БАНК БОДАНДЫҒЫНАН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?
2015 ж. 16 қыркүйек
2024
8
"...Есі дұрыс адам жоғары мөлшерлемемен несие алушы ма еді?!."
Бүгінгі күніміз ақшаға тікелей тәуелді. Тіршілігіміздің мәні де, сәні де сол ақшаға байланысты болып қалды. Кезінде «Әлемнің әміршісі – еңбек!» деп ұрандасақ, бүгіндер «Әлемнің әміршісі – ақша!» деп жар салуға мәжбүрміз. Оны кім қандай жолмен тапқаны есеп емес, ең бастысы қалтаң қалың болуы керек. Біз өмір сүріп отырған капитализм сөзінің түбірі - сол «капитал» болған соң, ақша деген алпауыттан енді ешқайда қашып құтыла алмайтын да шығармыз... БӘРІМІЗ ДЕ БАНККЕ БАСЫБАЙЛЫМЫЗ Ақша дегенде алдымен аузымызға банк түседі. Ол да заңды, банк қызметі қайтсек те қажет. Бүкіл қаржылық операциялар осы мекеме арқылы өтеді. Өйткені ақшаны қаппен арқалап, немесе көлікпен тасып жүрмейсіз. Мәселе сол банктің халыққа көрсететін қызметінде болып отыр. Қаржыны уысында ұстаған банктердің қызметі көпшіліктің көңілінен шығып жатыр деп айту қиын. Біздегі адамдардың бәрі миллиардер емес, барлық елде де солай. Қалтасы жұқа жұрт амалсыздан несие алу үшін банктерді жағалайды. Онда да зәулім сарай салсам деп емес, қарапайым қажеттіліктен, баспаналы болсам деп. Немесе шұғыл керек болып қалған ең мұқтаж затын сатып алу үшін банк табалдырығын аттайды. Банк табалдырығын аттаған адам оған толық тәуелді болып шығады. Өйткені біздің банктердің мөлшерлеме пайызы тым жоғары. Әлем бойынша бірінші орында тұр деуге болады. Мысалы, Кипрде ипотекалық несие – 3,7, Еуропа мен АҚШ-та – 3,5-6, Финляндияда – 3,1-3,8 пайыз көлемінде екен. Ал бізде теңгемен-17, доллармен 13,5 пайыздан бастап беріледі. Сонда қазақстандықтар дүниежүзіндегі төлеу мүмкіндігі ең жоғары халық болғаны ма? Жоқ, мүлдем олай емес. Бұл банктердің ашкөздігі мен қанағатсыздығын көрсетсе керек. Несиесін өтей алмағандар кепілдікке қойылған баспанасынан немесе басқа қымбат мүлкінен айырылып далада қалуда. Несиенің кесірінен қаншама отбасы ойрандалып, шаңырағы ортасына түсті. Тіпті өзіне-өзі қол жұмсаған фактілер де жетерлік. Бірақ, одан несиенің мөлшерлемесі төмендеген жоқ. «Өлмесең өмірем қап» дегендей біздің банктер бұл халықтық трагедияға пысқырып та қарамады. Банкке жеке тұлғалар ғана емес, кәсіпкерлер де белшесінен қарыз, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері. Күні-түні айналысқан кәсібінен табатын пайдасы орташа есеппен алғанда 20-30 пайыздан аспаған кәсіпкерлер банктерге 18-20 пайыздық мөлшерлеме төлесе біздегі шағын және орта бизнес қайтып дамымақ? Тек қана банк үшін жұмыс істеп жатқан болып шықпай ма? Банкке басыбайлылық деген осы емес пе? МЕМЛЕКЕТ БАНКТІҢ БАСЫНАН СИПАП ОТЫР Егер қателеспесек, соңғы жылдары банкке қатысты Мәжіліске келіп түскен жаңа заң жобаларының бәрінде оларға жеңілдік жасау жағы қарастырылған. Соның бірі жақында ғана Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев ұсынған жобада да халықтың әлжуаз тобының қарызын кешірген жағдайда, банктер мен микрокредиттік ұйымдарды жеке табыс салығынан босату көзделген. Бұл жоба Ұлттық банкпен келісілген екен. Дұрыс делік, несиені төлеуге мүмкіндігі жоқ адамдарға қол ұшын беру үлкен сауап. Әрине, бұл сауап алдымен Үкіметке тиесілі. Өйткені Үкімет айтпаса бірде-бір банк ондай қадамды өліп бара жатса да өздігімен жасамайды. Тіпті мемлекеттен берілген қаржыны пайдаланып, үстінен өздеріне ақша жасайды. Түрлі