Өзгеден бұрын өзімізді жарылқауға тиіспіз. Мәжіліс депутаттары халықтың көші-қон заңнамасын талқылау кезінде осылай сөйледі.
Қазақ еліне босқындардың орнына қаны бір қандас ағайындарды әкелу керектігін қадап айтты. Оларды бір-бірлеп емес, ауылымен түгел көшіру мәселесі сөз етілді.
Қазақтың басына қара бұлт үйірілсе, жеме-жемге келгенде көмек қолын созар тек қазақ қана. Азулы АҚШ-тың босқындарды Орта Азияға қоныстандыру ұсынысын біздің депутаттар қолдамайтын болып шықты. Олар бірауыздан төрткүл дүниеде тарыдай шашылған 5 миллион қазақты әуелі жарылқап алайық деді.
Қонысын аударуға кеткен шығындары мен тұрғын үй мәселесін шешудің оңтайлы жолдары ұсынылды. Енді жаңа өзгертулерге сәйкес, оралмандар тұтас ауылымен көшіп келуге мүмкіндік туып отыр.
«Біз заңнаманымызды реттейміз деп жатқанда оралмандардың орнына босқындарға жол ашып бермейміз бе деген қауіп бар менде. Қорқамын. Сол үшін бұл мәселеге терең қарап, шет елдегі елшілердің басын қосып, жер бөліп, қиындық көрмейтіндей тұруға жағдай жасауға шақырамын»,- дейді депутат Серікбай Нұрғисаев.
Оралмандарға азаматтық беру мерзімі де нақтыланды. Енді елін аңсап келген әр қазақ ыхтиярхат алғаннан кейін бір жыл ішінде ел азаматы мәртебесін иемденеді.
«Азаматтар қай ауданға келгеніне қарамастан, біз оралман мәртебесін береміз. Бір жылға дейін оның оралман мәселесі тоқтатылмай тұрады. Ол осы уақыттан кейін Қазақстанның азаматы болады. Егер осы уақытта алмаса, онда шетелдік азамат ретінде тұра беретін болады»,- деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.
Жекешелендіруге жататын 60 ірі компанияның тағдыры да талқыға салынды. «Әлеуметтік маңызы бар нысандарымыз ұстағанның аузында кете ме деген қауіп жұртты алаңдатпасын. Бәрі бақылауда» деп сендірді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.
«Барлық объектілерді бітіргеннен кейін көрсетеміз. 60-тан басқа тағы қандайларының қосылатындығын да айтамыз. Әдейі шетелдік сарапшыларды шақырамыз, ашық, қалай сатылады, қандай жолмен сатылатындығын көрсетеміз»,- деді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.