ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ТІЛІ НЕГЕ ХАЛЫҚҚА ТҮСІНІКСІЗ?!.
2015 ж. 19 маусым
2635
2
Шенеуніктерді айтпағанда, депутатттардың көбісі екі сөздің басын құрай алмай тұрады. Осыдан кез-келген мемлекеттік бағдарлама қажетті түсіндірмеден ақсап жатады.
Халыққа түсінікті тілде түсіндіру – жұмыстың басы. Егер сол жұмыстың өзін құрдымға жіберсеңіз, "аузы жесе де қан, жемесе де қан" деген қарғысқа қаласыз... Біріншіден, әрбір мемлекеттік қызметкер ішкі бюрократиялық стильдегі тілдесуін әсіресе халықпен байланыс барысында шатастырып алады. Осыдан кез-келген мемлекеттік бағдарлама немесе бастама, алысқа кетпей-ақ, қарапайым Елбасының Жолдауын ақпараттық құралдар арқылы насихаттаған уақытта да, қажетті түсіндірмеден ақсап жатады. Шенеуніктерді айтпағанда, депутатттардың көбісі екі сөздің басын құрай алмай тұрады. Оны күнделікті сұхбаттардан, кездесулерден, жаңалықтардан, аймақтардағы сапарларынан көріп жүрміз. Кейде "не айтып тұрғанын өздері түсініп тұр ма?"- деген сауал туындайды. Біз сияқтылар түсіне жатар, өзінің тілінде тәптіштеп, жіліктеп мемлекеттік жұмысты түсіндірмесе, күйбең тірлікпен жүрген қарапайым тұрғындар не түсініп жатады? Осы жерде жалпы ақпараттық түсіндірме жұмыстарының тізерлеп тұрғандығы, тіл байлығының шорқақтығы, қазақшадан гөрі орысшаға көп жүгіретіндігі, қағаздың тілімен ақылды әшкиін түріп қойып сөйлейтіндігі - мемлекеттік бастамадағы қоғаммен байланысының үзілуіне әкеледі. Көп қоғамдық орталарда білімді, сауатты мамандар, зиялы қауым өкілдері дегендердің өздері де саяси қате пікірлерге ұрынып жатады. Біршама пікірлер алмасудан ойлары өзгеріп, өзгені мақұлдай кетеді. Өйткені дұрыс ақпарттық түсіндірме жұмыстарының салғырттығы жұртты - ақыры өсекке, алып-қашпа сөздерге, үрейлендіретін әңгімелерге итермелейді. Олардың көзімен шенеуніктер мен депутаттар басқа әлемнің өкілдері, временщиктер, ұрылар, өтірікшілер, қылмыскерлер, шаш десе бас алатындар т.с.с. көзқарастар қалыптасқан. Әрине, мұның бәрі қарапайым байланыстың адами тілмен тілдесудің жоқтығынан. Сол себепті таққа не креслоға отырғызылар алдында да, кандидаттың географиясы мен биографиясына, дәулеті мен әулетіне ғана мән бермей, а мен б-ны қоса алатындығына, қарапайым адами-азаматтық қасиеттеріне де зор көңіл аудару керек. Себебі, ертеңгі күндері мемлекеттің абыройын асыратын да, айрандай төгетін де солар болмақ. "Кадры решают все!" дегеннің бір мағынасы осында...Мақсат Жақау, "Ақ жол" ҚДП төраға кеңесшісі, саясаттанушы.
qazaquni.kz