бағдарламаларды іске асыруға, ипотекалық саланы қайта қаржыландыруға да қосымша ақшаны мемлекет беріп отыр. Тек соны ережеде көрсетілген бағытымен ұқсатса болғаны. Өкінішке орай, ол міндетті де дұрыс атқара алмай, көпшіліктің наразылығын тудырып келеді. Біздің банктердің қолдау жағынан Үкіметке артар өкпесі жоқ, керісінше мемлекет банкті басынан сипап тым еркінсітіп жіберген сыңайлы. Оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Мысалы, дүниежүзілік банк тарихына бір үңіліп көрелікші. Әріге бармай-ақ орта ғасырда банк қызметі мықты дамыған Италияда жоғары пайыз үшін Рим Папалары банкирлерді қатал жазалап отырған екен. Еуропаның өзге мемлекеттеріне барып осы қызмет түрін көрсеткен италиялық банкирлер де ашкөздігі үшін қайтып келместей елден қуылыпты. Біз орта ғасырда емес, дамыған 21-ғасырда өмір сүре отырып, осы бір салаға сабақ бере алмай қойдық. БІЗДІҢ БАНКТЕР ЕШҚАШАН ҰТЫЛМАЙДЫ Бүгінгі біздің банктердің ұстанып отырған бағытын халықты тонау деп қана бағалау керек шығар. Шындығына келгенде, олардың түрлі қызметтер көрсету арқылы ақша табатын басқа да мүмкіндіктері мол. Соның бірі лайықты қызметімен клиенттерді көбірек тарту болып табылады. Ал бүгінгідей қызметпен клиенттерді тек үркітуге болады. Бір ғажабы, банк өз қамсыздандыру мәселесін жоғары деңгейге қойған. Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев баслымдардың біріне берген сұхбатында біздің банктерге төлеу мүмкіндігі төмен клиенттермен жұмыс ісиеу тиімді деп дұрыс көрсетті. Өйткені кепілдікке қойылған қымбат баспана несие төленбесе өздеріне қалады. Оның бағасын кепілдікке қойылғанда барынша төмен бағалайтын да өздері болып отыр. Ақша алуды армандаған клиент кепілдікке қойған баспанасын жоғары бағала деп айта алмайды, өйткені несиеден қағылады. Кейін сол жылжымайтын мүлікті нарық бағасымен сатқан банк бірден байлыққа кенеледі. Тым жоғары мөлшерлеме ұстанған екінші дәрежедегі банктерге неге үнемі жеңілдіктер қарастырылады деген сұрақты Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясы депутаттары әлденеше қойып, Үкіметке бірнеше сауал жолдағанын білеміз. Бірақ, одан нақты нәтиже шыққан жоқ. «Несие алушылар ақшаны қайтармай жатыр, жағдайымыз мүшкіл» деп Үкіметтің алдында көз жасын көлдететін банктердің құйтырқы әдістері аз емес. Былайша айтқанда Үкіметті алдап, халықты ақымақ қылып отыр. Бұл маңызды мәселе көтерілген соң «Болашақта жағдай түзеле ме?» деген сұрақтың туындауы да заңды. Бұл сұрақты біздің оқырмандарымыз қойып, өздері жауап бергенін айтқымыз келеді. Біреулер қатаң бақылау жасалса банк жұмысы жақсарады деп сенеді. Енді біреулер түзелмейді, өйткені банктің иелері мықтылар, жоғары жақпен жең ұшынан жалғасқан дейді. Қалай дегенде де осы бір ел үшін маңызы зор, экономикамыздың дамуына әсері мол саланың жұмысын дұрыс жолға қою қажет. Алдымен халыққа қолайлы болғанын қарастырғанымыз жөн болар еді... ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ АНЕКДОТ Банкир мен клиент арасындағы әңгіме:- Мен несие алайын деп едім.
- Кепілдікке не қоясыз?
- Қаланың ортасында үш бөлмелі үйім бар.
- Болады! Болады!
- Бірақ, бір мәселе болып тұр...
- Қандай?
- Мен жүйке ауруы бойынша есепте тұрамын, сол жағы бөгет болмай ма?
- Ештеңе етпейді. Біздің клиентеріміздің бәрі өзіңіз сияқты. Есі дұрыс адам жоғары мөлшерлемемен несие алушы ма еді.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz