М.Б., Сугиров Д.А., Сырлыбаев Н.К., Ботабеков Н.А., Нарбеков А.Н., Беймаханов Ө.К., Турмағанбетов М.Л., Нурсейтов Х.А., Мактабеков Е.Н., Ахметов Н.Б., Нурпейсов Б.С., Абушахманов Д.Е., Жақыпов Е.С. қылмыстық ісін қарап, олардың Қазақстанда «моджахеттер жамағаты», «ислам жиһады» террористік тобын құрғанын, «Аль-Каида» халықаралық террористік ұйыммен байланысқа түскенін, сөйтіп Қазақстан көлемінде Қылмыстық Кодекстің 233, 164, 274, 251, 252, 179, 233 және т.б. баптарымен аса ауыр қылмыстар жасағандары үшін үкім шығарады. Осы үкімде бұл азаматтар өздерін уаххабистер-салафистерміз деп атағаны және олардың басшылыққа алған идеологиясы салафизм екендігі толық дәлелденгені көрсетіледі. Сот ісінің 20-24 беттерінде: “Террористік актілерді жария түрде жасауға шақырып, Таяу Шығыс және Солтүстік Кавказдағы соғыс жағдайында отырған мұсылман елдеріне жәрдем беру, кәпірлерге соғыс, яғни джиһад жариялау парыз екенін, оларға жан-жақты көмек беру қажеттігі туралы үгіт насихаттар жүргізіп, оларды өз топтарына тартқан. Сотталушы Байтүгелов өзінің жоғарыда аталған қылмыстық ниеттерін жүзеге асыру үшін сотталушы Ахметовты және сотталушы Абдрахмановты террористік топтың содырлары ретінде, яғни құқық қорғау қызметкерлері және ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерін, яғни Қазақстанның әрбір бұрышында қылмыстық жауапкершілікке тартылған немесе ұйымдасқан қылмыстық топтардың қақтығыстарының нәтижесі ретінде уахабилік ағымдағы бірнеше мұсылманның тікелей өлуіне себепші болған кәпірлерді өлтіріп кек алу, террористік топ мүшелерінің террористік іс әрекеттерін қаржыландыру, мұң-мұқтаждықтарын қанағаттандыру мақсатында «амалият» деп аталатын ереже аясында, ақша мен қаржыны пайдакүнемдік тұрғыда қылмыс жасау арқылы табу, қарақшылық жасау немесе тонауға шақырған. Бұларды джиһад қажеттілігіне жұмсаса, кланның қағидалары ақталды деген сөз. Яғни қылмыс жасап тапқан ақшаны джиһадқа пайдаланса, ол «амалият» деп аталады. Осындай ұйымдасқан топ, тонау, қарақшылық жасау, пайдалану ниетінде болған”- деп көрсетіледі. Яғни сот процесі кезінде анықталған мән-жайға қарасақ, Степногорск қаласында сотталған уахабилер, Қарағандыда сотталған «Хизбут Тахрир ал- исламия» мүшелері, Шымкентте сотталған уахабилер, бәрінің алдына қойып отырған мақсаттары бір болған. Ол – Таяу Шығыстағы, Солтүстік Кавказдағы мұсылмандарға көмек беру, кәпірлерге соғыс ашу, джиһад жариялау. Уахабилік-салафилік іліммен сусындаған бұл лаңкестер, тонау, қарақшылық шабуыл жасау арқылы ақша жинап, қарулар сатып алған, лаңкестік әрекеттерге дайындалған. Соңғы сот үкімінің 35-ші бетін қарайтын болсақ: 2000-2004 жылдар аралағында «Ислам джиһадының одағы» террористік ұйымның нұсқаулары мен тапсырмаларын орындау мақсатында астыртын құрылған террористік топтың басшысы Байтүгелов, топ мүшесі Мақұлбеков және т.б. бірігіп террористік әрекеттерге қызу дайындық жасаған. Осы мақсатта қару-жарақ пен оқ дәрілерін жинап, жарылғыш заттар мен жарылу құралдарын қолдан жасап, сақтап, лаңкестік, қарақшылық мақсатта пайдаланған. Байтүгелов террористік тобының арасында сотталушы, белді мүшесі Юсупов болған. Ол террористік топ «Ислам джиһады одағының» басшысы Жалауовтың нұсқауымен 2005 жылы «Моджахедтер жамағаты» басшысы Баймұрзаев және оның белсенді мүшелері Жамбыл облыстық сотында ұзақ мерзімге сотты болған террористік топтардың белсенді мүшелерінен Өзбекстан Республикасындағы сыбайластарын ұстап бергені үшін кек алу мақсатымен және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында бірнеше террористік актілерін жасау мақсатында Қазақстанға