ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақселеу Сейдімбектің жазушы, публицист, этнограф-ғалым ретінде ұлт руханиятына мол мұра қалдырғаны мәлім.
Қаламгердің көпшілік біле қоймайтын күнделік дәптері де өзіндік бір тосын әлемдей көрінеді.
Айрықша ұлтшыл азамат сонау қылышынан қан тамған империялық идеология кезеңінің өзінде толғантқан ойларын ақ қағазға бүкпесіз кестелепті.
Жалпы, осынау жазбалар, қай жағынан да, жазушы болмысын айшықтай түсетіні анық.
Бүгінде бұл бағалы дүниенің танымдық, тәрбиелік мәні арта түспесе, еш кеміген жоқ. «Қазақ үні» газеті оқырмандарына асқар тұлғаның бірталай жылдар түзген сол күнделігінен шағын үзінді ұсынылып отыр.
05.02.72
Көшпелі өмір-салт қалыптастырған қазақ халқының ең тамаша қасиеттерінің бірі – адамдар арасындағы өзара кісілікті қарым-қатынас қалыптарының шырқы бұзылды. Үлкен мен кішінің, туыс пен туғанның, жат пен жақынның, еркек пен әйелдің, жігіт пен қыздың арасындағы моральдық-этикалық, салт-дәстүрлік қарым-қатынас қалыптарының шекарасы көмескіленді. Сөз жоқ, мұның бәрі де адамдардың бір-біріне жат-бауыр болуының, ар-ұятқа қарамауының, тойымсыздығының бірден-бір себепшісі болуда. Адамдар арасындағы қарым-қатынас дәстүрлі наным-сенімге мойынұсынбаған соң, салт-дәстүрді сақтамаған соң, тыйым-тосқауыл көрмеген соң еркіндік дегеннің өзі көргенсіздікке ұласқан жайы бар. Яғни, адамдардың бойында іштей тыйылудан гөрі, салт-дәстүрмен санасудан гөрі заңнан ғана қорқу немесе сырт көзден ғана қаймығу сезімі басым. Мұның бәрі, сайып келгенде, сыртқы өктем күштің рухани билеп-төстеуі (экспансиясы) бел алып, ұлттық дәстүр сабақтастығы әлсіреп, дәстүрлі мәдениеттің өмір-салттан тыс қалуына себепші болып отыр.
Міне, ғасырларға созылған империялық құрсаудың зардаптары осындай. Ендігі жерде ұлттың есеңгіреген, контузияға ұшыраған санасына реанимация қажет, қазақ халқының рухани әлемі мен салт-дәстүріне қайта жаңғырту (реставрация) керек. Өмірдің барлық саласындағы әрекет-тірліктің парқын бажайлап, асыл мен жасықтын, өміршең мен өткіншінің, ұлттық пен ұлтсыздықтың ара-жігін ажыратып отырудың мәні ерекше.
30.05.72
Ауылды аңсап аттанамын. Амал не, торығып қайтамын. Ауылдың барымен базар болатын бұрыңғы қарапайым, бауырмал, көңілді тіршілігі бұл күндері сұрқай тартқан. Өз басымен өзі болып, жұмысбасты болып жүрген адамдар. Олар осыдан небәрі он-он бес жыл ғана бұрын айтатын ұлағатты әңгімелерін ұмытқан. Ендігі әңгімелері отбасы, ошақ қасы, жан сақтау қамы туралы.
Яғни, қара халықтың санасын шектеген бір ауыртпалық бар. Ол қандай ауыртпалық? Халық неге шын пейілімен қуанбайды? Неге төңірегіне нем-кетті қарап, ұнжырғасы түсе береді?..
06.06.72
Біздегі өнертанудың шектен шыға идеологиялануы – халықтың бүкіл рухани тағдырына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, өнер атаулы жағымпаздық дертіне шалдыққан. Өнер атаулының айтары мейлінше унификацияланып, бірсарындылықты ту етіп алған. Бұл жолда екі-ақ бояуды – ақ пен қараны пайдалану шеберліктің шарты сияқты.
Ал өнертану үрдісі болса, бірыңғай сектанттық-догмалық теорияға бой ұрған. Ең бір марғасқа деген қазақ оқымыстылары аузын ашса болды: «Абай образы жағымды, Тәкежан образы жағымсыз» деп бастайды. Сонда өмір қайда, өнер қайда?
Осынау өзін-өзі мәңгүрттендірген рухани құлдықтан қазақ қашан құтылар екен?..
09.06.72
Менің өмірге араласуым бейтаныс қаланы аралаған жолаушыға ұқсас. Аяқ аттаған сайын тылсым дүние алдыңнан шығады. Қиыны – бейтаныс кұбылыстың алдыңнан шығуы емес. Қиыны – сол бейтаныс, беймағлұм дүниені ешкімнің көмегінсіз, өзіңнін ғана танып-түсінуге кірісуің. Шегінер жол жоқ. Артым – армандай аяулы, алдым – жұмбақ.
О, Тәңірім, қандай заманға тап болған ұрпақ едік?!.
12.06.72
Жаманның өлгенінен гөрі жоғалып кеткені жақсы.
15.06.72
Белгілі бір пікір-тұжырымға келу үшін, бірдеңені болжау үшін түпкі шындықты білу керек. Ал шындық жеті қат жер астында жатыр. Қазақша айтқанда, шындық – арыстанның аузында, түрікпеннің түбінде.
06.07.72
Ауылға барып қайттым. Балаларымды ауылға апарып тастағаныма екі айдай болған-ды. Тым болмаса тілі қазақша шықсыншы деген ой еді. Аздап қазақша былдырлап қалыпты. Қатты қуандым. Баласының өз ана тілінде сөйлегеніне қуантып қойған заман-ай десейші!
16.12.72
Ассимиляцияға түскен адам қандай қасиет иесі болса да өз ұлты үшін құрбандыққа бара алмайды. Себебі, ондай адам ұлтының қандай қадір-қасиеті үшін құрбандыққа баратынын білмейді. Яғни, ұлтты ұлт ететін ең киелі қасиеттерінен мақұрым қалады. Ассимиляцияға түскен адам бойында сол ассимиляцияға түсірген өктем күшпен (системамен) тіл табысу қабілеті мейлінше жоғары болады. Бұл жолда олар үшін киелі ештеңе жоқ.
23.01.73
Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар» атты романын оқып шықтым.
Орташа туынды. «Тазының өлімі» мен «Қара қыз» секілді туындылар берген қаламгердің көтерілер сатысы мұнан гөрі биік болар деп болжаушы едім. Олай болмады. Құбатөбел ғана шығарма болып шыққан.
Оқиға желісі көркем шығарманың сүйегі сияқты ғой. Маған романның оқиғасы сұйықтау болып көрінді. Автордың көкейге түйген идеясын биікке көтерер, өмір шындығының шалғайынан ұстатар тартыс аздау. Бүгінгі зиялылар (интеллигенция), бүгінгі ғалымдар тіршілігі екінші планда, емеуріндік деңгейде сөз болады да, қазіргі кез келген жастың басында болатын сүйіспеншілік көріністері романның негізгі арқауына айналған. Едіге – басты кейіпкер. Оқушыға әр қырымен көрініп, өзіндік болмыс-бітімімен танылады. Алайда басқа кейіпкерлердің басым көпшілігі Едіге бейнесін толықтыруға қызмет ету үшін алынғандай әсер қалдырады. Романның басы мен аяғында қадым заманның тарихи оқиғаларын баяндап кететін тараулар бар. Бұл да шығарма жинақылығына нұқсан келтіріп тұрған сияқты.
Алайда бір ақиқатқа көңіл жұбатуға болады. Ол – Мұхтар Мағауиннің шын мәнінде суреткер екендігі. Ал мына романын бір белесі дей тұру керек шығар...
