КЕШІР, АЛЛА! АУЫЗАШАРЫҢЫЗ ДА «ШОУҒА» АЙНАЛДЫ
2015 ж. 03 шілде
4034
4
Жазбауға болмады. Ауызашардан берілген «фоторептортаждардан» көз сүрінеді. Бас-аяғы жоқ, жойдасыз комментарий өз алдына.
Ағайын, осы суреттерде Аллаға, Пайғамбарға деген махаббаттың, мадақтың ешбір нышаны жоқ, жылына бір айналып соғатын Ұлы оразаны ұстағанына міндетсіген, соны жарты әлемге жар салып жеткізгісі келетін, сол үшін өзгеден мадақ, мақтау күтетін бейшаралықтың, топастықтың қарабайыр белгісі ғана бар. Ағайын, мынау Аллаға құлдық, мінәжат емес, ғазиз жүректеріңді меңдеген атаққұмарлықтың, нарциссизмнің сырқаты. Дәл осы отырғанда сендер кешірім мен ақірет туралы ойлап отырған жоқсыңдар, ертең Фэйсбукке шығатын суреттерің мен оған қанша лайк басылатыны туралы ғана ойлап отырсыңдар. Ағайын, он бір айды кім, қалай сүретіні өз еркінде ғой. Осы бір ұлық айды күнәһар ой-қылықтарымыздың қолжаулығына айналдырмай, дарақыланбай, даңғойлыққа салынбай, имани жүз, көркем мінезбен, саф таза күйінде өткізейік те.
Бұл тіпті мүмкін болмаса, тым құрыса, суреттің астына «Кеше халқымыздың күміскөмей әншісі, қамқоршы ағамыз Пәленбай ауызашар беріп, онда тіл жанашыры, белсенді депутат ағамыз Түгенбай ағамыз тілге, оралмандарға қатысты ойларын ашық жайып салды. Көз бен көкірегіміз ашылғандай болды!» немесе «Кеше белгілі журналист, ақын Пәленше деген ағамыз берген ауызашарда қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат Түгенше деген ағамыз ана бір мәселеге қатысты мына бір пікірін білдіріп, осындай тағылымды әңгіме айтты. Респект!» деп, бірдеңе жазып қойыңдаршы...
Талғат Ешенұлы,
Фейсбук желісіндегі жеке парақшасынан алынды