арнайы келген. Юсуповтың ұйымдастыруымен болған террористік актілер салдарынан 1999-шы жылы Ташкент қаласында Өзбекстан президентінің өміріне қастандық жасалып, оның нәтижесінде 128 адам әр түрлі дене жарақатын алып, 16 адам қайтыс болған. Юсупов Шешенстанда террористік дайындықтан өткен, Тәжікстанның әскери қақтығысына қатысқан, белгілі террорист Жұма Намангани мен Тахир Юлдашовпен бірге жүрген, террористік актілерді жасауды жетік меңгерген. Бұдан Шымкент қаласындағы террористік топтың дүниежүзілік террористік топтармен тікелей байланыста болғанын көреміз. Юсупов «Ислам джиһадының одағы» террористік тобының басшысы Жалауовтың нұсқауымен жалған құжаттарды пайдаланып Қазақстанға 2006-шы жылдың қараша айында келген. Сосын Шымкент қаласындағы Байтүгеловтың террористік тобымен кездескен. Солар арқылы Алматы қаласындағы әкімшілікті, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетін және басқа да ғимараттарды жаруды жоспарлаған. Олар Шымкент қаласындағы қауіпсіздік комитетінің ғимаратын жару үшін бейнетаспаға түсіріп жүрген. Оны ғимараттың күзетшісі байқап қалған. Құқық қорғаушылардың дер кезінде әрекет етуінің арқасында жарылыс жүзеге аспай, оны ұйымдастырушылар құрықталды. Қылмыстық іс құжаттарымен дәлелденгендей, жарылыс ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкентке жұмыс сапарымен келуіне орай жоспарланған. Сот үкімдеріндегі мән-жайлардан уахабиттердің, әсіресе құқық қорғау қызметкерлеріне қастық ниетте болғанын көреміз. Оның себебі Байтүгелов сөзінен көрінеді. Ол сот үкімінің 95-бетінде былай дейді: «Моджахед дегеніміз - Израиль, Еуропа, Америка деген сияқты мемлекеттерге, исламды мойындамайтын кәпірлерге қарсы қару алып шығатындар. Сонымен қатар дінсіздерге, полициялар, ҰҚК-нің қызметкерлеріне өлердей қарсылар. Себебі олар ислам жауларына дем берушілер, оларды бірінші кезекте жою керек». Сот үкімнің 102-ші бетінде: «Мақұлбеков Мейрамбек, діни лақап аты Абдулғазиз, жоғарыда көрсетілген Әмір Халил деген азаматтың шәкірті, уахабилік ілімді белсенді таратушы болған. Дағуат жасаушы және жамағатқа жаңа адамдарды тартуды жоспарлы түрде іске асырған адам. Мақұлбеков араб тілін жақсы білген, джиһад туралы ілімдерді араб тілінде оқып, оны жамағат арасында үгіттеп жүрген. 2006-2007 жылдар аралығында Мақұлбеков Байтүгелов екеуі Атырауда уахабилік ілімді таратуға зор мүмкіндік бар деп, бір діни бірлестік ашқан. Оның жанынан құрылған мешітте Мақұлбеков имам болған. Осы жерде Атырау, Ақтөбеде уахабилік қалай таратылды деген сұраққа Мақұлбеков пен Байтүгеловтердің де үлесі зор болды деуге болады. Мақұлбеков имам болып мешітте қызмет атқарып жүріп, мешітке келуші мұсылмандар арасына іріткі салып, ұлт араздығын тудырып, джиһадқа шақыратын уахабилік ілімді белсенді таратып отырған. 2006 жылы жаз айында жергілікті адамдар Мақұлбековтың осындай әрекетіне наразылық білдірген соң ол Шымкентке қайтып келген. Сол жылдың желтоқсан және 2007 жылдың қаңтар айларында қажылыққа барып, Халилмен кездесіп, уахабилік ілімін артырып қайтқан. 2007 жылдың қыс айларында батыс облыстарда жүріп уахабилік ілімді таратқан. Соңында Атырауда таза ілімді таратамын деп жергілікті халықтың ашу-ызасына тиіп, оқ дәрімен ұсталып, қауіпсіздік қызметкерлерінен бой тасалап, Шымкентке қашып келіп Байтүгеловтың үйінде жасырынып жүрген. Мақұлбеков уахабилік ілімді өз еркімен қабылдаған. Осы ағымды жастар арасында өте белсенді таратқан. Мақұлбеков, Байтүгелов, тағы басқаларының бәрі алдыңғы сотталушылар сияқты өздерін ашық уахабиміз деп атаған» -деп көрсетеді. Сотта барлық лаңкестер өздерінің уахабиттер