ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫ: Академик Т. Шарманов дұрыс тамақтану жөнінде айтып берді
2015 ж. 04 желтоқсан
3969
1
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Елбасы таяуда өзінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» аты жаңа Жолдауын жариялады. Онда Мемлекет басшысы әлемдік дағдарыс жағдайында Қазақстанда қолға алынатын жаңа іс-әрекеттер туралы айтты. Оларды жүзеге асыруда халықтың тұрмысы мен денсаулығының мықты болу керектігін баса атап көрсетті. «Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады», - деді Елбасы. Осыған байланысты халқымыздың тұрмысын жақсартып, денсаулығын нығайту жолында тағы қандай шараларды жүзеге асыру керек? Саламатты өмір салтын ұстануда дұрыс тамақтана білу қаншалықты маңызды? «ҚазАқпарат» тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына Қазақ тағамтану академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов жауап берген еді. - Бүгінде тренажер залына барып жаттығу, дұрыс тамақтану қалыпты үрдіске айналып келеді. Осы орайда денсаулықты нығайту үшін тағы қандай шараларды жүзеге асырған дұрыс? - Ұзақ өмір сүруге және денсаулықты нығайтуға өмір бойы ұмтылу керек. Өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін, оның денсаулығын, анасының құрсағында жатқан кезден бастап қамқорлыққа алу керек. Қазіргі таңда, майлы тамақты аз пайдаланып, көкөніс пен бидайдың төменгі сұрыптарын пайдаланған маңызды. Яғни, талшықты өнімдер пайдалы деген сөз. Жоғарғы сұрыпты ұннан жасалған нанды, қантты өте аз пайдалану қажет. Адамдар «майлы тамақ семіздікке әкеп соғады», - деп санайды. Жоқ, тек олар ғана емес. Қанттың көмірсулары мен құрамында қанты бар сұйықтықтарды аз пайдалану керек. Мысалы, кока-кола, пепси-кола, фаст-фуд, хот-догтар өте қауіпті. Қуырылған тамақтар жүрек-қан тамырлары ауруына, тіпті қатерлі ісік дертіне әкеп соқтырады. Қазір адамдар холестерині бар тамақтарды жеуден қорқады. Негізі олардың өздері қауіпті емес. Оларды қауіпті ететін транс-майлы қышқылдар. Бұл қышқылдар сиырдың сүтінде болады. Сондықтан, күніне кем дегенде 400 грамм көкөніс пен жеміс-жидектерді пайдалану қажет. Ал бізде бұл көрсеткіш әзірге жан басына шаққанда 150-200 грамнан аспайды. Бұл аз. Негізі тамақта майлардың мөлшері 25-30 пайыз, ақуыздар - 11-13 пайыз, көмірсулар 55 пайызды құрауы керек. Тағы бір маңызды жәйттің бірі, ол - қимыл-қозғалыс. Негізі көп жүріп-тұру керек. - Биологиялық белсенді қоспалар жөнінде пікіріңіз қандай? - Ұзақ жылдар бойы техногендік үдерістердің салдарынан азық-түліктің құрамында дәрумендер мен микроэлементтер азайды. Сондықтан бұл белсенді қоспалар мен дәрумендерді пайдалану өте қажет. Дегенмен, оларды қабылдаудың алдында дәрігермен кеңесіп алған жөн. - Базарларда гендік модификацияланған жемістер көбейіп жатыр. Бұл туралы да пікіріңізді білгіміз келеді. - Бұл туралы көп әңгіме айтылып жүр. Мұндай өнімдердің өмірімізге мықтап енгендігін мойындау керек. Бір сөзбен айтқанда мұндай өнімдер адам ағзасына кері әсер ете алмайды. - Төрегелді Шарманұлы, өзіңіз қалай тамақтанасыз? - Мен бұл жағынан қатал ережені сақтаймын. Таңертең міндетті түрде дене шынықтыру жаттығуларын жасаймын. Жүремін. Қыста тренажерлік залда жаттығамын. Кейін душ қабылдаймын. Бірінші жылы сумен, кейін мұздай сумен шайынамын. Таңертеңгілік асқа - бір қызанақ, бір қияр, бір болгар бұрышы немесе алма және кілегей қосылған шай. Ал нан, май, шұжық дегендерді жемеймін. Түсте тауық еті немесе жылқы еті салынып әзірленген сорпа ішемін. Қойдың етін татып алмаймын. Жалпы, қызыл етті көп жемеймін. Дегенмен, жылқының еті өте пайдалы. Биенің сүтін зарарсыздандыруға, яғни стерильдеуге және қайнатуға әсте болмайды. Себебі сапасын жоғалтады. Бұл өте нәзік сүт. Оның ақуызы ана сүтінің ақуызымен бірдей. Ал сиырдың сүтін қайнатпасаң, тазартпасаң тез бұзылады, ал қайнатсаң пайдалы қасиеттерін жоғалтады. Сондықтан мен сиырдың сүтін ішпеймін, одан жасалған ірімшікті жемеймін. - Биыл биенің сүтінен жасалған жаңа өнімді жұртшылыққа таныстырдыңыз. Қазір осы бағытта қандай шараларды жүзеге асырып жатырсыз? - Иә, біз биенің сүті негізінде жаңа өнім жасап шығардық. Бұл -торттар, балмұздақ, шоколад, тәтті тоқаштар және йогурт. Бұл өнімдерде қант, транс-майлы қышқылдар атымен жоқ. Қазір біз бұл өнімдерді кең көлемде шығару үшін қажетті жабдықтарды сатып алып жатырмыз. Ал әзірге Төле би, 127 мекен-жайында біздің дәмхана бар. Сонда тұтынушыларға аталған өнімдерді ұсынамыз. Олар дән риза. Болашақта бұл өнімдерді экспортқа да шығаруды көздеп отырмыз. Бұл жерде әсіресе шоколадтың бағасы қымбаттау. Бірақ сапасы керемет, ал балмұздақтың дәмі ерекше. - Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл мерекесі жақындап келеді. Мерекелік дастархан қандай болуы керек? - Өте құнарлы және майлы тамақтардан бас тартқан жөн. Мереке өтеді де кетеді. Ал майлы тамақты көп жегеннен денсаулық сыр беруі мүмкін. Ұйқы безінің осыншама тамақты қорытуға шамасы жетпейді. Дегенмен, ферменті бар таблеткалар алып қойыңыздар. Салаттарды, балықтан және құс етінен жасалған тағамдарды көбірек жасаған абзал. Және әрине бауырды ойлау керек, яғни ішімдіктен мүлдем бас тарту керек. - Отандық денсаулық сақтау саласының дамуы қандай дәрежеде? - Отандық денсаулық сақтау саласының болашағы бар. Мемлекет бұл жүйеге көп қаржы бөліп жатыр. Бірақ әзірге тиімділігі аса жоғары емес. Ана мен бала өлім-жітімі жоғары деңгейде. Жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша әлемде алдыңғы орындардың біріндеміз. Дейтұрғанмен, медициналық-санитарлық көмек көрсету саласына көп көңіл бөліне бастады. Қазір қоғамдық денсаулық сақтау маңызды роль атқарады. Сондай-ақ аурулардың алдын алуға күш жұмсалып жатыр. Өйткені ауруды емдегеннен оның алдын алу анағұрлым тиімді әрі арзан. Бұл жерде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қажырлы еңбек етіп жатыр. Қазіргі министр дәрігер болмаса да бұл саланың мәселелерін, әлеуметтік дамудың маңыздылығын өте жақсы түсінеді. - Әңгімеңізге рахмет. Автор: Жаппарберген Айбота ҚазАқпарат |