Жұмыссыздыққа тосқауыл қоюдан кім алда келеді?

thumb_940x545_9441053ac23d67e7995556021f39f1b5 Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдердегі жұмыссыздық деңгейі 2015 жылдың 10 айында 6,7 пайызды құрады. Мұндай ақпаратты 2015 жылдың 11 қарашасында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) өзі таратты. Бұл ұйымдағы ең жоғарғы көрсеткіш Испаниянікі – 21,6 пайыз. Қыркүйек айында сондай-ақ, АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі – 5,1 пайыз, Жапонияда – 3,4 пайыз болған. Ресми ақпаратқа сүйенер болсақ, Қазақстанда 2015 жылдың үшінші тоқсанындағы жұмыссыздық деңгейі бар-жоғы 4,9 пайызды құрады. Ағымдағы жылдың мамыр айында ТМД-ның мемлекетаралық статистикалық комитеті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында ең төменгі жұмыссыздық көрсеткіші Қазақстанда тіркелгенін хабарлады. Мәселен, Қазақстанда жұмыссыз жүрген 56,1 мың адам болса, Қырғызстанда – 59,3 мың, Арменияда – 73 мың, Ресейде – 1,2 млн. адам бар екен. Ағымдағы жылдың 23 қарашасындағы Үкіметтегі селекторлық отырыста Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев елімізде «Нұрлы жол» бағдарламасының инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыру шеңберінде 200 мыңға жуық жұмыс орындары ашылатынын хабарлады. Министрдің айтуынша, қазіргі кезде аталған бағдарлама аясында 100 мыңға жуық адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген. Демек біздің Үкімет шетелдердегідей жағдай қалыптаспауы үшін, жүйелі және уақытылы іс-шараларды іске асыруда. Сонымен қатар, жаңа экономикалық ахуалға орай халыққа жұмыс табуға көмектесуге ерекше назар аударылып отыр. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жұмысшыларды жұмыстан босатуға және жалақы көлемін қысқартуға жол бермеу үшін әкімдіктер, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасында меморандумдар жасау жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. Құзыретті министрлік бұған дейін қол қойылған меморандумдардың сақталуына тұрақты түрде бақылау жасауда. «2015 жылдың басынан бері елімізде 72 540 меморандум жасалды. Бұл 2,2 млн-нан астам жұмысшылардың еңбек ету құқығын қорғайды. Және меморандумдар ірі кәсіпорындардың 79 пайызын, шағын және орта кәсіпорындардың 45 пайызын қамтиды. Сондай-ақ, еңбекақыны дер кезінде төлеу мәселесі де ерекше бақылануда»,- деді Т. Дүйсенова. Ол еліміздегі барлық аймақтарда халыққа жұмысқа орналасуға көмек көрсетуге бағытталған кешенді іс-шаралар атқарылып жатқанын айтты. Бүгінге дейін мұндай шараларға 370 мыңнан астам жұмыссыздар және өз еркімен еңбек етушілер тартылған. Бұл жерде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының да рөлі айрықша. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі хабарлағандай, биыл барлығы 346 мың адам жаңадан жұмыс орындарын тапқан. Соның ішінде, 185 мыңы (53,7 пайызы) тұрақты және 160 мыңы уақытша жұмыс орындарымен (әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар) қамтылған. Тамара Дүйсенова сондай-ақ еңбек нарығындағы ахуалдың қиындау мүмкіндігін ескере отырып, министрлік жұмыс орындарын ашу мен сақтауға бағытталған қосымша іс-шараларды дайындағанын хабарлады. Оның айтуынша, жұмыс орындарын сақтап қалу үшін өнеркәсіптік кәсіпорындардағы білікті жұмысшыларды қолдау бойынша Германия мен Канаданың озық тәжірибесін пайдалану ұсынылып отыр. «Бұл елдерде еңбек нарығындағы ахуал шиеленіскен жағдайда жұмысшыларды қысқартпай, оның орнына жұмыс уақытының қысқартылған тәртібіне көшу ұсынылған. Мемлекет мұндайда білікті жұмысшының жоғалтқан жалақысына жәрдемақша төлейді. Еліміздегі ірі кәсіпорындарда осы тәжірибені енгізуді ұсынып отырмыз» деді министр.

Әмірлан Әлімжан

qazaquni.kz