екендігін ашық мәлімдеген. Оның бір дәлелі: сот үкімінің 230-шы бетінде Шымкент қаласында әл-Биләл және Саяси Құрбандар мешіттерінің бас имамдары, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты куәлер Ахметов пен Гүлтураев жауаптарында сотталушы Байтүгеловтың ұстанғаны уахабизм діні екендігін көрсетеді. Сонымен қатар сот үкімнің 233-ші бетінде имамдар: «олар (уахабиттер) 4 төрт мазхабты да «бидғат» санайды. Шариғаттың бірін орындаса, бірін орындамайды, құран бағыштауды дұрыс емес дейді. Салафтар мәдени ошақтардың барлығын кешірілмейтін күнә санайды. Атап айтқанда, музыка, театр, көркем сурет. Сопылық тариқатты мүшрікке санайды, сақалдарын жөнсіз қоя беріп өсіреді. Тәспі қолдануға тиым салады. Мешіттерге садақа беруді дұрыс көрмейді. Жұма намаздың алдында айтылатын уағызды тыңдамайды, оның орнына нәпіл намаздарын оқиды. Намаздағы ерекшеліктері екі аяғын талтайтып, екі қолын кеудесіне қояды. Және әрбір сәждеге барған сайын екі қолын жоғары көтеріп тәкбір айтады...» - деп уахабилер белгілерін де көрсеткен. Демек, 2008-ші жылдың өзінде-ақ ҚМДБ имамдары және басқа да мұсылмандар уахабиттік ағымдағы діни топтардың қоғамға қауіпті екенін айтып ескерткен. Құқық қорғау органдарына сол кезде уахабтардың қай қалаларда жұмыс жасап жатқандығы, қаншалықты таралғандығы, олардың алдында қару-жарақ дүкендерін тонау, бүкіл Қазақстандағы уахабтарды көтеру, джихадқа жұмылдыру, құқық қорғау органдарына қастандық жасау сияқты лаңкестік пиғылдары мен мақсаттары белгілі болған. Мені ғана емес, жалпы көпшілікті таң қалдыратын жайт, Қазақстанда осындай лаңкестік істерге итермелейтін, үгіттейтін уахабизм- салафизм ағымына тиым салынбауы, тіпті оларға қарсы қазақ қоғамын, оның ішінде студент жастарды көтерген, олармен күресудің бірден бір жолын тапқан, яғни Абай ілімін уахаб-салафтарға қарсы қоя білген, белгілі ғалым, Гумболд сыйлығының иегері, абайтанушы Ибраев Саяттың уахабтарды иттер деген сөзі үшін 12 жылға сотталуы... 2010 жылы мен Исматулла Әбдіғаппар бастаған софылық ілім өкілдерінің сотына Ибраев Саяттың адвокаты ретінде қатыстым. Сот тергеуі барысында анықталғандай, ол істе елге, ұлтқа, саясатқа қарсы сотталушылар тарапынан айтылған сөз жоқ. Олардың әрекетінде бірде-бір үкіметке қарсы соғыс ашу, кәпірлерді қыру деген пиғыл болмаған. Тергеу тобы профессор Саят Ибраевтың студенттерге «уахабиттер, салафиттер және өзге де иттер қаптап кетті», солардан сақ болыңдар деген сөзін діни алауыздық туғызды, лаңкестік жасады деп саралады. Ел тыныштығын қашырған уахабтардың Қазақстанда терең тамыр жаюына қарсы болған Саят Ибраевқа кесілген сот үкімі қаншалықты әділ? Ол ешкімді ұрып-соққан жоқ, ешкімді заңсыз қамаған жоқ, ешбір «жәбірленуші» оны көрсеткен жоқ, ол тек абайтану «Сенім. Білім. Өмір» ұйымының Алматыдағы филиалын басқарды, Абай, Шәкәрімдей ғұламалар сөздерін жастарға үйретіп, салафизм-уахабизм ағымының қазақ салтына, діни дәстүріне жат екенін ғылыми жолмен дәлелдеді. Алматыдағы өзі қызмет жасайтын оқу ордасында «АДЖАБ» жастар интеллектуалдық клубына жетекшілік етіп, студент жастардың арасында уахабизмнің таралмауына көп күш жұмсады. Оның осы жұмысы уахабистерге, олардың билікте отырған жақтастарына ұнамады. Олар үшін ҰҚК-ден гөрі Ибраев Саят аса қауіпті болды. Арада бес жыл өтсе де, олар әлі күнге дейін оны кешірген жоқ, тар қапаста отырып, математика саласында ғылыми іспен шұғылданып отырған аяулы ғалымға еден сыпыртып, басынан ұрып, т.