10.06.73
Фактілерді салғастыру арқылы өткен мен бүгіннің парқын бажайлай аламыз. Алайда, осы жерде әр дәуірдің өзіне лайықты талғам-таразысы, талап-деңгейі қай дәрежеде көрініс тапқанын әсте естен шығаруға хақымыз жоқ. Жетілудің, дамудың өресіне, ұлт бақытының қандай болғанына, қазір қалай болып отырғанына сонда ғана көз жеткізіп, объективті бағасын беруге болады.
Этностың өткенін білмей тұрып, бүгініне баға бере алмайсың.
Ұлттың өткен өмір тұлғасын бастан-аяқ көз алдыңа келтіргенде ғана қазіргінің қадір-қасиетіне әділ бағасын бере аласың.
15.12.73
Абайда мынандай сөздің бары рас: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр».
Осы сөзді қолданушылар Абайдың есімін бетке ұстап, орысшыл болу керек дейтін ниетті өзеурей насихаттап жүр. Ондайлар бара-бара «өз тіліңді білмесең де, орыс тілін біл» деген пиғылын көлденең тарта бастағандай. Мұндай сорақылықты қазіргі саясат аңшының итін сипағандай еркелететін болып алды. Бұларға бүтін дүниетаным, бүтін тұлға керек емес. Керек болса, сол Абайдың келесі сөзін оқыр еді ғой. Келесі сөзі былай: «Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек».
Қандай «зарарынан қашық» болуымыз керек? Мұны ойлап жүрген де ешкім көрінбейді, ойлауға мұрша беретін заман да байқалмайды.
08.10.74
Қып-қызыл, қызыл, қанқызыл күн көкірекке өксік кептеп, тынысыңды тарылтып, жаныңды жабырқатып, көңілінді кұлазытып тағы да батып барады...
23.10.74
Бүгін Ебней Бөкетовті Алматыға шығарып салдым.
Алдымен үйінде болдық. Мен келсем, жазушы Қалмұқан Исабаев сол үйде отыр екен. Кешікпей-ақ Зүбәйра жеңгеміз дайындаған дәм келді. Сүр араластырып асқан семіз қой еті екен. Тамақ әзіл-қалжыңмен әңгіме қозғала отырып ішілді. Әңгіме арасында Қаныш Сәтбаев сөз болды. Мен Тәттімбеттен – Мұсатай, Қысатай, Исатай деген үш ұлдың туғанын, Мұсатайдан Шайқының туатынын, сол Шайқы – Қаныш Сәтбаевтың туған нағашысы екенін айттым. Ебней бұрын естімегенін, енді мұның сәтімен айтылғанын, Қанаңның бойындағы өнерге құмарлықтың себебін осы нағашы жұртымен ұштастыруға болатынын сөз етті. Тіптен, Тәттімбет сол кездегі орыс оқығандарына геолог ретінде танылуына да Қанаңмен байланыстыратын көп қисындардың барын әңгіме еттік.
Әңгіменің келесі бір қартында Қалмұқан келер жылы елу жасқа толатынын айтты. Сөйтсек, Ебней де келер жылы елу жасқа толады екен. Қалмұқанмен құрдас болып шықты.
– Япыр-ау, сен де елуге келіп қалдың ба?! – деді Қалмұқан. Сонда Ебней:
– Кіп-кішкентай Қалмұқан елуге келгенде, үп-үлкен менің елуге келмегенім ұят емес пе? – деп кеңк-кеңк күліп алды.
Ебней балаларын ерекше еркелетіп, бетінен қақпай ұстайды екен. Біз үйден шығарда Зүбәйра жеңгемізге:
– Байқа, Букетовтер жүдеп қалмасын, – деді.
- 10. 74
Ешбір ұлт өзінің төлтума қасиетін өзгеге еліктеу арқылы қалыптастырмайды. Дүниежүзіндегі кез келген ұлттың қасиетіне экожүйемен кіндіктес шаруашылық-мәдени (хозяйственно-культурный) типтің табы айқын аңғарылады. Әрбір ұлт өз болмысының авторы. Сондықтан да, кез келген ұлттың төлтума қасиеті ешқашан сол ұлттың кемшілігі емес, ерекшелігі болып табылады. Ұлттық мәдениет дегеніміздің өзі осы ерекшелік болса керек.
