Өзбекстанда жүзден аса қазақ мектебі жабылып қалды
2015 ж. 15 қыркүйек
2451
2
Өзбекстан қазақ мәдени орталығы жетекшісінің орынбасары Хамза Халмұратов 20 жыл ішінде 100-ден аса қазақ мектебі жабылғанын айтты.
Хамза Халмұратов – Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы жетекшісі орынбасары. Ташкент университетінің химия факультетін бітірген. Химия ғылымдарының кандидаты. Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы бастамасымен түсіріліп жатқан «Абай – қазақ және өзбек халқының шамшырағы» деректі фильмі жұмыстарымен Семейге, Жидебайға барып қайтқан ол Алматыға келген кезінде Азаттыққа сұхбат берді.
– Қазақстанға іссапармен келген екенсіз. Әңгімені сапарыңыздың мәнісі туралы айтудан бастасаңыз?
– Биыл – Абайдың 170 жылдығы. Соған орай «Абай – қазақ және өзбек халқының шамшырағы» деген 40 минуттық деректі фильм түсіріп жатырмыз. Осы бетімізде Абайдың туған жеріне, Семейге барып келе жатырмыз. Фильмді желтоқсанда, Қазақстан Тәуелсіздік күні шығармақпыз. Бізді қаржылай қолдаған – Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі. Ал жетпеген тұстарын сондағы қалталы азаматтар қосып жатыр. Бұған дейін Өзбекстан аймақтарын аралап Абай шығармашылығынан концерттер бердік.
– Бұл істеріңізді Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы жұмысының бір парасы делік. Өзбекстанда қазақ мәдениетін сақтауға қаншалықты жағдай жасалған?
– Өзбекстанда да Қазақстандағыдай 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Республика бойынша 1 мың 300-дей мәдени орталық бар. Соның 14-і – республикалық ұйымдар. Сол республикалық деңгейдегі мәдени орталықтың бірі – Қазақ мәдени орталығы. Сол себепті біз қазақтың әрбір қуанышына қатынасып, осында келіп-кетіп, мәдени шараларды жиі атқарамыз. Жастарды осында жіберіп, түрлі өнер бәсекелеріне қатыстырамыз. Қазақстаннан келетін өнер адамдарын, жазушыларды қазақтар көп шоғырланған аймақтарға апарып, кездесулер өткіземіз.
– Қазақстанға 1991-2014 жылдар аралығында көшіп келген этникалық қазақтың 61 пайызы Өзбекстаннан қоныс аударғандар болған екен. Қазір Өзбекстанда тұратын қазақтардың саны қанша?
– Совет Одағы тараған тұста Өзбекстанда бір жарым миллион қазақ тұрады деп есептелетін. Қазір бір миллионның шамасында қалды. Мәселен бұрын Науайда (Навои облысында) 120 мың қазақ тұрса, қазір – 40 мың. Өйткені ол жақ негізінен далалы жер болғандықтан, тұрмыс қиындап, көп ел көшіп кетті. Қазір Өзбекстанда қазақтар көп шоғырланған жер Қарақалпақстан мен Ташкент облысы саналады. Қарақалпақстанда 400 мыңдай қазақ тұрса, Ташкент облысындағы қазақ 300 мың.
– Өзбекстанда қазақ мектептері жабылып жатқаны туралы жиі айтылады. Бұл қазақтардың көшіп кетуімен байланысты ма?
– Өзбекстандағы қазақ мектептері бұрын 550 болатын. 20 жылдан аса уақыттан соң 440 мектеп болып қалды. Әрине көп мектептер жұрт көшіп кеткен соң амалсыз жабылды. Жабылмай қалғандары өзбек немесе орыс тіліндегі мектептерге айналды. Мәселен Бөкей дейтін аудан бар. Онда қазақ мектептері болған. Қазір онда қазақ сынып оқушылары сегіз-тоғыздан ғана. Оған қоса, қазақ тілінде білім беретін коллеждер аз. Осы себепті балаларымыз өзбек немесе орыс мектебіне барып, қазақ сыныптары кеміп жатыр. Мектеп жабылмағанның өзінде сыныптар жабылып жатыр.
– Қазақ тілінде білім алған жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі қандай?
– Өзбекстанда жылына 500 мыңнан аса бала мектеп бітіреді. Мемлекет жоспарымен 50-60 мың бала оқуға қабылданады. Сол себепті біздің балалардың көбі оқуға Қазақстанға кетіп жатыр. Мәселен биыл Қазақстан шетелдегі қазақ жастарына арнап жоғарғы оқу орындарында алғашқы дайындықтан өтуге 3 мың орын бөлді. Өзбекстаннан келетін балалардың көбі оқуға осы грантпен түсіп кетеді. Бітірген соң олардың көбі Қазақстанда қалып қояды. Ал барғандарына жұмыс тауып береміз.
Заметили ошибку на сайте? Нажмите Ctrl+Enter
Дереккөз: Азаттық