Мемлекет басшысы жаңа жылдың бас шыршасын жақты
2015 ж. 02 желтоқсан
2726
1
Кеше, 1 желтоқсанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бас шыршасының шамын жағу салтанатына қатысты. Биыл ұзындығы 25 метр шырша «Хан Шатыр» ойын сауық орталығының алдындағы мұз қалашығының аумағына орналастырылған.
Астанада бас шыршаның шырағын жағу салтанатына қатыса отырып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды келе жатқан Жаңа 2016 жылмен құттықтады.
“Барлықтарыңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Бүгін Астанада еліміздің бас шыршасының шамын жақтық. Тура бір айдан кейін жаңа жыл босағамыздан аттайды. Бір ай бойы барлығымыз армандап, жаңа жылға жаңа мақсаттар жоспарлаймыз. 2016 жылы барша қазақстандықтардың армандары орындалсын деп тілеймін”, – деді елорда тұрғындары мен қала қонақтарын құттықтаған Мемлекет басшысы.
Мерекелік шоуға 2300-ден астам мектеп оқушысы, сондай-ақ қаланың белгілі шығармашылық ұжымдары қатысты. Бойшаң қуыршақтар, барабанды шоу, аққалалар оркестрі және, әрине, Аяз ата мен Ақшақар баршаны алдағы мерекелермен құттықтады.
Бүгінгі салтанатты іс-шара еліміздегі өтетін барлық мерекелік іс-шараларға бастау берді. Бас шырша жағылған соң іле-шала Астананың әр түпкірінде тағы да қырық шыршаның, сондай-ақ Қазақстанның барлық қалаларында шыршалардың шамдары жағылды. Елорда тұрғындары мен қала қонақтарына қысқы кезеңде мәдени-көріністік іс-шараларға мол бағдарлама әзірленген. Әр демалыс күндері мұз қалашықтарда концерттер, спортық жарыстар, мәнерлеп сырғанаудан шеберлік сыныптары, флэш-мобтар, жәрмеңкелерді және т.б. қамтитын қызықты әрі алуан түрлі бағдарлама ұсынылады.
Елбасының жаңа жылдық шыршаны өзі жаққанын қалай түсінеміз? Тәуелсіздік күні өтпей жаңа жылға дайындықты бастамау керектігін Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі басқаратын "Нұр Отан" партиясы жақсы бастама етіп көтеріп, ол халықтан қолдау алды емес пе? Әлде, бұл Мемлекет басшысының әр қадамын жоспарлап отыратын қызметшілерінің олқылығы ма? Олай деуге де негіз бар, әрине. Бірақ, Елбасы қайда барып, қайда бармауын өзі шешеді деп ойлаймыз. Кеңестік кезеңнен бері қазақтың салтына сіңіп кеткен жаңа жылды тойлауға ешкім қарсы емес. Дегенмен, бабалардың қанымен жеткен бағасыз Тәуелсіздігімізді де аялай білейік. Тәуелсіздік күнін өткізіп барып, жаңа жылға дайындықты бастауға болады.