Өкінішке орай, қазіргі идеологиялық әлімжеттік нұсқаулар осынау объективті ақиқатты белінен басып отыр.
04.11.74
Тәкен Әлімқұловтың жазғандарын ыждағатпен оқып жүремін. Өнер адамдары туралы соңғы жылдары жазғандары сәтті-ақ. Былайша айтқанда, Тәкен өзіндік құлақкүйін тапқандай. Бұл – жалпы қазақтың әдеби өміріндегі соны леп. Өнер адамдарының өмірін көркем әңгіме, новелла түрінде жазу ерекше пайдалы. Өнер болмысы, өнерлі адамдар өмірі үлгілі, ұлағатты сәттерге толы. Көркем новелла, әңгімелер – рухани мәдениетті насихаттаудың ұрымтал, көпшіл түрі. Бұл орайда, әдетте, ғылыми еңбектер мен қара мақалалар көркем дүниемен өрелесе алмайды. Ал Тәкен көтерілген биіктер сүйсінтеді. Алдымен шұрайлы тіл, сонсоң өнер адамының өмірінен ең бір мәнді сәттерді екшей білетіні, бай сезіммен беріле жазатыны мойындатады.
08.11.74
Көшпелілер мәдениетінде сөз өнерінің мән-мағынасы айрықша. Сөз өнері өмір-тіршіліктің барлық саласын реттеуге араласып, халықтық сананы тұтастандыруға ең бір демократиялык болмысымен ықпал етеді.
Орыс халқының фольклорында халықтық үлгілер, Петербург салонындағы үлгілер және дворян усадьбаларындағы үлгілер – әрқайсысы өз алдына дербес, оқшау күйінде көрініс тапқан. Тіптен қара шекпенді мұжықтың Петербург салондарындағы фольклорлық үлгілерді мәңгілік естімей өтуі мүмкін.
Ал көшпелілер фольклоры хан мен қараны бірдей қамтып, біртұтас, бірдеңгей рухани қалыпты сақтаудың тетігі болып отырған. «Ақсақ құлан» күйі төрдегі төре мен есіктегі малшыны бір түрдегі сезім-әсер бесігіне тербейді. Яғни, тарихи-эстетикалық әсер деңгейі бірдей.
Осы мысалдардың астарында көшпелілердің шаруашылық-мәдени типі, қоғамдық-әлеуметтік болмысы, моральдық-этикалық нормалары туралы терең зерттеуді қажет ететін проблемалар төбе көрсетеді.
10.11.74
Әліби Жангелдин туралы «Кездесу» деген көркем фильм бар екен. «Қазақфильм» түсіріпті. Ең алғашқы кадрлары көріне бастаған сәтте көз алдыңнан жібек жүнді меринос койлардың отары көрінеді. Мұнысы – Әлібидің балалық шағын, мал баққан көшпелі елін көрсеткені.
Апыр-ау, Әлібидің балалық шағында Қазақ даласында меринос (мәліш) қойдың болмағанын режиссер қалай ойламады екен? Мәліш қойдың Қазақстанда өсіп-өне бастағаны тым бергі кез ғой...
03.01.75
Тарих талқысында зорлықтың мөлшері қанша болса, сол зорлыққа деген қарсылықтың мөлшері де сонша болмақ. Кейде қарсылықтың мөлшері зорлықтың мөлшерінен асып түсіп те жатады. Қазақ мұны «Қорғаншақтың жаны тәтті» деп түйіндеген. Демек, зорлықтың мөлшерінен қарсылықтың мөлшері басым болса, отарлаушы елге қарағанда отардағы елдің азатшыл рухынын биіктеу болғаны ғой...
Әрине, бұл да бір кедейдің ырым еткеніндей бірдеңе. Мұндайда бір шындық белгілі, ол – зорлық көрсетуші де, зәбір көруші де әбден титықтап, тарих танымастай болып өзгеретіні...
