Біздің құрылыстар қайта жөндеуден тұрады

бесоба

БҰЛ САЛАНЫҢ СӨЗДІК ҚОРЫНДА «САПА» ДЕГЕН АТАУ АТЫМЕН ЖОҚ

Петропавлда былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен көпір бір жыл өтпей жатып жарамсыз болып қалды. Сондықтан, жұмысшылар оны қайтадан қалпына келтіруге кірісті. Ал тұрғындар өткен жылғы жөндеу жұмысына бюджеттен бөлінген миллиондаған қаржы қайда кетті деп отыр. Оның үстіне шаһарда қайта салуды қажет етіп тұрған ескі жолдар мен өткелдер жетерлік.

Қызылжардың көпірі ғана емес, бүкіл еліміз бойынша құрылыс сапасы сын көтермейді. Былтыр осындай жағдай Керекудің көпірінде де болған-ды. Қызылорда мен Астанада мектеп құрылысында жаңа ғимараттың төбесі құлағаны да ұмытыла қойған жоқ. Қарағандыда Бесоба ықшамауданындағы қабырғасы қақ айырылып құлаған бірнеше тұрғын үйлер де үрейді алғаны белгілі. Оның тұрғындарының көбісі осы күні бүгінге дейін баспанасыз жүр. Алматыдағы жаңадан салынып, пайдалануға берілген солтүстік айналма жолдың да жолы болмай қойды. Күнара жолды жауып, қайта-қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Кеше ғана қала тізгінін қолға алған жаңа әкім Бауыржан Байбек тағы бір тұрғын үй кешені құрылысына байланысты дау-дамайды өз көзімен көріп қайтты. Тағы да сол құрылыс сапасын айтып зар жылаған жұрттың көз жасын сүртіп, құрылысшылармен қызылкеңірдек болды. Айта берсек мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Тіпті кез келген құрылысты алсақ та болады. Негізінен құрылыс саласы ең тиімді бизнес болып есептеледі. Оған бюджеттен қаржы молынан бөлініп жатқанына ел куә. Бұл туралы Елбасының өзі әлденеше ескертіп, сапаға баса назар аудару керектігін қадап айтқан болатын. Бірақ оған құлақ асып жатқан құрылыс компаниялары мен билікті көрмедік. Жергілікті шенеуніктер жер-жерлерде құрылыс нысандарына бақылау жасауды біржола қойған секілді. Салынып біткен нысанды көзін жұмып қабылдай салады. Салдарынан тұрғындар түрлі қиындықтарға тап болады. Неге? Бұл жерде де сыбайлас жемқорлықтың белгілері байқалады. Бүгінгі тендер дегеннің табалдырығын тізгін ұстағандардың тамыр-таныстары ғана аттай алады. Олар ортада жүрген, қағаз жүзінде ғана бар делдал компаниялар. «Откат» орын алған жерде құрылысқа бөлінген қаржы ортаяды, соған байланысты құрылыс сапасы да құлдырайды. Құрылыс қазанына қол сұққан жергілікті билік жұмыс сапасын қалай сұрамақ, не бетімен талап ете алады? Бұл сапаға байланысты жалпыға белгілі бір ғана себебі, одан басқа да жолдары жеткілікті. Құрылыс сапасы міне бірнеше жылдан бері тұрақты айтылып келеді. Бірақ, құрғақ сөзден әрі аса алған жоқпыз. Өткенде құрылысқа қатысты жаңа заң қабылданады деген хабар шыққан болатын. Бәлкім жаңа заң қабылданса бұл саланың сөздік қорында «сапа» деген атау пайда болатын шығар...

Зейнолла АБАЖАН

"Қазақ үні" газеті