Мектептегі қағазбастылық пен тексерулерге мораторий жариялау қажет
2015 ж. 08 шілде
3973
3
Биылғы мектеп бітірушілердің әрбір екіншісін кәсіптік оқуға бағыттай алғанда мемлекеттің 25 млрд. теңгесі үнемделер еді. Сенат отырысында дербес білім беру ұйымдарының қызметін реттеу мәселелеріне арналған заң жобасын талқылау барысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы осындай пікір білдірді.
«Биылғы мектеп бітірген оқушылардың 44 мыңы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан жоқ. Ал ҰБТ-ға қатысқан 81 мың оқушының 15 мыңы, яғни әрбір бесінші талапкер 50 балдан төмен көрсеткіште қалып отыр. Демек, биылғы оқу жылында еліміздің орта мектептерін бітірген 125 мың оқушының 60 мыңын, яғни әрбір екінші оқушыны тоғызыншы сыныптан кейін кәсіптік оқуға бағыттай алғанда мемлекеттің 25 млрд. теңгесін үнемдеген болар едік», - деді сенатор.
М.Бақтиярұлы министрліктің орта білім беру саласын жан басына қарай қаржыландыру мәселесін кешеуілдетіп жатқанын да сынға алды. Оның пайымынша, бұл істі соза беруге де болмайды. Бұдан бөлек, депутат Білім министрлігінің кәсіптік орта оқу орындарын бітірушілердің жоғары оқу орнына түсу үшін орта мектеп бағдарламасы негізінде тест тапсыруы туралы шешіміне де сын айтты. Оның сөзіне қарағанда, орта мектептің бағдарламасы бойынша пән сабақтарын колледж оқушылары қысқартылған түрде ғана оқиды. «Елімізде жыл сайын кәсіптік орта оқу орындарын 80 мыңға жуық оқушы бітіреді. Олардың басым бөлігі жоғары оқу орындарына түсу үшін кешенді тест тапсырады. Соңғы үш жыл бойы кәсіптік орта оқу орнын бітіріп, жоғары оқу орнына түскісі келгендердің 70 пайызы кешенді тестілеуден өте алмаған. Бұл өскелең ұрпаққа жасап жатқан тәжірибе секілді көрінеді», - деді Мұрат Бақтиярұлы.
Депутаттың айтуынша, бүгінгі күні елімізде 7561 орта білім беретін мектептерде 2,5 млн. оқушы оқиды. Оларға 300 мыңға жуық мұғалім сабақ береді. «Біздің мұғалімдердің орташа жалақысы 45-62 мың теңге шамасында ғана. Мұның үстіне мектептердегі қағазбастылық мәселесі сын көтермейді. Қазір мұғалімдердің пәнді терең білуі, оған қатысты ізденуі мен сабақ мазмұнын терең түсіндіріп беруі басты талапқа жатпайтын болып барады. Керісінше, сабақ жоспарының жасалуы, баға қою дәптері, журналдары, Ұлттық бірыңғай тестке дайындау басты көрсеткішке айналған», - деді депутат.
«Алайда, қаптаған қағаз бен бітпейтін комиссия тұрғанда білім бәсекеге қабілетті бола ала ма? Бізге осыншама таусылмайтын қағаз толтырудан гөрі терең білімді, сауатты ұрпақ дайындау маңызды болса керек. Демек, мектептердегі қағазбастылық пен тексерулерге мораторий жариялау керек», – деді сенатор мектептегі тағы бір түйінді тарқатудың нақты жолын көрсетіп. Сенатор сөздің ашығын айтып отыр, бұған тағы да ұстаздарды жыл бойы тегін қоғамдық жұмыстарға жегетінін, дәрігерлердің де дәп осындай күн кешіп жатқанын қосу керек еді.
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті