Жастардың мешіттен тыс жасырын некеге тұруы жиілеп кеткен...
2015 ж. 02 шілде
4117
1
Елімізде ата-анасына айтпай, жастардың жасырын түрде мұсылмандық некеге тұруы белең алып барады. Көбінесе жақын достары ғана куә болатын неке рәсімінен туыстары бейхабар қалады.
Қазақстанда жастардың отбасы құру жолдары әртүрлі. Әсіресе, қалаға келіп жоғарғы оқу орнын аяқтамай жатып көңіл қосқандар оңай үйлене салудың жолын іздейді. Ал өзін дін жолында жүрміз деп есептейтін көптеген жастар ата-анамыздан рұқсат сұраудың тіптен қажеті жоқ дейді екен.
“Дін жолында жүретіндер ата-анасының рұқсатынсыз өздері некелесуге бел буады. Өйткені, әке-шешеміз намаз оқымайды дейді. Ол кісілер “кәпір”, демек, біздің олардан ешқандай рұқсат алуымыздың қажеті жоқ, біздің куәгерлеріміз басқа деп ойлайды”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Нартай Рысқали.
Дін жолында жүретіндер ата-анасының рұқсатынсыз өздері некелесуге бел буады. Өйткені, әке-шешеміз намаз оқымайды дейді
Өздерін тура жолдамыз дейтін адасушы жастарға имамдар керек кеңесін айтады. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі дін істері комитеті неке қию рәсімін тек АХАЖ-дан кейін орындауды қайтадан құлаққағыс етті.
Бұл талап бұрыннан бері бар зайырлы мемлекет болғанымызбен, ата-анасының келісімінсіз бас қосқысы келген жастарға мешіттер неке куәлігін ұстата беретін. Енді дін өкілдері алдымен олардың заң жүзінде ерлі-зайыпты болуын талап етеміз дейді.
“Мұқият қараймыз. Ата-аналарының қатысуын талап етеміз. Және АХАЖ бөлімінен міндетті түрде некеге отырғаны турасында куәлігі болғанын талап етіп жатырмыз біздер”, – дейді Алматдағы Таугүл-3 мешітінің бас имамы Нұржан қажы Таласұлы.
Қазіргі қоғамдағы мұсылмандық некенің мәні мен маңызын сәләфи ағымында жүргендер жойып жатыр дейді дін өкілдері. Себебі алған әйелін аз уақыттың ішінде талақ етіп, өзге бір танысына әйелдікке ұсынуды ата дініміз қабылдай алмайды. Тіпті олар некелесу рәсімін мешіттен тыс жерлерде жүзеге асыратын көрінеді.
Көп жағдайда олар некелерін мешітте рәсімдемейді. Ол анық. Өздері оңаша бір жерлерде некесін қиюы мүмкін
Жат ағымдағы топ өкілдеріне алданып қалатын қаракөз қыздардың тағдыры аянышты. Бір қарағанда мұсылмандыққа жанаспайтын, келісімнен туған азаматтық некенің екінші баламасы сияқты.
“Көп жағдайда олар некелерін мешітте рәсімдемейді. Ол анық. Өздері оңаша бір жерлерде некесін қиюы мүмкін. Бұл түбегейлі шариғат заңына қайшы. Осыны жақсы түсінуміз керек. Дінді ойыншық қылуға болмайды”, – дейді Таугүл-3 мешітінің бас имамы Нұржан қажы Таласұлы.
Мамандар мұндай ағымның некелесу шарты мемлекет үшін қауіпті, ұлттың азғындануының алғышарты деп таниды. Сондықтан олармен мемлекеттік деңгейде күресу керек дейді.
Дереккөз: 31 канал