Қазақстанда тарихи ескерткіштердің жанында туыстарын жерлеу сәнге айналған ба?!

Тарихи ескерткіштердің жанында туыстарын жерлеу бай-манаптардың арасында сәнге айналған. Әсіресе 550 жылдық тарихы бар Қазақ хандығының қалыптасуына өзіндік үлесін қосқан билер мен қолбасшылардың жанында мұндай зираттар көбейіп кеткен, - деп хабарлайды Алматы арнасы.

1288153475_0c99327254a2

Фото: ru.esp-group.kz

Қазақ хандығының 550 жылдығының аясында заманның тілсіз куәсіндей болған ескерткіштер түгенделе бастаған. Ғалымдар шежірелі өңірлерді аралап, Қазақ елінің шаңырақ көтеруін зерттеген. Нәтижесінде ондаған тарихи жәдігердің мүшкіл хәлде тұрғандығы айқын болды. Біреуі күрделі жөндеуді талап етсе, қалғандары элиталық мазарларға айналған. Бұлай деуге себеп, қалталы азаматтар соңғы уақытта о дүниеге аттанған ата-бабасын хандар мен билердің жанына жерлеуді құп көруде.

«Өкінішке қарай, дәл Жошы хан ескерткішінің жанында 10 метр жерде бір азамат өзінің әке-шешесіне арнайы кесене қойған екен. Мұны біз аудан әкімімен кездескен кезде көңіл аударып айттық. Бұл қалай, мәдени ескерткіштің жанында дедік. Бізге кезінде болып кеткен екен, енді болмайды деген жауапты естідік», – деді мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған.

Бұл бассыздықты айқындаған отандық тарихшылар енді әр өңірдің атқамінерлерімен күресуде. Көненің көзі, әрқайсысы тұтас бір ғасырдан сыр шертетін ескерткіштердің жанынан жер сатқандар айқындалып жатыр. Сарыарқа төсіндегі аңызбен астасқан Ұлытау өлкесі мен тарихы мол Тараз, Сауран, Жетісудағы жәдігерлеріміз түгенделуде.

«Жүз рет естігенше, бір рет көрген жақсы» деген. Жас ғалым ретінде Ұлытау, Тараз жерлеріндегі кесенелерді мен болашақта өз жұмыстарымда пайдаланамын. Мәселен, ара қашықтықты есептеу. Ұлытаудан Созаққа дейінгі ара қашықтық мен үшін қызық болды», – деді жас тарихшы Айбар Әбілев.

Тарихшылар небәрі бір аптаның ішінде төрт жарым мың шақырым жерді аралап, қабырғасы үгітіліп, құлауға шақ қалған мұраларымыздың куәсі болыпты. Алдағы уақытта еліміздің мәдени ескерткіштерінің қатарына енген кесенелердің жанындағы қарапайым азаматтардың мазарларын көшіру мәселесі шешілуде.

Дереккөз: Алматы ТВ