ҚАСИЕТТІ ЖЕРІМІЗДІҢ ҚАДІРІН ҚАШАН ТҮСІНЕР ЕКЕНБІЗ?
2015 ж. 19 қазан
3468
5
Cенатор Қуаныш Айтаханов қана жерді жекеменшікке сатуға қарсы шықты
Тіршілігіміздің тірегі - туған жеріміздің тарихы тереңде жатыр. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қанын төгіп қорғаған, ұрпақтарын өсіріп, тер төккен қасиетті жер бұл. Ұлы даланы жайлап, келер ұрпақтарына аманат еткен сол қасиетті жердің бүгінгі «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманымыздағы тағдырын тым жеңіл деп айту қиын... Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аукцион арқылы сатуды қарастыратын тағы да бір тың өзгертулерді Сенат депутаттары бірауыздан мақұлдап жіберді. Жер кодексінің жаңа нұсқасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев телімдерді сатып алуда жеңілдік қарастырылғанын жар сала жеткізді. Жерді жалға алған адам оны сатып алғысы келсе, құнын жалдау мерзімі аяқталғанға дейін 10 жыл бойы бөліп төлей алады. Сондай-ақ, кадастрлық құнының 50 пайыз мөлшерінде айқындалатын жеңілдік бағамен сатып алуға мүмкіндігі бар. Шектеулер де алынып тасталмақ. «Аукцион арқылы сатып алынған жерді банкке кепілге қоюға, жалға алу құқығын беретін мәмілелер жасасуға болады» - деді Досаев дархандық танытып. Министрдің пайымдауынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 97,4 миллион гектары, яғни 98,8 пайызы, ұзақ мерзімге жалға берілген. Тек жердің 1,2 пайызы ғана жекеменшікте. Осы жаңа шаралардың барлығы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді толыққанды нарықтық айналымға енгізу үшін қажетті жағдайлар жасауы тиіс. Шенеуніктің жоғарыдан жоспарлап әкелген жобасымен үнсіз келіскен сенаторлардың ішінде Қуаныш Айтаханов қана жерді жекеменшікке сатуға қарсы екенін білдірді. Қасиетті жеріміздің тарихына терең бойламаса да, қазіргі қалыптасқан хал-ахуалды ашық айтты. Оның ойынша, ауыл шаруашылығы өнім өндірушілердің көбісі жер түгілі, егінге қажет техника мен жанар-жағармай сатып ала алмай отыр. Бір гектар жердің құны орта есеппен 40 миллион теңге тұрады, ал қарапайым шаруаларда мұндай қаржы атымен жоқ. «Демек жер қалталы топтың меншігіне айналып кетуі мүмкін», – деп алаңдаушылық білдірді депутат. – Бензинге, тыңайтқышқа, жерін жыртуға ақша таба алмай отырған, несиеге тәуелді шаруа жерді қымбат бағаға қалай сатып алады? Бұл дегеніміз жерді біз «олигархтарға» басыбайлы береміз деген сөз. Бүкіл Қазақстандағы жер жекелеген жиырма шақты, жүз шақты ақшасы бар «олигархтың» қолында болады. Олар сатып алады екен, қалған миллиондаған шаруалар жерсіз қалады. Қарапайым халық сол ат төбеліндей қалталылардың жалшысы болады, - деді қашанда ойын ашық айтатын Қуаныш Айтаханов. «Жер кодексіне» енгізілген соңғы түзетулер көптің көңілінен шықты деп айта алмаймыз. Парламенттің қос палатасынан бір ғана Қуаныш Айтахановтың дауысы ештеңе шешпейтіні де түсінікті. Бұл жоба жоғары жақта жақсы дайындықтан өткені білініп тұр. Осының алдында ғана ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың «Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бюджеттен берілетін субсидиялар 2,6 есеге ұлғайған. Бірақ, өкінішке орай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі еселеп өсіп жатқан жоқ» деп мәлімдеуі осы өзгерістің алғысөзі болғаны анық. Министрдің өзегін өртеген ол қандай өкініш? Субсидиялардың тиімсіз болуы алдымен сол министрліктің жеткілікті жұмыс істемегенін көрсетеді емес пе? Ұялмай-қызармай бар кемшілікті шаруаларға жаба салды. Сол қаржының қомақты бөлігі шаруаларға жетпегенін олар білмей ме? Техника мен жанармай жылына бірнеше рет қымбаттап, өнімдерін элеваторларға өткізе алмай рәсуа еткен шаруалар енді қалай