Қазақстандық мультимиллионер Бауыржан Оспанов туған жері - Алматы облысы, Алакөл ауданы, Жыланды ауылының тұрғындарына қасиетті Ораза айы қарсаңында тегін қымыз таратып, ішімдік саудасын тоқтатты, деп хабарлайды Әзірет сұлтан мешітінің баспасөз қызметі Businessnews.kz. сайтына сілтеме жасап.
Кәсіпкердің мұндай қайырымдылық іспен айналысуына оның салауатты өмір сүру салтын насихаттауға, жастарды спортқа баулуға деген құлшынысы себеп болған. Сонымен қатар, ол қазақтың ұлттық сусынын танымал брендке айналдыруға ниетті.
Осы мақсатта Жыланды ауылында күніне 20 құлынды бие сауылып жатқан көрінеді. Сондай-ақ, қымыздан басқа да сүт өнімдері дайындалып, олар да тегін таратылуда. Ол жерде жұмыс істеп жатқан сауыншылар мен жұмысшыларға кәсіпкер өз қаражатынан жалақы да төлеп отыр.