«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметінің БАҚ жарияланған А. Ырысбекұлы мен С. Төлеу арасындағы дауға қатысты мәлімдемесі
Жақында кейбір БАҚ өкілдері «Азат Перуашевтің кеңесшісі соққыға жықты» деген ақпарат таратты.
Аталмыш ақпарат әдейі немесе кездейсоқ түрде мүлдем шындыққа жанаспайды және оқырман қауымға кері әсер тигізуде.
Осы орайда партияның баспасөз қызметі келесі мәлімдемелерді жасау жөн деп санайды:
- А. Ырысбекулы «Ақ жол» ҚДП штаттағы қызметкері болып саналмайды, ол астаналық жоғары оқу орындарының бірінде ғылыми қызметкер болып қызмет етеді.
Ол «Алаш» қозғалысын зерттеуге байланысты «Ақ жол» партиясы өткізген шараларды ұйымдастыруға, осы саланың маманы ретінде жұмысқа тартылған болатын.
- С. Төлеу «партиялық» газеттің штаттағы қызметкері емес. С. Төлеу газет тарату үшін уақытша жұмысқа тартылған газет партиямен коммерциялық тұрғыда материалдарды басуға келісімшартқа отырған.
Мұндай келісімшарт өзге де БАҚ өкілдерімен жасасқан, бірақ бұл арқылы барлығын «партиялық» ретінде қарастыру дұрыс емес.
- «Партия дауға араласуға құлықсыздық танытты» деген мәлімдеме де орынсыз.
С. Төлеу де, А. Ырысбекұлы да партия төрағасына бұл мәселе бойынша шағымданбаған.
Екі тұлғаның арыз-шағымынсыз партия екі тараптың дауына араласа алмайды, оған қоса А. Ырысбекұлы партияның мүшесі де емес.
Осы тектес дауларды шешудің заңмен бекітілген реті немесе екі жақтың келісімімен істі тоқтату шарасы бар.
Осылайша, аталмыш дау-дамайдың «Ақ жол» партиясына ешқандай қатысы жоқ. Күн сайын елімізде түрлі тұрмыстық даулар орын алады. Алайда кейбір БАҚ өкілдерінің осы мәселеге қатысты шектен тыс берген ақпараттары арқылы белгілі бір тұжырымдарды жасауға мәжбүрлейді.
Ақпаратта қайта-қайта берілген «Азат Перуашевтің кеңесшісі» деген сөздер (А. Ырысбекұлының тегі мен жұмыс орынын көрсетудің орнына) партия төрағасына нұқсан келтіруге бағытталғаны айқын және бұл даудың Перуашев мырзаға ешқандай қатысы жоқ.
«Қара пиардың» осындай түрлері ғаламтор кеңістігінде А. Перуашевқа қарсы оның жуырда Парламент отырысында Білім министрінің қызметіне қатысты сынынан кейін де пайда болған. Сол уақытта партия төрағасы даудың шектен тыс шыққанын айтып, ғаламтордағы «тролльдердің» ісін жүйелі түрде ұйымдастырылғандығын айтқан болатын.
Мұндай лас әдістер жақында ғана А. Перуашевтің Бас прокуратураға Швейцарияда анықталған 450 млн доллардан астам банк есеп-шоттары иелерінің есімдерін атау туралы сұрауға қатысы болуы да мүмкін.
Осы тектес ақпараттық шабуылдарды біз «Ақ жол» партиясының қоғамдық өмірдегі белсенді ұстанымымен байланыстырамыз.
Осыған қарамастан, «Ақ жол» партиясы ары қарай да антикоррупциялық қызметін, қызметін асыра пайдаланған шенеуніктерді сынауды және еліміздің тұрақты дамуына бағытталған қызметін жалғастырады.
«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі, 9 маусым 2015 жыл.
qazaquni.kz