ДӘРІ – ШЫМКЕНТТІКІ, БАҒАСЫ ШЕТЕЛДІКІ
2015 ж. 16 қараша
3295
1
Соңғы кезде доллардың бағамы өсуіне байланысты көптеген халық тұтынатын тауарлар да қымбаттап кетті. Әсіресе, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қымбаттауы қарапайым тұрғындарды тұйыққа тіреді.
Енді дертіне дауа іздегендер дәріхананың табалдырығын аттауға жүрексінетін болды. Өйткені кеше ғана қолжетімді дәрі-дәрмектердің бүгінгі бағасы адам шошырлық. Ал дәріге мұқтаж адамдардың басым бөлігі зейнеткерлер мен айықпас дертке тап болған жандар. Дәрісіз олардың күні қараң. Оның үстіне шетелдік компаниялар өз өнімдерін тағы да қымбаттатамыз деп ескертіп жатқан көрінеді. Мұны естіген сау адамдардың да жүрегі сыр бере бастады. Тіпті, ең жиі қолданылатын қарапайым ғана өзіміздің тұмауға қарсы дәрілер де 2-3 есеге қымбаттаған. Бұрын 800 теңге тұратын «Дюфалак» дәрісі қазір 2200 теңгеге сатылуда. Дәрі ғана емес, медициналық құрал-жабдықтардың да бағасы көтерілген. Сыныққа айтар сылтау да жеткілікті. Біресе дәрінің қорабы шетелдік десе, біресе доллар қымбаттады дейді дәріхана қызметкерлері. Сонда дәрінің өзінен сыртындағы қорабы қымбат болғаны ма? Әлде дәрінің өзін шығара білгенде оның қорабын жасау қолымыздан келмей қалды ма? Үкімет осы саланы қашан бақылауға алады?
– Бұл қымбатшылықтың салдары дәрінің жетіспеушілігіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Күні кеше ғана Литва, Финляндия және Франциядан дәрі бағасын өсіру туралы ресми хат алдық. Оған қоса, ғимаратты жалға берушілер де құнды өсіреміз деп жағадан алып жатыр, - дейді дәріханалар желісінің құрылтайшысы Қайрат Әубәкіров.
Иә, доллар мен дәрі-дәрмек баға жағынан жарысқа түсті деуге болады. Ал қалтасы жұқа қарапайым тұрғындар енді оның шаңына да ілесе алмайды. Сырқатын саябырсытып, жанын сақтап келген дәрілерден қол үзсе қиналып өлуден басқа жол жоқ сияқты оларға. Бір кездерде еліне еңбегі сіңген қариялар осындай күнде қаламыз деп ойлады ма екен?..
Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті