9 желтоқсан аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі, халқымыздың біртуар ұлы Иманғали Тасмағамбетовтың туған күні.
Әдетте замана жүгін арқалаған тұлғалар мен келелі уақиғалардың бағасын уақыт береді деп жатамыз. Дұрыс та шығар! Өз басым ертеңнің еншісіне қалдырыла беретін осы «ұзын арқан, кең тұсаумен» онша келісе бермеймін. Бар жақсылық өз уақытында бағалануы, бар келеңсіздік дер кезінде сыналуы керек!
Құдайға тәубе! Міне, санаулы күндерден кейін Ұлы Еліміздің тәуелсіздігінің 25-жылдығы басталады.
Осынау жаңа мемлекетті құру, бүгінгі күнге жеткізуге жетекшілік еткен – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев және оның қасында жүрген, бұл күндер алды сексеннен асып, тоқсанға таяған, соңы алпысқа жақындаған бір топ серіктері. Біз оларды АҒА БУЫН деп атаймыз. Үш ғасырлық бодандықтан құтылып, бұрынғы мемлекеттілігіңді қалпына келтіру оңай емес. Көріп жүрміз, сол ағалар бүгінде төккен ащы тері мен тартқан жапасының жемісін, игілігін көруде. Мемлекеттің үлкен марапаттары мен халықтың ыстық ықыласына, құрметіне бөленуде.
Сөз жоқ, Көшбасшы – Нұрсұлтан Назарбаев! Еліміздің осынау заңғар биіктерді бағындыру жолындағы бар жетістікті сол Нұрекеңнің айналасында жауапты қызметтер атқарған бұл топтың еңбегінен ешқашан бөле қаруға болмайды. Ал, кеткен кемшіліктерге де осы буын бірге жауап беруге міндетті.
Ұлтын сүю – Ұлылық атаулының ұлысы! Тәуелсіз Қазақстан тарихында оның ерен үлгісін бірінші болып бізге Нұрекең – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көрсетті! Қазақстан Тәуелсіздігінің 15-күні тізгін-шылбырын қолына енді ғана ұстап үлгерген Қазақстан Үкіметіне бірден тапсырма беріп, «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдатты! Сосын «Атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деп ақ батасын берді.
Содан бергі жылдарда қай үкімет басының кезінде қалай болды, Ұлы Көштің ширек ғасырға созылған жетістігі мен жетерсіздігі көз алдымызда тұр.
Көші-қон – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тұңғыш һәм Ұлы саясаты! Бүгінгі Мәңгілік Ел ұлттық идеясының ерте қаланған мызғымас іргетасы! Ешкімнің ешқашан қарқынын баяулатуға, жолын бөгеуге және тоқтатуға хақысы жоқ!
Сондықтан да Ұлы Дала Елінің тарихында билік тізгінін ұстаған тұлғалардың әділ бағасын беретін бірден-бір өлшем – Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы Көші-қон саясаты!
Елбасымыздың осынау Ұлы бастамасының бағасын жете білген, астарын терең түсінген басшының бірегейі – Имаш ағамыз. Тәуелсіздік жылдарының шешіресін парақтап отырсаңыз, бүгінге дейін алыс-жақын шетелдерден Атажұртқа оралған бір миллион қандасымыздың ең қомақты бөлігінің келуі осы Иманғали Нұрғалиұлы Үкімет тізгінін ұстаған 2002 жылдан басталады екен. Нақтылап айтсақ, 2002-2006 жылдар аралығында 384 мың 106 адам келіп үлгіріпті! Орта есеппен, әр жылына 76 мың 821.2 адаман оралып отырған. Айына 6400 адамнан...
Бұл Қазақ көшінің бір АЛТЫН ДӘУІРІ болып есте қалды, тарих бетіне жазылды!