б. қорлықтар көрсетілуде. Кезінде оның уахабистерге қарсы жұмысын пайдаланып, тіпті шекара қорғаушы әскерилерге дейін апарып, уағызын тыңдатқан ҰҚК-ідегі басшылар әлдекімдерден қорқып, оған жеңілдік жасатуға күштері жетпеуде. Мен оның жазықсыз сотталып бара жатқанын айтып, бірнеше лауазымды адамға бардым. Бәрі ол кезде сол кездегі бұрынғы президент аппаратының басшысына сілтеді, сол кісінің тапсырмасы деді. Ал қазір кімнің бұйрығымен жазықсыз тар қапаста отыр, неге еліміздің ғалымдары, зиялы қауымы ол азаматты қорғап, оны тар қапастан шығаруды сұрамайды? Қазіргі кезде соңғы лаңкестік оқиғаларға байланысты салафизм-уахабизмнің қауіпті ағым екендігі елге, ел басшыларына белгілі болған жоқ па, олар неге осы ағымға қарсы шығамын деп, тар қапаста отырған қазақтың біртуар азаматын бостандыққа шығармайды? Мен 20 жылдық адвокаттық тәжірибеммен қолымды жүрегіме қойып тәңірдің алдында айта аламын, Ибраев Саят қылмыскер емес, ол сенім тұтқыны, оның түрмеде отырғанының өзі қылмыс. Мен дін маманы емеспін, заңгермін, сондықтан сопылардың не үшін кейбір мұсылман елінде қуғындалатынын түсінбеймін. Намаз оқып алланы мадақта, кеудеңді ұрып, басыңды жан -жаққа бұрып, не болмаса билеп алланы мадақта- бәрібір емес пе, әлде мен бірдеңені түсінбеймін бе? Жақында Сауд Араб әмірлігінің біздің елдегі «Асыл арна» телеканалына қаржылай көмек беруді сұраған хаты «Таң» газетінде жарияланды.Онда Қазақстанда сопылық басым, сондықтан ол елде осы телеарна міндетті түрде керек деп айтылған. Бұл сөз, Саудиттердің мемлекеттік діні салафизм екендігін ескерсек, сопылар уахабтардың бірден -бір жауы екендігін көрсетпей ме? Онда біз неге сопыларды түрмеге салып, уахабтарды талтаңдатып қоюымыз керек, керісінше, Яссауидің сопылық ілімін пайдаланып, салафтарға тежеу салмаймыз ба? Егер оларды осылай бетімен жіберсек, Мысыр еліндегі жағдай басымызға келмей ме, осыны неге ойланбаймыз? Исматулла ақсақалмен бірге сотталған сопылардың әрекеті мен жоғарыда көрсетілген уахабтардың әрекетін салыстырсақ, сопылардан лаңкестік пиғылдағы ешқандай әрекетті таппайсың. Керісінше, салафилік, уахабилік діни ағымы өкілдерінің елімізде қаулап бара жатқандығын айтып, тиым салуын талап еткен. Тергеу тобының бар тапқан айыбы сопылардың нашақорларды мәжбүрлеп емдеулері. Көршілес Ресейде осы қылмыс үшін азаматтарын екі-үш жылға шартты мерзімге соттады, ал бізде әлдекімнің тапсырмасымен байғұстарды 17 жылға дейін түрмеге салды. 70-тегі ақсақалдың қанша жыл ғұмыры қалды дейсің, түрмеде өлер. Ол кісінің наласы ма, тәңірдің жазасы ма, тергеу тобын құрып заңсыз тергеуді ұйымдастырған сол кездегі министрдің өзі сотталды, кешегі қызметкерлері ұрып қорлық көрсетті, сол кездегі президент аппарат басшысы ол да кетті жұмысынан дұшпандарына таба болып... Сол кездегі Жоғарғы сот төрағасы да жылы орнынан айрылды. Менің ойымша сол ақсақалды рақымшылық жасап, еліне - Меккеге жіберу керек, бала -шағасының қасында қалған ғұмырын сүрсін. Жалпы, Исматулла ақсақал сияқты дінге шынайы берілген, лаңкестік әрекеті жоқ тақуаларды түрмеге салу дұрыс емес. Марқұм Фариза ақын апамыз айтқандай, ол кісінің орны түрмеде емес- төрде. Қазақстан территориясында әрекет еткен он жылдың ішінде дәстүрлі далалық исламға негізделген сопылық ілімді насихаттап, жоғарыда аталған қантөгіске әкелетін уахабизм, салафизм деген сияқты лаңкестік ұйымдардың жымысқы әрекеттерінен сақтандырып, дүйім жұртты елге, қоғам игілігіне қызмет етуге шақырған, күні-түні Елбасымызға, елдің амандығына дұға қылып отыруды үйреткен Исматулла Әбдіғаппар мен оның шәкірттерін түрмеде ұстау дұрыс емес. Әсіресе, ғалым Ибраев Саят тез арада босатылуы керек деп есептеймін.Ш.БАЙЖАНОВ,
Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат.
qazaquni.kz