Әлеуметтік желілерде академик Асқар Жұмаділдаевтің түрмеде жатқан белгілі ғалым Саят Ыбырайды босатуды талап еткен видеосы жарияланды. Академик Асқар Жұмаділдаев сыйлық алып тұрып, бұл марапатқа лайық азамат Саят Ыбыраевтың түрмеде отырғанын айтады (https://www.youtube.com/watch?t=415&v=Pvix7eaoRNM). Ол сондай-ақ ғалым сотының əділ өтпегенін, ғалымның Абайды, Шəкəрімді, Қожа Ахмет Яссауиді сүйгені үшін қамалғанын тілге тиек еткен.
Осыдан алты жыл бұрын абақтыға қамалған Саят Ыбырай – профессор, әлем мойындаған ғалым еді. Сондай адам «үлкен қылмысты іске барады» деген сөзге бесіктегі бала да сенбейді. Сондықтан, өз тарапымыздан Саят Ыбырай жайлы бірер ауыз сөз қосуды жөн санадық.
«Ит талас»
Осыдан алты жыл бұрын Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетінің профессоры Саят Ыбырай (суретте) қамауға алынды. Содан бері еліміздегі сопылық ағымның көзіріне баланатын ғалым «абақтыда айдан күннен жаңылып» отыр. Неге? Себебі, соңғы жылдары біздегі діни ахуал қатты шиеленісті. Қазір әр ағымның бөлтіріктері бір-бірін талап жеуден тайынбайды. Қазақ дінсіз халық емес еді. Сөйте тұра шамадан тыс фанаттыққа ұрынды. Қазір денесі тітіркенбей «Әулие ағашты» өртемек болған қазақ үшін бір ғалымды құрбандыққа шалу түкке тұрмас дүния секілді. Алаштың бас көтерер арыстарын 1937 жылы қалай қамады?. Қазақ зиялыларынан қалай айрылдық?. Оның бірі де қаперімізде жоқ. Көңіл таразысы деген қайда? Саят Ыбырайдың қазақ ғылымына қосатын үлесін кім ойлайды? Өзгелерді шиіттей бес баланың тағдыры мен жаны нәзік әйел тағдыры толғандырмай ма? Рас. Біреулердің өті жарылып кетсе де айтайын, Саят қазақтың зиялысы деп атауға лайықты тұлға. Маған сенбесеңіз оның ғылым саласында жүріп өткен жолына қараңыз. 1966 жылыдүниеге келген Саят Ыбырай республикалық физика-математика мектебін алтын медальмен тәмамдаған.Мәскеудегі Ломоносов атындағы университеттің механика-математика факультетін қызыл дипломмен бітірген. 25 жасында кандидаттық, 29 жасында докторлық диссертациясын қорғаған. 1998-2000 жылдарда Германиядағы Александр Гумбольд атындағы қордың Степендияты болып ғылым саласындағы білімін жетілдіріп елге оралған. Ағылшын, неміс, орыс тілдерін жақсы меңгерген. Техника ғылымдарының докторы, профессор. Үш ғылыми монография мен 60-тан астам ғылыми мақаланың авторы. Механика мен машинажасау саласы бойынша бес патентке ие болған. Ғылымдағы өз саласы бойынша әлемдегі ең мықты 5 ғалымның біреуі. Осындай тұлғаны зайырлы мемлекетте істі ету кімге опа береді.
