Қазақстан көшелерінде түкіруге арналған жәшіктер орнатылмақ
2015 ж. 03 қыркүйек
1176
2
Қазақстанда M.I.C. әлеуметтік жарнама республикалық байқауы аясында түкіруге арналған жәшікті ел назарына ұсынбақ. Мұндай жоба ТМД елдері аймағында алғаш рет жүзеге асырылады.
Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқы болып түкіруге арналған жәшіктер орнатпақ. Акция M.I.C. республикалық әлеуметтік жарнама байқауы аясында жүргізіледі.
Бұл туралы 3 қыркүйекте MEGA Chaplin-де өткен баспасөз-конференциясында байқау ұйымдастырушылары – танымал жарнамашы Асхат Өскембаев пен «Бауыржан» қайырымдылық қорының президенті Жұлдыз Омарбекова мәлімдеді.
«Біздің қоғамды алаңдатқан тақырыптардың бірі – лас қаланың, экологияның мәселелері. Байқау аясында біз ТМД елдері ішінде алғаш болып, түкіруге арналған жәшіктерді шығаруға бел будық. Бұл жәшік қаланың тазалығы мен мәдениетіне әр тұрғынның жауапты екенін еске салып отырады. Бұл өзекті мәселе екені рас емес пе? Қоқыстың да өз орны болуы тиіс. Ресейде “Бәрібір” деген әлеуметтік жарнама бұл мәселені көтеруде тамаша үлгі көрсетті», – дейді Жұлдыз Омарбекова.
Түкіруге арналған жәшіктерді M.I.C. байқауының ұйымдастырушылары Алматыда қыркүйектің соңында жүзеге асыруға кіріспек.