БІРТЕКТІЛІК ПЕН БІРЛІКТІ ТУ ЕТКЕН
2015 ж. 27 қараша
2809
0
Таяуда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» атты ІІ халықаралық медиа-форумы өтті. Қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту мен дамытуға бағытталған форумға ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың ресми тұлғалары, республикалық пен өңірлік БАҚ және этно- мәдени бірлестіктердің өкілдері, Қытай, БАӘ, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Латвиядан келген сарапшылар, масс- медиа саласындағы отандық сарапшылар, Қазақстанда тіркелген шетелдік журналистер қатысты. Бұл халықаралық форумның қатысушылары қатарына Маңғыстау өлкесінен келген мен де іліктім.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттау мақсатында жасалған форум өте жоғары деңгейде өтті. Форум Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастырған шараларынан сыр шертетін ерекше суреттер мен этно-мәдени бірлестіктердің шығарған газеттері қойылған «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» атты фото-көрмеден бастау алды. Қатысушылар ерекше әсерге бөленіп, көрме арқылы ҚХА-ның берекелі белестерімен, ілкімді істерімен, жүйелі жұмыстарымен танысты.
Тағылымды шарада «Журналист – медиатор: мүмкіндіктер мен перспективалар», «Блог саласы мен әлеуметтік желілердің қоғамдағы бейбітшілік мәдениетінің қалыптасуына әсері», «Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға блогерлік сала мен әлеуметтік желілердің әсері» сынды панельдік сессиялар болды. Оның ішінде маған «Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға блогерлік сала мен әлеуметтік желілердің әсері» атты панельдік сессия ерекше ұнады. Оған «Синьхуа» ақпараттық агенттігінің Қазақстандағы өкілдігінің шеф-тілшісі Чжоу Лян, Беларусь елінен келген саясаттанушы, Интеграция орталығының директоры Юрий Шевцов мен «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Ғазиз Телебаев қатысты. «Мен Қазақстанда 3 жылдан бері тұрамын. Менің таңғалғаным мұнда 100-ден аса ұлт тұрады. Бірақ олардың барлығы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Әлемнің көптеген мемлекетінде болып, түрлі халықтарды көрдім. Алайда, қазақ сияқты мейірімді, қонақжай ұлтты көрмедім. Қазір қаншама елде ауызбіршілік жоқ, татулық жоқ. Қазақстанда ондай қиыншылықтар болмайды деп ойлаймын», -деді «Синьхуа» ақпараттық агенттігінің Қазақстандағы өкілдігінің шеф-тілшісі Чжоу Лян.
Форум барысында отандық сарапшылар мен шетелдік мамандар түрлі шеберлік сабағын өткізді. Оның ішінде мен әзірбайжандық «Cultura Plus» телеарнасының бас редакторы, журналист-саясаттанушы, ТМД елдері сарап-
шылар лигасының мүшесі Тофиг Аббасовтың «Блоггинг – контентті ілгерілетудегі заманауи тренд» атты шеберлік сабағын ерекше дер едім. Себебі, журналист-саясаттанушы қоғамға интернеттің пайдасы мен зиянын айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Қатысушылардың көкейіндегі сауалдарына толыққанды жауап берді. Форумда сондай-ақ «ҚХА 20 жыл: Бір ел -бір тағдыр» жинағының таныстырылымы өтті.
Форум соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының этножурналистика саласында өткізілген «Шаңырақ» шығармашылық конкурсының қорытындысы салтанатты түрде жарияланды. Онда ҚХА жайлы қалам тербеген журналистер арнайы дипломдар және сыйақылармен марапатталды.
Айман ОҢҒАРБАЙҚЫЗЫ,
МОӘА «Қоғамдық келісім» КММ ақпараттық-ресурстық бөлімінің басшысы.
qazaquni.kz