"Ұлт жоспары" - ұлттық дамудың бас реформасы
2015 ж. 25 қазан
3240
22
Президент Н.Ә.Назарбаев бұл жоспарды «Ұлт жоспары» деп атап «100 қадам» – бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз», - деді. Алдағы 10-15 жылда орындалатын «нөмірі бірінші» тапсырма деп баса айтты. Сондай-ақ, жоғары білім аясындағы жаңа мүмкіндіктер мен оның болашағын осы реформалар контексінде жүзеге асыру бағыттарын айқындады.
Реформаның 78-қадамында (Академиялық және басқарушылық автономияның Назарбаев университеті тәжірибесі есебінен сатылы кеңеюі. Коммерциялық емес ұйымдарға халықаралық практикаға сәйкес жеке университеттердің трансформациясы) көрсетілген жоспарлар А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде басты назарға алынып отыр. Қазақстан және Түркия Республикаларының Үкіметімен бекітілген университеттің Үкіметаралық Өкілетті Кеңесі жұмыс жасайды. Үкіметаралық Өкілетті Кеңес университеттің Өкіміне сәйкес 10 мүшеден тұрады. Қазақстан Республикасы тарапынан 5 мүше, Түркия Республикасы тарапынан 5 мүше сайланады.
Ахмет Яссауи университетінде сондай-ақ, Академиялық басқарушылық автономияны кеңейту мақсатында түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырылып келеді. Білім беру бағдарламалары халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, 2015-2016 оқу жылында білім алмасудың халықаралық бағдарламалары бойынша университетіміздің 400 студенті Еуропа, Түркия және ТМД елдерінде 1 семестрге білім алу үшін жіберілуде. Сондай-ақ, алыс шетелдердегі Жоғары оқу орындарынан 100 алдыңғы қатардағы визитинг-профессорлардың шақыртылуы жоспарланған.
Сонымен қатар, университетте ғылымының әлеуетін арттыруға, ғалымдарды ынталандыру жұмыстары да ерекше қолдау табуда және осы бағытқа 400 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Ал келесі жылы сол қаржыны 450 миллионға жеткізу межесі белгіленді.
Ахмет Яссауи университетінің ұжымы Елбасымыздың сарабдал саясатын әрдайым қолдап, білім және ғылым саласындағы реформаларын іске асыру бағытында белсене қызмет етуде. Осы орайда қазан айының басында Анталияда өткен университеттің Өкілетті Кеңесі отырысында Н.Ә.Назарбаевтың «Қалыптасқан жағдай өзара экономикалық ықпалдастықты жандандыру қажеттігін көрсетіп отыр. Ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейту де аса маңызды. Түркі әлемінің білім кеңістігін қалыптастыруды жеделдету үшін Түркістандағы Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін түркі әлемінің ортақ оқу орнына айналдырған жөн» деп айтқан сөзін қолдау мақсатында тиісті іс-шаралар жоспары айқындалып, Түркия тарапынан түркі елдері мен қауымдастықтарына берілетін грант саны 200-ден 400-ге артты.
Талжан РАИМБЕРДИЕВ, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-нің вице-президенті, профессор