05.01.75
Ебней Бөкетовтің үйінде болдым. Мен отырғанда бір қария адам келді. Ебекеңнің ауылының қарты көрінеді. Қожа екен. Есімі – Оспан.
Ебней ел-жұртын, ауылын, көзкөргендерді қадала сұрады. Тіптен, бала кездегі ауылдастарының аты-жөнін сұрап, мінез-қылықтарын еске алып, біреуге ризалығын, енді біреуге жанашырлығын білдіре отырып, шын көңілден әңгіме өрбітті. Оспан ұстамды, әңгімешіл адам екен. Ебней шәкірттей толқып тыңдады.
Ебней маған Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Әбіш Кекілбаевқа кұттықтау телеграмма жазып беріп, почтаға салуымды өтінді. Әбдіжәміл мен Әбіш «Лит. газетаның» очерктер үшін жариялаған конкурсының жүлдегерлері болған екен. Ебней шын көңілімен қуанып отырды.
18.02.75
Осы уақытқа дейін көшпелілердің рухани болмысы туралы сөз қозғала қалса, «олар утилитарлық немесе қолданбалы (прикладной) деңгейде ғана өнер туғызған» деп келетін ойдың жосығы ғылымда бел алып келеді. Мұндай тұжырымның тарихи шындыққа тәнік (аналог) бола алмайтыны өз алдына, көпе-көрінеу тарихи шындыққа қиянат екеніне мән беру керек. Ендігі жерде көшпелілердің рухани әлеміне ден қойғанда өнердін ситуация үстінде туындауын рухани балаңдық деп қайыра салмай, оның орнына халықтың өнер деңгейінде өмір сүргенін, өнер тілінде қоғамдық қатынастар орнықтыра алғанын рухани құбылыс ретінде бағалау ғылыми зерденің көкжиегін кеңейтеді. Рухани сұраныстың ауыр жүгі негізінен сөз өнеріне, музыка (саз) өнеріне және қолөнеріне жүктелген көшпелілер қоғамында ақынның толғауына, сазгердің ән-күйіне, шебердің бұйымына, әдетте, халықтын өзінің талғампаз өресі сарапшы болып отырған. Мұның өзі көшпелілер қоғамындағы төлтума өнер түрлерінің ұдайы шыңдалып отыруының бірден-бір кепілі еді.
22.06.76
Айдың жүзі болып қалды, астанадағы жаңа жұмыс әуеніне үйрене бастағандаймын.
Бүгін Әбдіжәміл Нұрпейісовке ауруханада жолықтым. «Социалистік Қазақстан» газетінің екі нөміріне «Көкшетаудың қос жүйрігі» деген очеркі шығып жатыр еді. Соның гранкесін
оқытып алып қайттым. Жазғанына аса жауапты қарайды екен. Бар дүниені ұмытқандай, шұқшиып отырып оқып шықты. Ойланып отырып, бірер сөзін түзетті.
Әңгіме арасында: «Бір жерің ұнамайды. Ол – Ақселеу деген есімің. Маған Сәбең марқұм – Сәбит Мұқанов айтушы еді: «Сен не Әбдіні ал немесе Жәмілді ал, сонда айтуы қиын болмайды, – деп. Сондай-ақ, сен есіміңді өзгерт. Әсіресе, орыс тілінде «у» деп аяқталатын сөздерді айту қиын», – деді.
Тағы да сөз арасында Әбіш Кекілбаевқа Әбілқайыр хан туралы кесек дүние жаз деп ақыл бергенін, ол қазір бұл ақылға құлақ асып жүргенін айтты.
Егіске байланысты академик Бараев сөз болды. «Ғылым мен тәжірибе егіз, ғылымның өзі ұзақ бақылаудан, тынымсыз терген тәжірибеден туындайды», – деді.
Әбекең салқын қоштасты. Есіктен шығар алдында маған: «Жазғандарыңды әкел, оқиын», – деді. Мен бас изедім. Іштей ағамыздың тақымына толмадым-ау деген сезіммен шықтым.
24.11.77
Ескерткіштерін сақтай білмеген елдің ұлттық танымы мен сана-сезімі күңгірт тартады. Ондай халық ерік-күші жағынан да, рухани жағынан да әлжуаз болады. Сыртқы күштердің әсер-ықпалына талғаммен қарай алмайды, оп-оңай жетегіне ілесіп жүре береді. Ақырында құрып бітеді немесе мүлде басқа сапаға айналады.
25.01.78
Погодин, Каплер, Фадеев, т.б. жазушылар өздерінің негізгі шығармаларын тапсырмамен, заказбен жазыпты... Ой, бейбақтар-ай...
29.01.78
Құрманғазы дүние дидарындағы мың-сан құбылысты дыбыс қалпында қабылдаған болу керек.
13.02.78.
Ғабиден Мұстафинның бір сөзі есімнен кетпей жүр. Қаңтардың 29-ы күні жас жазушылардың кеңесі өтті. Ғабиден кеңесті сөз сөйлеп ашты. Жастарға жазушылықтың мәртебелі де мәнді еңбек екенін, мән-маңызын айта келіп: «Ертеректе ұлтшылдық деген індет шығып еді, – деді, – оны жеңдік, көмдік. Енді ұлтсыздық деген індет шаң бергендей. Ол не деген сөз?! Жазушы өзі жазар тілдің қыр-сырын жете білмесе, дарияға ескексіз қайықпен түскендей болмақ. Демек, ұлтыңның жан сырын, болмыс-тіршілігін терең біле отырып жазбасаң, әсіресе, тіліңді жүдетсең ұлтсыздық болып шығады».
Ғабиден менің көз алдымда «ұлтсыздық» деген тың ұғымды дүниеге әкелді.
02.10.78
Редакциядағы бөлмеде Өтежан Нұрғалиев және екі-үш жігіт отырмыз. Сөзден сөз шығып отырып, Тоқаш Бердияровтың бір мінезі тілге тиек болды. Бірде Тоқаш таныс жолдастарының арасында отырып:
– Соғыс болса екен! – депті.
– Тоқа-ay, мұныңыз қалай, өзіңіз соғысқа жарты жаныңызды беріп қайтқан жоқсыз ба, қайдағыны айтқаныңыз неғылғаныңыз? – деп жігіттер үрпиісіп қалады. Сонда Тоқаш:
– Әрине, соғыс жақсы емес қой, бірақ соғыс болса біраз ататын кісілерім болып жүргені! – депті...
Осы әңгімені естіп отырған Өтежан мырс-мырс күлді де:
– Тоқаң әлі романтик екен-ау! – деді.
– Неге олай дедіңіз? – деп сұрадым.
Өтежан басын шайқап, әрі өкінгендей, әрі Тоқаштың балаң қылығына күлгендей шыраймен:
– Өйткені, олай күресуге болмайды ғой! Соғыс бола қалса, Тоқаштың атамын деп өшігіп жүргендері тылда қалады да, Тоқаштың өзі алдымен соғысқа кетеді ғой. Жоқ, олай күресуге болмайды, мен олай күреспес едім, – деді.
– Сіз қалай күресер едіңіз?
– Мен бе, – деді Өтежан, – мен көшеде, автобус ішінде, асханада, трибунада, моншаның ішінде күресер едім. Тоқаштың айтып отырғаны індет қой. Індетпен кез келген жерде күресуге тура келеді. Өйтпесең сен майдан алаңын сайлап жүргенде, олар шалып жығып кетеді.
– Өтеке, осы сізде дос бар ма? – дедім сөз арасында.
– Қазіргі заманда дос деген әлсіз, дәрменсіз адамдарда ғана болады.
– Дегенмен...
– Дос бар ғой. Мәселен, қалалық атқару комитетінің председателі – менің жауым, ал егер ол орнынан түссе, мен ертеңінде онымен дос боламын.
...Өтежан Уитменді, Рыбаковты сүйіп оқитын көрінеді.
"Қазақ үні" газеті