Мынау ит тірлікте дініміз саясиланып бара жатыр. Соңғы кездері халқымыз кімнің артынан ерерін білмей қалды. Бәрінің айтатыны бір сөз. Бәрі «құран мен қадиске» сүйенеді. Бәрінің қазақ десе жүректері елжірейді. Бәрі пайғамбарымыздың сүннетімен жүреді. Құраннан сусындайды. Сөйте тұра, қырық пышақ. «Итталас». Қазақтың жастары сол иттердің таласына сүйек болып лақтырылып жатыр. Кім бұрын қарпыса, соның құлқынында. Салафит, құранит, уахабит... Сосын қаптаған измдер мен исттер... Экстремист, террорист... Солардың біріне мүше болуың керек. Болмадың екен, өз обалың өзіңе... Жан-жақтан талап тастайды. Сосын жатасың, қансырап... Осы таластың алдын алады деп көптеген ағаларымыздан үміттенетін едім. Бір қызығы сол үміт еткен ағалар әр ағымның басында жүр. Әрине, атын атап түсін түстемесек те белгілі. Бірі шейіт, бірі шейх болуды армандайды. Бірін түлен түреді, бірін Гүлен түртеді. Бірінің құлқынын ақша, бірінің санасын салт-дәстүрдің сарқыншағы тесіп барады. Бірі көкесіне, бірі әкесіне сенеді. Бірі қабірлерді күрегісі келеді. Бірі ата жолымен әруақтардан әлденені тілегісі келеді. Бірі өлікке (орысшасы «трупқа»), бірі жұмақ пен тозақтың есігіндегі құлыпқа құмар. Мұнан нені ұғуға болады?. Сол «итталасты болдырмайды» дегендеріміздің өзі арпылдасып жатыр. Бәрінің илегені бір терінің пұшпағы емес пе? Бәрі ізгілікті ислам жолында емес пе еді? Алланың жолы арзан саясаттың ойынына айналмаса керек-ті. Алланың ақ жолы қазақ ғылымының ертеңіне балта шаппаса керек-ті. Қазақ ғалымының қолындағы кісен шынтуайтында заң орындарының кісені ме? Екі елі ауызға қойылған төрт елі қақпақ кімдікі? Бұған халық әлі-ақ көзін жеткізеді. Менің бір-ақ білетінім бар. Саят жау болса, қазақтың салт-дәстүрі мен тағлымды тарихы бізге жау болғандығы. Осы ғана. Басқа түк те емес.
«Төрт елі қақпақ»
Суфизмнің, яғни зікіршілердің жолының дұрыс-бұрыстығына жауап бере алмаймын. Бұл бір жақты қарайтын мәселе емес. Егер біреу сопылықты қазаққа қатерлі ағым десе, оның олқылықтарын ғылыми түрде дәлелдеп дәйектесін. Біз біріншіден, дінтанушы емеспіз. Екіншіден, біреуге сопылық жол тура, біреуге қата. «Сен неге өйтпейсің?» деген ділмарлықтан да аулақпыз. Бірақ, ақиқаттың шымылдығы шырылдағанда ғана ашылады. Әр ағымның дұрыстығы мен бұрыстығы, түзулігі мен қиғаштығы халықтың талқысына түсіп, бұқаралық ақпарат құралдарында айтылғанда ғана, жазылғанда ғана айшықталмайтын ба еді? Соны айшықтау қолынан келетін, қоғамдық пікір туғыза алатын адам түрмеге тоғытылады. Неге? Халық сол «айтқышбектердің» сөзіне құлақ түру арқылы түзу жолды таразыламас па? Сол «айтқышбектердің» сөзі арқылы өздерінің һәм өзгелердің бет-перделері ашылмас па? Көлеңкесінен үрейленген мына заманда халықтың көзін ашу тек жекелеген тұлғалардың ғана қолынан келеді. Ел де ақымақ емес. Өз таңдауын өзі жасайды. «Дінде зорлық жоқ». Сөзден қорқады екенсің, зорлықшыл болуға хақың да жоқ. Меніңше, кімнің жолының түзу екенін, кімге ілессе қазақтың қамсыз болатынын ашып айта алатын тұлғалардың бірі Саят Ыбырай. Ой, мұны басқаша ойлап қалмаңыз. Дұрысы Саят Ыбырай біз ғұлама деп әуектеп жүрген кейбір «минидіндарлардың» маскасын шешіп бере алатын тұлға. Ұлттық болмыс тұрғысынан өзгелерге ой сала алатын адам. Ол айтып та жүрген-ді. Бәлкім, түрмеге тоғытылуының салдары тікелей сол айтқанына байланысты шығар. Дәл қазір біздің қоғамға түрлі пікірлер керек. Кімнің ақ, кімнің қара екенін сонда ғана анықтай аламыз. «Кім не айтса, соған иланатын халқымыз бар». Меніңше, Саят Ыбырайдың бастаған ісі салиқалы күрес жолы болатын. Себебі, ол ғалым...
Түйін
«Бейімбет жау болса, мен де жаумын» дейтін Ғабеңдердің жоқтығы байқалып тұрушы еді. Сөйтсек бар екен. Асқар Жұмаділдаев зиялылығын көрсетті.
Қанат Бірлікұлы
Abai kz
Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ жазықсыз сотталған Cаят ЫБЫРАЙДЫ БОСАТУДЫ ТАЛАП ЕТТІ
2015 ж. 11 қазан
6084
3