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 9 шілдедегі №748 «Оралмандарға жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдерін беру ережесін бекіту туралы» Қаулысы Иманғали Тасмамағмбетовтың Премьер-Министр болып тұрған тұсында қабылданыпты.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 20 тамыздағы №928 «Қазақтардың II Дүниежүзілік құрылтайын дайындау және өткізу туралы» Қаулыда да Имаш ағаның алтын қаламының ізі сайрап жатыр.
Естеріңізде болсын, айналайын Нұрекемнің "Тағдырымыз солай болып, аннан қашқандарды, мұннан қашқандарды Европадан да, Азиядан да тың жерді көтереміз деп, қазақтың санын азайтамыз деп, көп ұлтты болдық. Оны кемшілік деп санамау керек. Артықшылығымыз деп санау керек! Сондықтан біз әр ұлттың халқын бауырымызға басып үйренген халықпыз, ал енді шетелден көшіп келеміз деген өз қазақтарымызды бауырымызға баса алмаймыз ба сонда?! Мен ойлаймын, сегіз жарым миллион қазақ Қазақстанда. Меніңше, қазір тоғыз миллионға жақындады. Себебі, осы жылдардың ішінде жарты миллион қазақ көшіп келді. Сегіз миллионды орташа үш жарымға, төртке бөлгенде, қанша жанұя болады?! Екі миллионға жақын біздің жанұямыз бар. Төрт миллионға жақын жанұя екі қазақтан шақырып әкеп, аяғынан тұрғызып жіберсе, сонша қиыншылық болмас деп ойлаймын соларға. Бұл біздің елдігіміз болып саналар еді. Дүние жүзіне біз осындай мағлұмат, мәлімет, тәжірибе берер едік!» - деп ағынан жарылатыны осы Құрылтай!
Ұлт Көшбасшы «Көшіп келетін қандастарымызға 2003 жылы 5000, 2004 жылы 10 000, 2005 жылы 20 000 отбасылық квота бөлеміз!» деген сөзі де осы салтанатты жиналыста айтылды һәм солай болды да...
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 қарашадағы №1188 «Кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде адамдардың жекелеген санаттары үшін қабылдау квотасын белгілеу туралы» қаулыда да Иманғали Нұрғали ұлының жомарт қолы тұр. Ол Қаулыда Кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беретін білім ұйымдарына оқуға түсу кезінде бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысынан«Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға – 2 пайыз квота берілсін»делінген.
Қараңызшы, Құжаттағы «ұлты қазақ» деген деген екі-ақ сөз ет жүрегіңді елжіретіп жіберетін нағыз елдіктің белгісі емес пе!? Осы жеңілдіктің қызығын қандастарымыздың ұл-қыздары күні бүгінге дейін көріп келеді. Биыл 1190 білім гранты бөлінді. Ал, нәтижесіне келсек, нәтиже керемет! Міне, Қытайдан оралған, Имаш ағасының Қаулысына сай 2002-2006 жылдары Алматыдағы Азаматтық авиация академиясында білім алған Ерболат Құлатайұлы деген бауырымыз биыл 8 мамырда Астанада өткен әскери парадта тікұшақтың құлағында ойнады. Ерболат бұл күндері ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар көмитеті авиациясының сапында ұшып өткен «МИ-26» тікұшақтарының бірінде командир Талғат Тәжікбаевтен кейінгі екінші ұшқыш қызметін атқарады.
Азаматтық авиация академиясынан Қытайдан келіп, білім алған жалғыз Ерболат Құлатайұлы ғана емес.Тілеубек Бекмырзаұлы, Нұрғалым Боранбайұлы есімді тағы екі бауырымыздың бар екенін мақтанышпен айта кеткеніміз жөн.
Қысқасы, кеше ғана шетелден «оралман» болып оралған бауырлары Иманғали ағасының артқан үмітін ақтап, бүгін шетінен өзіне қолғанат болып жатыр. Өте қуанарлық жағдай!
Иә, Имекең Қаулылары – шетінен «Болмасын» емес, тек «Болсын!» деген ақжолтай қаулылар! Біздің Имаш ағамызды құрметтеуіміздің бір қыры осы!
