Алматы метросының бұрынғы басшысы 9 жылға сотталды
2015 ж. 24 желтоқсан
2364
0
Алматы метросының бұрынғы басшысы Мұрат Өкшебаев 9 жылға сотталды, ол жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Сонымен қатар, оған 5 жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынып, "Құрмет" орденінен айыру ұсынылды.
Ал оның бұрынғы орынбасары Ербол Қалдыбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды және оның мүлкі тәркіленіп, 3 жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынды. Тағы бір айыпталушы, "СредАзЭнергоСервис" ЖШС басшысы Константин Антипов та 8 жылға сотталып, мүлкі тәркіленетін болды, сонымен қатар, 3 жылға дейін коммерциялық ұйымдарда жұмыс істеу құқығынан айырылды. Үкімді Медеу аудандық соты шығарды.
Сот үкімімен шығынды үш айыпталушы бірігіп өтейді, жалпы көлемі - 2 миллиард 503 миллион теңге. Әрқайсысына 8 миллион 343 мың теңгеден келеді. Сонымен қатар, сараптамалар жүргізілгені үшін Өкшебаев пен Антипов 59 684 теңгеден төлейді, ал Қалдыбаев - 24 230 теңге. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Судья сот шешіміне шағым келтіруге болатынын түсіндірді.
Бұған дейін Өкшебаевқа "Сеніп тасырылған бөтен мүлікті иеленіп алды немесе ысырап етті" деген айыптың тағылғаны хабарланған болатын. Осыған дейін болған сот отырысында Қалдыбаев өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, айыпталушыларға процессуалдық келісім жасау ұсынылды, бірақ олар бас тартты. Айыптауға сәйкес, іс фигуранттары қылмыстық схема жасап, жалған кәсіпорын ашқан. Ол тендерлерге қатысуға тиіс болған. Осылайша, олардың компаниясы конкурстарда жеңіске жеткен. Шығынның көлемі миллиардтап саналды.
Айта кетейік, 2009 жылы Өкшебаев 120 миллион теңгені мақсатсыз жұмсағаны үшін әріптестерімен бірге үй қамауына алынған болатын. Алайда кейін Өкшебаев босатылып, жұмысына оралды. Соңғы кездері ол қала мәслихатының депутаты болып қызмет етті.
qazaquni.kz