Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевты тұтқындау еш негізсіз
2015 ж. 14 қазан
3124
5
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ
Жуырда Қазақ Ұлттық Кеңесінің жиыны өтіп, онда ұлттық, елдік мүдделерге қатысты қордаланып қалған бірнеше мәселе күн тәртібінде қаралды. Қазақ ұлтының тілі мен ұлттық болмысына тіл тигізген және жыныстық қатынас үшін мемлекетке салық төлеу қажет деп сау адамның басына келмейтін пікір айтқан Мұрат Телібековтің қазақ ұлтын мансұқтаған «Ветер с улицы» деген кітабының мәселесі де жиналыстан тыс қалмады. Жиналыс барысында Ұлттық Кеңес бұл кітапта айтылған пікірлермен үзілді-кесілді келіспейтінін білдірген болатын. Бірақ әлеуметтік желіде ой бөлісіп, ол кітаптан сілтеме келтірген қоғам белсенділері: Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевты тұтқындау еш негізсіз деп бағалаймыз. Демократиялық қоғамда өздерінің азаматтық көзқарасын, пікірін ашық білдіріп жүрген Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевты тұтқындау билік үшін де құқық қорғау құрылымдары үшін де ерсі әрекет деп санаймыз. Интернет беттерінде, әлеуметтік желілерде Қазақ Ұлттық Кеңесі атынан жарияланған «Арсыздыққа жол беруге болмайды» деген мәлімдеме Ұлттық Кеңес жиналысында мүлде талқыланбаған және бекітілмеген. Бір белсендінің асығыс әрекетінен Ұлттық Кеңес атынан тарап кеткен. Сондықтан да мәлімдемеде айтылған М.Телібековке қатысты дүниеден басқасын жарамсыз деп танимыз.