Кім кімге қанша қарыз?
2015 ж. 11 қыркүйек
1870
0
Павлодарлық энергетиктер тұтынушыларға 48 млн теңгедей қаржыны қайтарып беруі тиіс. Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті, аймақтағы жылумен қамту кәсіпорнына осындай нұсқама жолдаған.
Аталған департаменттің ақпаратына сәйкес, қайта есептеу сомасы жылыту маусымы кезіндегі ауаның нақты температурасын ескере отырып шығарылады. Ал, 2014 - 2015 жылғы жылыту маусымында күн райы белгіленген межеден жоғары болды. Осыған орай, өткен жылдардағы жылуға ақы төлеген тұтынушылардың қаржысы қайта есептелген.
-Павлодар қаласы бойынша есептелген қорытынды бойынша тұтынушыларға қайтарылатын сомма 23 млн 119 мың теңгені құрады. Ал, Екібастұз қаласы бойынша 23 млн 739 мың теңге. Облыс аудандарында қайтарылатын сомма 1 млн 600 мың теңге,- дейді Павлодар облысы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бөлім басшысы Думан Шаханов.
Алайда монополистер мұнымен келіспейді. Айтуларынша, департаменттің әрекеті қолданыстағы Заңға қайшы. Қысқасы, энергетиктер енді құқықтарын қорғау үшін, сотқа арызданды. Ия, бұл бір ғана жекелеген жағдай. Тұрғындар қызметіміз үшін ақша төлемейді деп жылайтын су, электр қуаты сияқты барлық салалар бойынша монополистердің мәселесін бүкіл еліміз аумағында май шаммен қараса қаншама қаржы халыққа қайтарылар еді? Сонда кімнің кімге қанша қарыз екені белгілі болады.
Зейнолла Қабиоллаұлы
"Қазақ үні" газеті