Дағдарыстан қалай шығуға болады?
2015 ж. 25 қазан
3384
0
[caption id="attachment_41717" align="aligncenter" width="448"] image description[/caption]
Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Теңгенің қауқары және халықтың әлеуметтік жағдайы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Партия филиалының төрағасы Анарбек Орман девальвацияға байланысты облыс көлемінде болып жатқан нарықтық, әлеуметтік өзгерістер, халықтың тұрмыстық жағдайы туралы өз ойын ортаға салды. «Ұлттық валюта еркін айналысқа шықты. Мұны солай деп атағанмен, іс жүзінде – девальвация басталды. Тәуелсіз, егеменді ел болып құрылғалы, біздің елімізде девальвация 4 рет болыпты (алғаш 1994 жылы доллар 10 есе көтерілген кез, 1999 жылы доллар құны 84-тен 138 теңгеге бірден көтерілді, 2009 жылы доллар құны 120 теңгеден 150-ге дейін қымбаттаған болатын, 2014 жылы – «қара ақпан» деп халық ат қойған кез – доллар 185-187-ге дейін қымбаттаған еді), қазіргісі бесінші рет болып отыр. Ал, әрбір девальвация шығынсыз өтпейтіні бәрімізге аян. Долларға қатысты теңгенің 40 есе арзандағанын көріп отырмыз» - деді Анарбек Орман. Девальвация мен оның кері әсері жөнінде түрлі пікірлер, сан түрлі болжамдар мен ұсыныстар аз айтылмады бұл отырыста.
Дамыған елдердегі тәжірибе бойынша, мемлекеттік ішкі жалпы өнімнің 60% - ын шағын және орта бизнес өкілдері құрайды. Ал, бізде ол көрсеткіш - 20%-дың төңірегінде. Барлық кінәрат осында жатқан сияқты. Халыққа қажетті тауарлар өзімізде өндірілмей, қазіргідей импортқа тәуелді болып отырған жағдайда теңгенің тұрақтауы қиын соғып тұр.
А.Орман девальвация жағдайында тығырықтан шығар жол туралы «Ақ жол» партиясы атынан өз ойы мен ұсынысын алға тартты.
Біріншіден, ең маңызды міндет жаппай жұмыссыздыққа жол бермеу керек, жұмыс орындарынан босатуды тоқтату керек. Бұл дегеніміз – кәсіпкерлерге қолдау көрсету, оның ішінде экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлерді қолдап, бар мүмкіндікті жасау қажет. Ол үшін, бірінші кезекте қор жинау мәселесін шешуге тура келеді (бұл ретте басты резерв ретінде «Ақ жол» партиясы – квазимемлекеттік секторды есептеп отыр, себебі олардың сатып алуы мемлекеттік сатып алудан 5 есе көп болып, жылына 7-8 триллион долларды құрап отыр).
Екіншіден, салықтық ынталандыруды іске асыру. Қазіргі қолданыстағы қосымша құн салығы экономикалық теңгерімді қамтамасыз ете алып отырған жоқ. Ал, бүгінгі таңда қазыналық органдар ұсынып отырған сатудың әрбір кезеңінен сатылық әдіспен 5% салық төлету туралы пікірі мүлдем қате, ақжолдықтар бұған қарсымыз. Себебі мұндай жағдайда, өнім шығарып сатқаннан көрі дайын өнімді шет елден алып келу, дайын тауарды сату әлдеқайда пайдалы болып шығады да, ол өз кезегінде отандық өнім шығарудың тоқырауына әкеп соғады. Шетелден алып келген тауарға салынатын салық 10% болатын болса, отандық өнімге – 15-20% салық салынып, қазақстандық өндірушілерге салықтық қысым күшейтіледі.
Үшіншіден, инвестициялық климатты жақсарту керек. Инвестиция туралы көп айтылып, жазылып жүрген жағымды хабарларға қарамастан, шын мәнінде Қазақстанға келген инвесторлар құжаттарды рәсімдеу үшін сансыз әкімшілік құрылымдардың кеңселері арасында жүгіруден шаршап, соңында кәсібін ашпастан еліне қайтып кететін жағдайлар да жиі кездеседі. Сондықтан, еліміздің экономикасын аталмыш «жанашырлардан» құтқару керек. Мұндай құрылымдарды жеке қолға беріп немесе мүлде жою керек. Ал одан босаған қаржыны жеке секторларға бюджеттік несие ретінде қазіргі кездегідей 15-20 пайызбен емес, 3-5%-пайызбен берген дұрыс деп есептейміз.
«Барлық уақытта да экономикалық, саяси, әлеуметтік жағдайдың нашарлауына әкеп соғатын қатерлі дерт – сыбайластық, жемқорлық. Еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі де ішкі өнімнің аз болуына және теңгенің тұрақсыздануына кері ықпалын тигізіп отырғаны анық. Сондықтан, осы дерттің алдын алып, әркім өзінің айналасын таза ұстап отырса, нарықтық қиыншылықтардан да дұрыс жол тауып шығуға, жағдайды түзеуге болады» деген қорытындыға келді дөңгелек үстелге қатысушылар.
«Ақ жол» ҚДП ОҚОФ
"Қазақ үні" газеті