Жұртқа зейнетақының болашағы уайым
2015 ж. 28 қыркүйек
2504
1
Кейбір қарапайым азаматтар мен сарапшылар «теңге девальвациясынан соң зейнетақы қорындағы ақшамыз құнсызданып кетті» деп алаңдайды. Зейнетақы активтерін басқаратын Ұлттық банк жағдайды дұрыс түсінуге «долларланған сана» кедергі, - деп хабарлайды Азаттық тілшісі Айнұр Әлімова.
– Кезінде банктерде, ірі ұлттық компанияларда жұмыс істегенмін, зейнетақы шотым да қомақты, бірақ қазір оның жұрнағы ғана қалды. Сонда менің зейнетақым қанша болады? Тағы бірнеше девальвация болса бітті, мүлде түк қалмайтын түрі бар. Зейнетақы шотымда ең төменгі күнкөріс деңгейіне жететін ғана ақша қалды! Билік зейнетақы қорында жатқан ақшаның сақталатынын айтады, бірақ мұнысы сандырақ қой, - дейді Абай Ерекенов.
Бірыңғай зейнетақы қоры қазақстандықтардың жинаған ақшасына теңге девальвациясының мүлде зардабы тиген жоқ деп санайды. Азаттықтың «Зейнетақы қоры салымшыларына теңге девальвациясының зардабы болды ма?» деген сұрағына БЖЗҚ басқармасының төрағасы Руслан Ерденаев:
– Бізде жарналарды қабылдау, тіркеу, инвестициялық кірісті есептеу, төлем жүргізу сияқты бүкіл процедура теңгемен жүргізілетіндіктен, ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамының өзгеруі БЖЗҚ-ның жұмысына да, зейнетақы жинағына да ешбір әсер еткен жоқ, – деп мәлімдеді.
АРИФМЕТИКАЛЫҚ АМАЛ
Оппозициялық саясаткер әрі экономист Петр Своиктің есебінше, жұмыс істейтін қазақстандықтардың соңғы 18 жыл бойы айлығынан аударып жинаған ақшасының төлемдік құны түсіп барады. Своик «жұрттың зейнетақы қорында жатқан жинақ ақшасына соңғы девальвациялардың да жағымсыз әсері тиді» деп есептейді.
Ұлттық қаржы қызметін дамыту қоры төрағасы Михаил Кленчин бірыңғай зейнетақы қоры салымшыларына «алаңдауына негіз жоқ» деген пікірде.
«ДОЛЛАРЛАНҒАН САНА»
Қазақстанда тамыз айында теңге бағамын «еркіне» жібергенін жариялағаннан кейін билік теңге депозиттері бар салымшыларға соңғы девальвацияға байланысты өтемақы төленетінін мәлімдеген. Ұлттық банк ақпаратына сәйкес, өтемақы салым көлемі бір миллион теңгеден аспайтын клиенттерге төленеді.
Бұрын зейнетақы қорлары қауымдастығын басқарған, ал қазір «Қаржы тұтынушылар одағы» үкіметтік емес ұйымы төрағасы Айдар Әлібаев бірыңғай зейнетақы қорындағы жинақ ақшаға өтемақы төленсе, әділетті болар еді деп есептейді.
Бірыңғай зейнетақы қорынан келген хатта мемлекеттің зейнетақы жарналарын инфляция деңгейін ескеріп сақтауға кепілдік беретіні ғана айтылған. Азаттыққа жолдаған хатында БЖЗҚ басшысы Руслан Ерденаев «Зейнетақы қорындағы бүкіл соманы инфляция деңгейін ескере отырып қорғауға берілген бұл кепілдіктің банк депозиттері бойынша берілетін кепілдіктен айырмасы бар» деп жазған.
Қыркүйектің басында солтүстік аймақтарға сапары кезінде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықты теңге бағамының өзгергеніне онша мән бермеуге шақырған. Ақпараттық агенттіктер Назарбаевтың «Валюта бағамы шетел валютасымен есеп айырысатын импорт немесе экспортпен айналысатындарға ғана қатысты. Ал Қазақстанның өз ішінде теңге сол қалпында қалды. Оның долларға шаққандағы бағамының қандай болғаны неге керек? Біз Қазақстанда теңгеге өмір сүреміз» деген сөздерін келтірген.
Ал бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшысы Абай Ерекенов зейнетақы жинақтау жүйесінің бұрынғы тәжірибесіне жүгінеді. Ол билік «теңгені еркіне жібергенін» алғаш жариялап, ұлттық валюта бағамы 88 теңгеден 140 теңгеге құлдыраған 1999 жылы зейнетақы қорларына (ол кезде бірнеше қор болған еді ) құны теңгемен көрсетілген мемлекеттік құнды қағаздарды девальвацияға дейінгі бағам бойынша конвертациялауға мүмкіндік бергенін еске алады.
azattyq.org