Байқоңыр: «Союз ТМА-18М» басқарылатын кемесінің экипажы ұшуға әзір! (ФОТО)
2015 ж. 02 қыркүйек
2411
0
«Союз ТМА-18М» кемесінің негізгі экипажының ұшу қарсаңындағы күні қарбалас болды: мемлекеттік комиссияның отырысы, журналистер үшін баспасөз мәслихаты, қазақстандық вице-премьермен кездесу, туыстарымен толқулы жүздесу, ғарыштық цех бойынша жолдастарының ақыл-кеңесі.
Бұл күні ХҒС-ға 45-46-шы экспедицияның командирі ресейлік Сергей Волков, бортинженерлер - дат өкілі Андреас Могенсен және қазақстандық Айдын Айымбетов ұшуға даярлықтары жөнінде үш рет баяндады.
Ресейлік Федералдық ғарыш агенттігінің басшысы Александр Иванов бастаған мемлекеттік комиссия олардың экипажын ХҒС-қа ұшыру жөнінде түпкілікті шешім қабылдады.
Ұшыру алдындағы баспасөз мәслихатында журналистерді экипаждың ұшуға әзірлігі қызықтырды, өйткені команданың екі мүшесі ғарышқа алғаш рет ұшқалы отыр.
Кеме кмоандирі Ресейғарыш ғарышкері Сергей Волков бұл жолы ғарышқа үшінші рет сапар шеккелі тұр, ол өз әріптестерінің әзірлігі деңгейін жоғары бағалады және «Гагарин алаңынан» ұшатын 500-ші мерейтойлық ұшыру ойдағыдай өтетініне сенімін білдірді.
Сергей Волков «жаңа» ғарышкерлерді алып ұшумен қатар, келесі жылдың наурыз айында кеме командирі ретінде бір жыл бойы стансада жұмыс жасап жатқан Михаил Корниенко мен Скотт Келлиді Жерге алып қайтпақ.
Сергей Волко ХҒС бортындағы үлкен ғылыми бағдарлама жөнінде айта келіп, оның еуропалық, қазақстандық және ресейлік ғылыми бағдарламалар бойынша жүргізілетінін атап өтті.
Еуропалық ғарыш агенттігінің астронавы Андреас Могенсен баспасөз мәслихаты кезінде ғарышқа ұшуды көптен бері армандағанын және Данияның алғашқы астронавты болатынын мақтан ететінін айтты.
Қазғарыш ғарышкері Айдын Айымбеетов ғарышқа кішкентай қызы Даяна тіккен ойыншықты өзімен бірге ала кететінін айтты. Сонымен бірге қазақстандық ғарышкер ҚР мемлекеттік рәміздерін ала жүреді. «ҚР Конституциясының мерейтойына орай мемлекеттік ту мен Негізгі заң мәтінін ала кетемін», - деді ол.
Ұшу алдындағы күні экипаж мүшелері ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевпен кездесті, ол Байқоңыр ғарыш айлағына құрамында қазақстандық ғарышкер бар экипаждың ұшырылуын бақылауға арнайы келген болатын.
«Юбилейный» әуежайында қазақстандық вице-премьерді «Байқоңыр» ғарыш кешенінің басшылары, Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қарсылады.
Үкіметтік делегация бірден Байқоңыр қаласындағы «Космонавт» қонақүй кешеніне тартты, мұнда ғарышкерлер мен астронавтар екі апта бойы ұшуға даярланып жатқан болатын.
Б.Сапарбаев ҚР Президентінің және бүкіл қазақстандық халық атынан Байқоңыр ғарыш айлағынан 2015 жылғы 2 қыркүйекте ұшырылатын экипажды құттықтады.
«Сіздің әкеңіз Александр Волков біздің алғашқы қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ұшқан экипаждың командирі болған еді, енді Сіз осы эстафетаны жалғастырылып, біздің Айдын Айымбетов ұшатын экипаждың командирі болып отырсыз», - деді вице-премьер Сергей Волковқа қарата айтқан сөзінде.
Ол ғарыштық ұшудың жаңа мүшелері алғашқы дат ғарышкері Андреас Могенсен мен ҚР-ның сынаушы-ғарышкері Айдын Айымбетовке сәт сапар тіледі.
Қазғарыш басшысы Талғат Мұсабаев Қазақстанның вице-премьеріне ХҒС бортына Айдын Айымбетов Қазақстан Республикасының туын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жалауларын алып ұшатынын хабарлады.
Бердібек Сапарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне экипаж мүшелеріне тарихи мерейтойлық медальдарды тапсырды.
«Мен елімізде ғарыш қызметін дамыту жақсы қарқынмен жүріп жатқанына қуаныштымын, бұл жолғы ұшыру соның айқын айғағы», - деді Б.Сапарбаев.
Ұшыруға үш сағат бұрын 07 сағат 40 минутта Сергей Волков, Андреас Могенсен және Айдын Айымбетов ұшыру алаңына шығып, Байқоңырға келген көптеген қонақтардың алдында мемлекеттік комиссияға ғарышқа ұшуға әзір екендіктерін баяндады.
08.00-08.30-да экипаж кемеге отырды. «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесінің ұшуы Астана уақытымен 10 сағат 37 минутқа жоспарланып отыр. Бұл «Союз» зымыран-тасығышының 500-ші мерейтойлық ұшырылуы болмақ.
«Союз ТМА-18М» кемесінің ХҒС-мен түйісуі екі тәуліктен кейін болады, Андреас Могенсен мен Айдын Айымбетов орбитада жұмыс жасап жатқан ресейлік ғарышкер Геннадий Падалкамен бірге Жерге 12 қыркүйекте оралады.
Әлемдік космонавтиканың отанына айналған қазақ жері өзінің ұлдарының ғарыштық миссиясын ойдағыдай орындап оралуын асыға күтетін болады.
ҚазАқпарат