Еліміз қарыштап дамып, дамыған елу елдің қатарына қосылған бүгінгідей бақытты күнде сол көштің осыншама тоқырауға ұшырауын немен түсіндіруге болды?! Ертіс өзеніндей жөңкіліп жатқан сол көштің аяғы тоқтап қалудың аз-ақ алдына жетті-ау! Кісі айтудың өзінен ұялады, 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында 3012 оралман бауырымыз оралыпты. Тоғыз айлық көрсеткіш Имекең Үкіметбасы кезіндегінің бір айының жартысындай ғана! Кемеңгер Көшбасшымыз сергек қимылдап, Көші-қон заңын қайта қалпына келтіртпегенде, не болар едік деші!??
Әттең, Көш Тасмағамбетов үкіметті басқарған кездегі қарқынымен ағыла бергенде, қазірге дейін, кемінде, тағы бір миллион қандасымыз Атажұртына қоныстанып үлгіретін еді. Сол қазақтың әрбірі 10 тұяқтан мал өсірсе, есептей беріңіз, Ұлы Даламызда қанша бас мыңғырып жатар еді!
Алматы мен Астанада әкім боп тұрғанда қаланың ел көп жүретін көрнекті жерлеріне жал-құйрыған желге таратқан кілең бір қазанаттардың бейнесін топ-тобымен орнатып тастаушы еді ғой, сол – бекерден - бекер емеееес. Имекең – нағыз тұлпар текті тұлға!
Дана қазақ халқында сол сәйгүліктерді сынауға арналған «Аламан», «Аламан бәйге» деген қасиетті ұғым бар. Ұлы дүбір тойлар мен мәртебелі кісілердің астарында бапталған жүйріктерді кемінде үш күншілік алыс жерге айдатып, қара үзіп озып келген дүлділдерді көмбеден тосатын жосын барын ел жақсы біледі. Осынау алыс шабыс барысында тұлпарлар қазақ даласының небір бел-белестерінен асып, қапталы мен қатпары көп қайқаңдарын артқа тастап, мидай жазық сар жазықтатарда желмен жарысып зымырайтыны болушы еді ғой. Нұрсұлтан Әбішұлы Иманғали інісін өмірбойы сондай бір кілең аламандарға қосумен келеді. Ең бір қиын-қыстау жағдайларда, бетбұрыс кезеңдерде қиынның қиынына жұмсайды. Сенім артады. Сынау үшін емес, әрине! Мемлекеттің тағдыры, елдің көркейіп, гүлденуі үшін!! Ұлтының алыс болашағы үшін !!!
Бір Қазақ көші ғана емес, Имекең өзіне жүктелген қызметтің бір де біреуінде қамшы салдырған емес. Барған жерін жайнатып, құлпыртып отырды. Тағы бір ғана саласын емес, бүкіл бұлың-бұшпағын, ой-шұңқырын – құрлысын, жолын, өнерін, мәдениетін, паркін, тіпті керек болса, автобусы мен таксиіне дейін...
Ел іші естіп жатқан болар, Қорғаныс министрі болып тағайындалып еді, оның әскери-тарихи музейін жасап үлгірді. Әскери саланың «түп-тұқиянынан өзіне дейінгі» бүкіл тарихын құнды жәдігерлермен көмкеріп тастады. Әне, аталған Музей Астана төрінде келушілерге есігін айқара ашып тұр.
Қорыта келгенде, Елбасына серік болсаң, Имекеңдей серік бол! Елге қызмет етсең, Имекеңше қызмет ет!! Ұлтыңа жаның ашыса, Имекең құсап ашысын!!!
Иә, Имекең жайлы айтатын әңгіме көп. Әзірге айтарымыз осы. Туған күніңіз құтты болсын! Аман болыңыз, ардақты аға!!!
Ауыт Мұқибек
Abai kz
09.12.2015
Астана
ТҰЛПАР ТЕКТІ ТҰЛҒА
2015 ж. 10 желтоқсан
5655
8