ЖОЛДАН ШЫҒЫП КЕТКЕН "ЖОЛ ЖҮРУ ЕРЕЖЕСІ"
2015 ж. 04 қараша
2977
3
ҚР ПАРЛАМЕНТІНІҢ НАЗАРЫНА
ЖОЛДАН ШЫҒЫП КЕТКЕН "ЖОЛ ЖҮРУ ЕРЕЖЕСІ"
БІЗДЕГІ ЗАҢДАР НЕГЕ ЖИІ ДАУ ТУДЫРАДЫ?
Жол полициясына ереже бұзған көліктерді соғып тоқтатуға заңмен рұқсат берілді деген хабар таратты КТК телеарнасы. Бұл «жаңалықтан» соң жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер де жанын шүберекке түйіп, көшеге шығу үшін алдымен Құдайына сан қайтара сыйынатын жағдайға жетті.
Полицейлердің арнайы құралдар мен күш қолдануы туралы заңды қайта қарау барысында, жаңа ережелер қосылған көрінеді. Оған сәйкес, тәртіп сақшысы талапты орындамаған көліктерді соғып тоқтатуға құқылы. Онсыз да құзіреті аз емес, бекітілген арнайы заңсыз-ақ жол бойында ойларына келгенінше ойқастайтын полицейлер 10-шы қарашадан бастап көңіліне жақпағандарды күшпен тоқтатуға рұқсат алып отыр. Бір сөзбен айтқанда, жол бойындағы шенділердің көктен тілегені жерден табылды. Олардың тең құқығын кең құқық етіп жарылқаған өзіміздің халық қалаулылары.
Біздегі «Жол жүру ережесінің» жолы болмай-ақ қойды. Қанша түзетулер енгізілсе де артық қыламыз деп тыртық қылып келеміз. Әріге бармай, балаларға арналған орындықтардан соң бұл ереже әлі де есін жия алар емес. Мәжіліс десе «Жол жүру ережесі» түсінен шошып оянады. Бұл өзгертудің не себепті қабылданғанына қайран қалуға болады. Біріншіден, бір көлікті соғамын деп қасындағы кетіп бара жатқан жазықсыз жүргізушілерді жарақаттауы әбден мүмкін. Екіншіден, көше болған соң жаяу жүргіншілердің де бастарына қатер төнеді. Соққан көлік соққыдан жаяужолға шығып кетсе жетіп жатыр. Үшіншіден, көліктерді соққан соң полиция көлігі де жарамсыз күйге түседі. Оны жөндеу үшін полицейлер тағы да бюджет қоржынына қол сұғатын болады. Ал айыптыдан бүгінгі күні ақша өндіріп алу үшін бірнеше жыл керек. Төртіншіден, қылмыскердің ғана емес, біздің даңқты полиция қызметкерлерінің де өміріне қатер туындайды. Осы төрт себептің өзі бұл өзгертуге қарсы тұруға нақты негіз емес пе? Олай болса «Депутаттар бұл ережені неге қабылдап жіберді?» деген сұрақ қоюға жүргізуші ғана емес, кез келген адам құқылы.
Жол ережесіне қатысты көптің көкейінде жүрген сұрақтар жетерлік. Мысалы, жол-патруль қызметкерлері адам құқығын бұзып, айыппұлдық «жоспар» орындау үшін неге жасырын бейнежазбалар жасайды? Олардың басты міндеті айыппұл салу емес, жол қауіпсіздігін болдырмау еді ғой. Неге көлік терезелерін көлеңкелеуді (тонирование) толығымен алып тастау туралы ұсыныс жасамайды. Неге олар ережені бұзған көлікті көше бойлап қуады? Бір ғана көрініс, өткен жылы Алматы қаласындағы «Көкқайнар» ықшамауданында бірінші қыркүйек күні полицейлер бір көлікті ауыл көшелерімен жарты сағаттан аса қуалады. Қансонарда қасқырдың ізіне түскен аңшыдай қиқулағыш құрылғыларын қосып алып ауылды азан-қазан еткен шенділер Білім күнінің берекесін кетірді. Абырой болғанда көше толы оқушылар «қанды қансонардан» аман қалды. Ал, алдарынан абайсызда адам шыға келсе қиқулағандар қалай тоқтап үлгереді? Қылмыскерді ұстаудың басқа да жолдары жетерлік қой. Қазіргі техника дамыған заманда, байланыс құралдары қолында тұрғанда сол да сөз болып па? Әрі-беріден соң, ереже бұзушы шетел асып кетпейді ғой. Бейнежазғыштарын осы жерде неге қолданданбайды? Енді міне онсыз да түлкі көрген тазыдай еліріп алатындарға көлікті соғып тоқтатуға рұқсат беріп, өзіміз ерікті түрде тұрғындардың басын қатерге тігіп отырмыз. Халық қалаулыларының көңіліне келмесін, депутаттар туралы ел арасында неше түрлі әңгімелер болып жатады. Естіген құлақта жазық жоқ демекші, соның бірін өздеріңізге айта кетелік. Жаңағыдай жарымжан заң жобаларын қабылдағаны үшін депутаттар биліктен белгілі бір жылу, сый-сияпат көреді дейді біреулер. Әрине, біз бұған сенуден аулақпыз. Ондай ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмейді. Үкілеген үмітімізді өзіміз үзетіндей не көрініпті? Дегенмен, осындай өсек-аяң болмас үшін заң жобаларын қабылдар алдында төрт қырынан тегіс қарап, халыққа қолайлы жағын қарастырғандарыңыз абзал. Сонда жұрттың «Депуттарымыз үнемі қалғып отырады», «Заңдарды көзін жұмып қабылдайды» деген сияқты қаңқу сөздерден құлағымыз тыныш болады.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz