Балабақша кезегі бас ауруға айналды
2015 ж. 30 маусым
3868
0
Мәжілістің пленарлық отырысында «Ақ жол» депутаттық фракциясы атынан халық қалаулысы Талғат Ерғалиев еліміздегі мемлекеттік балабақшаларға кезекке қою мәселесіне қатысты қазіргі тәртіпті түбегейлі өзгерту керектігі туралы мәлімдеді.
«Бүгінгі күні жас отбасыларға бүлдіршіндері үшін мемлекеттік балабақшадан орын алу үлкен мәселеге айналып отыр. Қазір жекеменшік балабақшалар көптеп ашылып жатқанымен оның бағасы ата-аналардың қалтасын қағып, қолжетімсіз деңгейге көтерілген. Шамамен айына 50-60 мың теңге, оны бәрі бірдей төлей алмайды. Салыстырып көрелік, мемлекеттік балабақшадағы тәрбие қызметі бір балаға айына 7 мың теңгеден басталады. Мемлекеттік балабақшадан орын алу үшін ата-аналарға жылдар бойы тиісті мекемелердің табалдырығын тоздыруға тура келеді. Бұл саладағы орынды бөлудегі бюрократтық бөгеттер мен таусылмайтын тежеулер көпшіліктің наразылығын тудырып, жыл сайын үлкен дау-дамайға айналуда» - делінген депутаттың ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің атына жолдаған сауалында.
Депутаттық сауалда мемлекеттік балабақшадан орын алудағы заңбұзушылықтар аталып көрсетілген. Мысалы, 2011 жылы дүниеге келген сәби кезекте 4530-шы болып тұрса, 2014 жылы туылған басқа бала сол жылы-ақ, неге екені белгісіз, заңды түрде балабақшадан орын алып қояды. Тағы бір «ерекшелік», арыз айтқан ата-аналардың байқауынша жыл басында туылған баланың өзгелерге қарағанда балабақшадан орын алуға мүмкіндігі көбірек екен. Ал жыл соңында дүниеге келгендер кезектің соңында қалатын көрінеді.
Депутат елдегі осы мәселеге қатысты кейбір ресми деректерді де келтірді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше елімізде 2014 жылдың қазан айына берілген ақпаратқа сәйкес балабақша кезегінде бір мен алты жас аралығындағы 544877 бала кезекте тұрса, оның 194668-і 3-6 жастағылар. Министрліктің деректеріне сүйенсек биыл елімізде 11720 орындық 43 балабақша пайдалануға берілмекші. Соның ішінде 10 балабақша Астана қаласында салынбақшы. Талғат Ерғалиевтің айтуынша бұл балабақша кезегін небары 2,2 пайызға ғана қысқарта алады. Осы балабақшадағы орын мұқтаждығына байланысты жемқорлыққа жол беріліп отыр деп есептейді «Ақ жол» партиясы. Бас прокуратураның берген мәліметтеріне қарағанда 2010-2014 жылдар аралығында мектеп жасына дейінгі тәрбие беру мекемелерінде 167 заңбұзушылық анықталып, 253 басшыға тәртіптік шаралар қолданылған.
Халық қалаулысы елде жүргізілген онлайн-сауалдардың қорытындысын да келтірді. Мысалы баласына орын алу үшін ата-аналар «алғыс» ретінде шамамен 5-200 мың теңге аралығында пара береді екен. Сонда бүкіл еліміз бойынша бұл көрсеткіш 1,5 миллиард теңгеге жетіп жығылады. Қазақстандағы балбақшаларда жарты миллионға жуық бала тәрбиеленеді. Жыл сайын балабақша табалдырығын жүз мың бала аттайды. Сол жүз мыңның кем дегенде жартысы жаңағыдай пара беру арқылы орын алатынға ұқсайды. Бұл жерде ата-аналардың кейбірі ерікті түрде бір орын алу үшін ақша ұсынуға мәжбүр болады.
2015 жылғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасымыздың айтқан тапсырмасына сәйкес қолданыстағы ғимараттың астыңғы қабатында балабақшалар, емханалар, түрлі орталықтарды орналастыру осы мәселені шешудің тиімді жолдарының бірі болып табылады.
Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы Үкімет басшысына Білім және ғылым министрлігіне қазіргі балабақшаға кезекке қою мәселесін қайта қарауды тапсыруын сұрады. Сол сияқты Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс жөніндегі комитетіне ғимараттардың бірінші қабаты мен жертөледе балабақшаларды орналастыру тәртібін барынша жеңілдету туралы шешуді қарастыру керектігін еске салды. Бұл өз ретінде елдегі балабақша кезегін қысқартады деп атап өтті депутат Талғат Ерғалиев.
"Ақ жол" ҚДП баспасөз қызметі
"Қазақ үні" газеті