жұмыс істемек? Өкініш деп осыны айту керек! Ауыл шаруашылығы саласы барлық елдерде мемлекеттің тұрақты қаржылық қолдауымен өмір сүреді. Мысалы, бір өнімнің түрі тым көбейіп кетсе, оны өндірмеу үшін шаруаларға ақша төлейтін елдер де бар. Өйткені ол нарықтан сұраныс таппай қалады. Олардың еңбегі еш кетпес үшін осындай шараларға барады. Ал бізде ше? Жалпы бұл саланың қауіп-қатері мол. Құрғақшылық, жердің тозуы, өзен-көлдердің тартылуы, малдың түрлі індеттерге байланысты өлім-жітімі жиі болып тұрады. Мақұл, жерді қалталыларға бердік делік. Олар да ештеңе бітіре алмайты айдан анық. Мысалы, Алматы маңындағы тау бөктеріндегі жерлер түгелдей мықтылардың қолында. Бұрын мыңдаған мал жайылған жерлер қазір қоршалып, күзет қойылған. Коттедждер салып, өздерінің демалыс орындарына айналдырған. Сол маңайдағы көптеген ауылда тұратын қарапайым халық малын жаятын жер болмаған соң төрттұяқтыларынан біржолата қол үзді. Солтүстік өңірлердегі жерлердің де жағдайы мәз емес. Қалталы фермерсымақтар «егін шықпай қалды, өйттік-бүйттік» деп жалданған жұмысшылардың еңбекақысын бермей зар жылатуда. Сонда қалталыларымыз жерді өздері жыртып, егінді өздері отырғыза ма? Жоқ, оған дәмеленбей-ақ қойыңыздар, олар жерде жатқан шыбықты еңкейіп көтермейді. Жерді бір-біріне сатып, министр айтқандай «айналымға» түсіреді. Ауыл шаруашылығын ұйымдастырудың басқа да ұтымды жолдары бар емес пе, соны неге пайдаланбасқа? Біз неге кеңестік кезеңдегі құнды тәжірибені ұмыттық? «Көп түкірсе – көл» демекші, жерді ұжым болып игеру анағұрлым ұтымды болар еді. Түскен пайда әрқайысының еңбегіне қарай бөлінсе кез келген адам ынталанады. Алдында айтқанымыздай, бұл жерде де мемлекеттің тұрақты көмегі қажет. Біз өзіміздің аграрлық ресурстарымыздың жартысын да пайдалана алмай отырмыз. Өйткені ұйымдастыру жағы жоқтың қасы. Бөлінген қаржы кім-көрінгеннің қалтасында кетіп жатыр. Қазақта жер мен жесір дауын шешу қашан да қиын болғаны белгілі. Жесір дауы бүгінгі күні күн тәртібінен түскенмен, жер дауы өршіп бара жатқанын мойындауымыз керек. Даудың басы жерді сатуға рұқсат берген, өзіміз қабылдаған атышулы «Жер кодексінен» басталды. Жоқ, оны жалпыхалықтық референдум арқылы көпшіліктің талабы бойынша заңдастырған жоқпыз. Тағы да сол биліктің ұсынысымен, депутаттарымыздың үнсіз бас шұлғуымен өтіп кетті. Рас, жұртшылық тарапынан қарсы пікірлер көп айтылды, бірақ оған құлақ асқан билік болмады. Нәтижесінде қасиетті жеріміз сатылатын қарапайым тауарға айналып шыға келді. Ол кімдерге ұтымды, кімдерге қолайлы болды? Жауап біреу-ақ, билік басындағылар мен жергілікті әкімдіктердегілерге. Өйткені жерді бөлу, сату құзыры толықтай солардың қолында. Жер саудасының қызығын ата-бабасы осы жер үшін шөп басын сындырмаған келімсек көлденең көкаттылар да көрді. Өзге ұлт өкілдерінің біразы жерімізді жекешеліндіріп алып, өзімізге мыңдаған есеге қымбатқа сатып, атамекеніне немесе өзге шетелге асып кетті. Оның ішінде қалтасын толтырған соң Отанын тастап кеткен өзіміздің қандастарымыз да бар. «Осыны көрген, осы заңды ұсынып, күштеп енгізгендер қалай ғана қасиетті жерімізді басып жүр. Қойнауындағы байлықты, бойындағы барын иіп беріп жатқаны аздай, қасиетті жеріміздің өзін саудаға салатындай басымызға не күн туды?» дейді жерден жұрдай болып, күнін әзер көріп жүрген қатардағы қарапайым халық. Расында, туған жерімізге бұлай тасбауырлықпен қарасақ, ертең ол да бізді жатсынуы мүмкін. Туын тігуге тулақтай жер таппай отырған кейбір ұлттар мен ұлыстардың жағдайынан неге сабақ алмаймыз? Тым болмаса жерімізді аманат еткен ата-бабаларымыздың аруағын сыйласақ еді...Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті