Мұхтар Шаханов. Біздің өміріміздегі әйелдер немесе арулар туралы ойлар
2015 ж. 06 наурыз
14443
3
Шаханов. Шіке, рухани жағынан тонның ішкі бауындай жақын екі еркек оңаша отырып, тағы бір терең тақырыпқа бой ұрсақ…
Айтматов. Оңашалағаныңа қарағанда, әңгімеміз әйелдер жайына ойысады ғой деймін.
Шаханов. Иә, тірлік атаулының қозғаушы күші – әйелдер хақында ой қозғар кез келген сияқты.
Айтматов. Ендеше осы әңгімеміздің беташары қызметін атқарсын, алдымен «Әйелдер» атты өлеңіңді оқы. Өтіп кеткен күндерді еске түсірелік. «Сан түрлі дауыстардың ішіндегі ең жағымды, ең тәтті дауыс – өзіміз ғашық болған әйелдің дау-сы», – демей ме Лабрюйер. Көңіл сахнасында көмескілене бастаған қымбат бейнелер қиялымызда қайтадан сәулеленсін. Тағы бір мәселеге келісіп алайық. Әйелдер төңірегінде өрбіген әңгімелер тұсында сен өз өлеңдеріңді жиі араластырып отырсаң. Бір жағынан, бұл өзі арулар хақында екеуара өткен поэзия кеші сияқты болсын.
Шаханов. Келістік. Ал бастадым:
Не толқытса, соның мұңын тартасың…
Аурухана ауласында сытырлатып картасын,
Жанарында әзіл ойнап жарасты,
Маған бір қыз бал ашты:
– Науқастан ба – ерініңіз кезерген,
Жазыласыз,
Налымаңыз бекер сіз.
Әйтсе де, әйел қауымына ежелден
Немқұрайды қарамайды екенсіз…
Сүюді Сіз ерлік деп те айтасыз,
Онсыз ақын боларсыз ба ой өрген.
Дегенмен сіз абайлаңыз, байқаңыз,
Бағыңыз да, сорыңыз да әйелден.
– Бәрекелде,
Өркен жайсын талабың,
Сәуегейі сен боп жүрме қаланың.
Бұл бетіңмен цығандарды жұмыссыз
Қалдырарсың, қарағым! –
Дедім күліп. Бірақ қыздың байсалды
Әзіл сөзі маған біраз ой салды.
Дүниеге қан тамырдай тарайтын
Жер бетінде әйел жайлы ертек көп.
Әйелдерге немқұрайды қарайтын
Еркекті мен санамаймын еркек деп.
Қай кезде де сұлулықтың жолы – мұз.
Әйел – біздің әзиз байлық қорымыз,
Әйел – біздің тағдырымыз,
Тағдырымыз болған соң,
Белгілі ғой, бағымыз не сорымыз.
Хас сұлулық әлсіздердің қызғанышын маздатқан,
Ал қызғаныш құрды деп кім айта алады аз қақпан.
Бір әйелге бола кейде ел менен ел жауласып,
Жер жастанған боздақтар.
Оған куә анау төбе томпиған,
Анау шыңдар құлақтары қалқиған.
Сан ұрпаққа тұлға болған ақындар
Бір әйелдің намысы үшін жан қиған.
Мағынасыз жылтырақты сақтамайды ел еске.
Жалын болып, жылу болмау,
Әйел болып, сұлу болмау –
Табиғатты алдаумен тең емес пе?
Гүлзар әйел қауымына сұлулықсыз бақ қайда,
Шын сұлулық тереңдікте жатпай ма?
Қайырлатқан кемесін талай ердің
Саяз көлге шашылмаған шұғылаң.
Тереңдігі жоқ әйелдің
Қорқу керек сыртқы сұлулығынан.
Әйел – еркек намысының қорғаны.
Нағыз сұлу әйел табу –
Бүкіл еркек атаулының арманы.
Нағыз сұлу әйел үшін қажет кезде жан қию,
Бұл – жігіттік кодекстің жазылмаған тармағы.
Бірақ, бірақ талайлардың бақыты алыс сорынан,
Бұл кез келген бөріктінің келе бермес қолынан.
Ерлік семсе, азаматтық семеді,
Үлкен ерлік үлкен күшке келеді.
Маған ғашық бір әйел бар,
Ол әйел
Менде сондай күш барына сенеді!
Айтматов. Бәрекелді! «Әйел болып, сұлу болмау – табиғатты алдаумен тең емес пе?» деген жолдарыңа тереңдеп үңілер болсақ, ұрғашы атаулының бітім-болмысы, сезімталдығы мен түйсігі еркекке қарағанда мүлде өзгеше сипатта екеніне көз жеткіземіз. Еркектің етіне найза сұқсаң да, көзіне тамшы жас алмайтын беріктігі, әйелдің одағай айтылған бір ауыз сөзден жермен-жексен болып, пәсейіп қалатын нәзік көңілі – осының дәлелі. Біздің қазақ пен қырғызда әйел затын ерекше ардақ тұтатын салт бар. Өмірдің ащы-тұщысын көріп, ысыла берсін, тұяғы тасқа салса кетілер, суға салса жетілер деген оймен ұлын жел өтінде ұстаса, қызын аз күндік қонағым, алтынның сынығы, шұғаның қиығы деп, бөркінің төбесіне үкі қадап, үлпілдетіп өсірген. Қылжақтаған көлденең көк аттының көз сұғынан жеңгелері қорғаштап баққан. Яғни сұлулық пен нәзіктікті сақтау – ар-ұят пен иманды, ұлттық болмысымызды сақтау болып табылған. Шаңырағына ұя салған қарлығаштың балапандары қанаттанып, жетіліп кеткенше, көшпей отыратын, обал мен сауапқа аса сақ қарайтын халықтарымыздың тұлпар туған биені соймайтын жақсы дәстүрі болған. Өйткені өмірге асыл перзент берген ана қандай құрметке де лайық. Оның алдындағы кішілігіміз – кісіліктің белгісі.
Шаханов. Кавказ халықтарында екі еркек жаға жыртысып, дауласып, айналаның ала шаңын шығарып, төбелесіп жатса, орталарына әйел келіп, ақ орамал тастайды екен. Осылай етсе бітті, өштескен екі жақ міндетті түрде төбелестерін тоқтатып, ажырасып кетуі қажет. Өйткені бұл нәзіктік пен сұлулықтың бастауы – ананың үкімі. Бұл үкімге мойынсұнбағандар табыла қалса, нағыз қасиетсіздік сол боп есептеледі екен. Кеңес өкіметінің тұсында осы нәзік жандарға деген ықыласымызды бәсеңсітіп, тіпті олардың тіршілігіне көлеңке түсіріп алдық қой.
Айтматов. Иә, әр қоғамның, әр мемлекеттің әйелдер жөнінде қалыптастырған өз көзқарасы, өзіндік саясаты болды. Қазан төңкерісінің алғашқы кезеңі, аштық, репрессия, Отан соғысы, халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары әйелдің өзіне әйел екенін ұмыттырып, табиғи арнасынан шығарып жіберген жоқ па? Тіпті осы аралықта нәзік жыныстың арқасына ешбір ғасыр артпаған жүкті арқалаттық. Екеуміздің ақын досымыз Евгений Евтушенконың:
Как получиться в мире так могло,
Забыв про смысл ее первопричинный.
Мы женщину сместили, мы ее
Унизили до равенства с мужчиной, –
деген жыры кезінде қоғамның ағысына қарсы құлаш ұрғандай әсер қалдырып еді. Өйткені бұл кезде тек бұлшық еттері ойнап тұрған күшті әйелдер модаға еніп, марапатталып жатты.
Еркекпен құқымыз тең дегенді әйелдер жүріс-тұрысында, сөз саптауында ғана емес, киім киісінде де дәлелдеп бақты.
Есіңде ме, Апас Жұмағұловтың үйінде, ортамызда Асқар Ақаев та бар, кең дастарқанның басында әйелдер хақында қызық әңгіме өрбіткеніміз. Сол бір шырайлы кеште нағыз еркектің өзі тұлпар мінездес екенін дәлелдейтін қуатты жыр оқып, бәрімізді аузыңа қаратқансың. Кейіннен мендегі бар кітаптарыңның ішінен сондағы оқылған өлеңіңді іздеп, таба алмай қойдым. Сол жырыңа қайта оралсаң.
Шаханов. Бұл өзі ұзақтау өлең. Өрбіген әңгімеміздің рухына сай келетін тұсынан үзінді оқиын.
Айтматов. Мейлің.
Шаханов.
…Отырарда бір қадірлі қарияның қанатты,
Тұлпар тектес аты бопты сүйсінткен бар алапты.
Мінезі сәл жайсыз екен шодыр бала іспетті,
Шаршап-талып шөлдесе де, арықтан су ішпепті.
Жек көргені жақын келсе, тарпып-теуіп, тістепті,
Содан аяқ шідерленіп, бастан жүген түспепті.
Бозбалалар сымбатына көз тастайтын табына,
Қарияның ай дидарлы қызы бопты тағы да.
Сол жас ару әкесіне былай депті бір күні:
- Әке, сенің дарқандығың шақырады күлкіні.
Қиқар, тентек мына атыңды мәпелеуді қоймайсың,
Айырбастап, сатып, сойып, неге көзін жоймайсың?
- Рас, қызым, сөзіңнің жоқ қатесі,
Аттың қиқар мінезі бар, – деп күрсінді әкесі, –
Тек бұл бейбақ, – ат біткеннің зерегі,
Түскен кезде бәйгелерге, жарысқа,
Жаралғандай шабу үшін алысқа,
Арын салып,
терін, қанын төгеді,
Бірақ сөзсіз бірінші боп келеді.
Әйгілеген елге күшін,
Сол ғаламат еңбегі үшін,
Қиқарлығын кешіруге болмай ма?
Кешірмесек – бетте таңба қалмай ма?!
Аз ба елде тұлпарды асқан бағы бар
Жуас, көнбіс, моп-момақан жабылар.
Қасиетін сезбесе де, тәлім алар, табынар,
Жуасты әр кез мақтайтын жұрт табылар.
Бәлкім, тұлпар сол үшін де ызалы.
Ызалыны бағалауға шабандаумыз біз әлі.
Нағыз еркек – тұлпарға ұқсас, айнам-ау,
Саған қылмыс ол жайында ойламау.
Толғағы кем талғамыңа бар таңым,
Басыңа бақ қонбай ма деп қорқамын…
Дұрыс шығып әкесінің есебі,
Қыздың жолы болмай қапты деседі.
Ойлы әлемнің әйелдерсіз күні бар ма көктеген,
Әйтсе де мен әйелге ұқсас еркектерді жек көрем!
Еркектерге еліктеген әйелдің де аз табары,
Иә, әр жыныс өз мінезін сақтауымен бағалы.
Жігіт жігіт санала ма, бұғып жүрсе тасаңда,
Өз пікірі жоқ еркектен қорқу керек қашанда.
Қанаттыны кері тартып табандап,
Ұшар кезде ұша алмайтын шабандап,
Өз пікірі жоқ еркектер ел басқарса, не болмақ?
Ар-намыстың құрбандығы
Аз болмапты, қайраулы әлі әділеттің балтасы.
Жердің аман тұрғандығы
Сол намысқой еркектердің арқасы.
Әр кез нұрлы үміт сеуіп алдымызда таң жатсын,
Қайғы келсе, жеңілмейтін,
Бақыт келсе, семірмейтін,
Ер мінезін қадірлейтін
Әйелдердің даңқы артсын!
Ал, жас ару, тұрмайды ешкім жолыңда,
Өз тағдырың дәл қазір өз қолыңда…
Бақаның да әніне сай бағы бар,
Іздегенің жабы болса – табылар.
Нағыз бақыт тұяғымен тұлпардың,
Қиялымен сұңқардың
Өлшенетін мына ұшқыр заманда
Бірте-бірте құнсызданар бағаң да.
Мен сенемін. Шын еркектің алдында
Қызаратын күн туады саған да…
Тек сол күннің кеш туғаны жаман да.
Айтматов. Иә, қай қоғамда өмір сүрмесін, әйел мен еркектің үй ішілік, әлеуметтік өмірдегі табиғи орнын ауыстырып алуы тапқырлыққа жатпаса керек. Сұлулыққа – қиянат, нәзіктікке – шабуыл әйелдердің физиономиясын бұзып қана қойған жоқ, олардың мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, сөзі мен қылығына елеулі нұқсан келтірді. Тоталитарлық жүйе әйел мен еркек тең құқылы деген аксиоманы пайдаланып, қыз-келіншектерді техника тілін білуге, алып зауыттар мен фабриктердегі станок басына, Тайганың тоңды аймақтарына еңбек етуге шақырды. Жардай трактордың рулінде жарғанаттай боп отырған әйелдердің суреттері баспасөз бетінен түспейтін. Иә, еркек пен әйелге бір талғам, бір көзбен қарау сол дәуірдің заңдастырылған қателігі еді.
Шаханов. 1960 жылдардың бас кезінде Қазақстанда Семей облысы, Шұбартау ауданының комсомол жастары бастама көтеріп, бүкіл республикадағы мектеп бітірушілерді мал бағуға үндеді. Шымкент облыстық газетінде корректор болып істеп жүрген кезім. Үндеуді қуаттап, мал шаруашылығына барамыз дескен бір мектептің шәкірттері жайында мақала жазғанмын.
Облыстық шығармашылық жастар клубын ашуға мұрындық та болғаным бар. Осы тұста қаламызға Ғабит Мүсірепов келе қалды. Облыстық комсомол комитетінің хатшысы екеуміз классик жазушыға барып сәлемдестік. Аман-саулықтан соң:
- Иә, не жаңалық бар? – деп Ғабең сұрақ қойды. Обком хатшысы пысық жігіт еді:
- Облыс бойынша екі мың жас шұбартаулықтардың үндеуін қолдап, мектептен соң комсомолдық жолдамамен тікелей мал шаруашылығына баруға әзір отыр. Оның тең жарымынан астамы қыздар, – деді. Осы кезде Ғабең (маңғаз адам еді ғой) қабағын шытып:
- Мүйіздерің шықса, ата-бабаларыңнан бері қарай қой бағып келе жатқан жоқсыңдар ма? Ал әйелге ердің жүгін арту – біздің қоғамның басты парықсыздығы, – деп жақтырмай қарады.
Партияның үндеуіне Ғабеңнің тосын мінезі мені керемет таңғалдырған. Ол кезде партияның саясатына қарсы сөз айту ешкімнің түсіне де кірмейтін. Мұны кеңестік әсіре қызыл идеологияның жемісі дейік. Ал мына қиын-қыстау күн туып, ер етігімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен заманда да әйел қауымы небір ауыр бейнетке арқасын тосқан. Мәселен, Луи Арагон «әлемдегі ең тамаша хикая» деп атаған туындыңыздың кейіпкері – Жәмиланы алайық. Отан соғысы жылдары елдегі кәрі-құртаң, бала-шағамен қоса, ауыртпалықты тең бөлісіп, жаны жабырқау тартып жүрсе, бұл – сол кезеңнің ащы шындығы еді. Яғни тағдыр салған салмақ. Бірақ та сіз оның ісі мен сыртқы тұрпатын қызықтап қоймай, буырқанған ішкі дүниесіне, сезіміне үңілдіңіз. Тек қана жұмыспен адамның бақытты бола алмайтынын дәлелдеп бердіңіз. Бұл – Жәмила арқылы оның миллиондаған тұлғаластары мен мұңдастарына ой, сезім еркіндігін сыйлау еді. Жәмила бейнесі кеңес әдебиетінде тағдырдың алуан соққысын көрген әйел затына қоғамның үстемдігін жүргізбеу үшін жасаған қарсылығыңыз тұрғысында қабылданды.
Өмірімізге әр беріп тұрған нәзіктікке нәзіктік деп қарамаған жерден тұрпайылық басталмақ.
1950 жылдардың басында болса керек, біздің ауылда бір әйел айы-күні жетіп отырған екіқабат кезінде отын әкелуге шығады. Бұл пәниде жоқ-жітіктен қатты не бар, даладан тезек теріп, тауға барып, қурап қалған бұтақтарды жинайды. Нән арқа отынды арқалап келе жатқанда толғақ қысып, айдалада босанады. Шырқырап түскен баланың кіндігін тастың үшкірімен өзі кесіп, байлайды. Көйлегінің етегіне орап, еңбектеніп жинаған отынын да далада қалдырмай, арқалаған қалпы үйіне жетеді. Қалың ғып төсек салдырып, қалжа жеп жату қайда, жүгіріп жүріп шай қояды. Жылаған баланың даусын естіген күйеуі мен жанына ере келген кісілері: – Жылап жатқан бұл қай бала? – деп таңырқаса, әлгі әйел:
- Біздікі ғой, мана отынға барғанда босанып қалғанмын, – депті жайбарақат күйі.
Айтматов. Қоғамның қолдауымен тұрмыстың тепкісіне түскен әйелдердің өзі осы бір тұрпайы саясатымыз бен өмірдің тәлкегіне сын көзбен қарап:
Я и лошадь, я и бык,
Я и баба и мужик, –
деп, орыс әйелдері сол мүсәпір күйін сықақ өлеңге айналдырып, егіс далаларында шырқаушы еді. Тіпті қымсынудың орнына социалистік реализм әдісін нысана тұтып, еңбек үстінде сатылап өсіп, парторг, кеңшар директоры, аупартком хатшысы міндетінде жүрген, еркек-шора киінген әйелдердің көркем образын әдебиетімізге әкеле бастадық. Қара күші жағынан құдай теңестірмеген әйел мен еркекті, сөйтіп, партия пәрмені теңестірді.
Шаханов. Әңгіме орайына қарай, осыдан көп уақыт бұрын жазылып, жарияланбай мұрағатымда жатып қалған «Ла Валетта маңындағы түн» деген өлеңімді алға тұтайын.
Мальта қызы жиырма үшке толғанда,
Иек артып арманға,
Жанары жайнап,
Шашына олеандр гүлінен жемелек байлап,
Қоштасып бал дәурен шағымен саялы,
Өртеніп ішпен,
Толғанып, алқынып,
Нән үлкен ыдысты
Терезе алдына қояды,
Әбден қызарып піскен
Алма мен бананға толтырып.
Бұл – бойжеттім дегені.
Міне, осылай сынға түспек сұлу қыздың беделі.
Ал үміткер жігіт біткен қақпа алдына тұра қап,
Алма-кезек өз бақытын сынамақ.
Кім ұнамақ, бұл сайыста, кімнің даңқы құламақ?
Қыз отырар терезенің жабығынан сығалап.
Бірі мұңлы гитар тартып, бірі назды ән салып,
Бірі қыздың сұлулығын жырға қосып тамсанып,
Күн батқанша өз өнерін көрсетеді жан салып,
Жанын салған өнерпазда ерлік жатар қаншалық!
Егер де қыз терезеден саған күліп қараса,
Той қамына кірісе бер, бағың жанды. Тамаша!
Бәсекелес достарыңды мүлдем естен тандырып,
Үйленесің және де бұл үйленуің мәңгілік.
Үйлендің бе, бітті әңгіме, жолың болсын, мархаба!
Ажырасу туралы заң атымен жоқ Мальтада.
- Жарың жайсыз боп жолықса, бақыт іздеп жаңадан
Әуреленбе, өліп қана құтыласың сен одан, –
деді Мальта тарихшысы көзбен қарап жұмбақты,
жанарында сөзбен айтып жеткізе алмас мұң жатты.
Мұңыңды ұғар жан табудан не бар екен қымбатты!
Көк теңізді кешіп барып, алауланып күн батты.
Сары аралдың сәні болған сары мәрмәр қақпалы
Жымыңдайды Ла Валетта қаласының оттары.
Осы маңның бүкіл тыныс-тіршілігін қолға алып,
Арнасына шалқып симай теңіз жатты толғанып.
Толғанбаса теңіз – теңіз, адам – адам бола ма?
Біз бөлініп шетке шықтық, үнсіз тұрдың жағада.
Үнсіз тұрдық. – Аға, – дедің біраздан соң сен маған. –
Аға, – дедің, – мен бір жанмын бақ, жұлдызы жанбаған.
Сырымды ашсам – сенгендігім, бұйырмаңыз айыпқа,
Кейде өзімді ұқсатамын ескегі жоқ қайыққа.
Қандай қорлық, шынымен-ақ, ескексіз боп қалдым ба?
Осы ұзақ саяхатқа шығар кездің алдында
Шорт үзіліп үмітім,
Ойда-жоқта тастап кетті сенген, сүйген жігітім.
Көкірегімде өшпенділік барда мен де өшпеймін,
Бұл қылығын қашан көзім жұмылғанша кешпеймін!
– Жоқ, сен оны сүймейсің, сүймегенсің және де,
Шын махаббат, қалқам-ау, қара күшке көне ме?
Шын махаббат – қасиеттен құралатын мұнара,
Қасиетке сызат түссе, мұнара аман тұра ма?
Ғашық адам сүйгеніне өзінің
Жаманшылық ойлай ма екен сірә да.
Тек жүрегін салар жерде білек күшін танытқан,
Білек күшін танытам деп, тілек күшін арытқан
Тура сенен айнымаған сұлу қыз
Бір кез маған жолыққан.
О, тәңір-ай, шыққандайсың екеуің бір қалыптан, –
деп едім мен, жалт бұрылдың сен кенет,
Жалт бұрылдың көкірегіңді бір қара күш желкелеп.
«Тоқта, тоқта, қара күштің адымы әр кез келте» деп,
Тобығыңнан теңіз суы қағып жатты еркелеп.
Қайрылмадың, жауабымды ауыр алдың көңілге,
Адал, батыл мойындау да түспес, қалқам, жеңілге.
Тек табудан, жоғалтудан, іздеуден
Тұратұғын мына қатал өмірде!
Айтматов. Өте дұрыс аңғарғансың. Қарапайым қағидаға сүйенсек, адам өзі құлай сүйген адамына еш уақытта жамандық ойламауы тиіс. Махаббат пен жануынан өшуі тез жай сезімдердің айырмасы да осында. Сүйген жүрек сыңарына: «Мен не болсам болайын, сен аман бол!» деп, ізгілік тілеп қалары хақ. Сенің кейіпкерің – бақай есептің, баянсыз өшпенділіктің адамы. Осы көрініс, осы пиғыл кешегі күні біздің өмірімізге де өз салқынын тигізбеді ме? Сол кезгі саясатты арқа тұтқан кейбір төмен етекті замандасымыз қалтасында қызыл билеті бар күйеуін, қит етсе, партияның пәрменімен жасқап, тұқыртып ұстады. Дәм-тұзы жараспай, ажырасқысы келгендерді бүгін парткомның талқысы, ертеңгі аупартком бюросының соққысы күтіп тұратын. Иә, өмір бақи иттей ырылдасып, бір шаңырақтың астында өтесің. Немесе қызыл билетіңді столға қойып, қызметіңмен қоштасып, үй-күйіңнен айырылып, алимент төлеп (тіпті, басым кінә әйел жағында жатса да), ел-жұртқа азғын атанып, өз басыңмен өзің әлек боп кетесің.
Бұл ең «әділетті» деген қоғамның адам құқына партия арқылы аса мәдениетті қол сұғуы еді. Осы жағынан алғанда, біздің көптеген келіншектеріміз өзімен бір шаңырақтың астында күйеуін тырп еткізбей ұстап келгені үшін кешегі парткомдарға қарыздар.
Шаханов. Қоғамдағы еркек мінездес әйелдер мен әйел мінездес еркектердің проблемасы жас келіншектердің тәрбиесіне де үлкен әсерін тигізіп жатты.
Мектепте оқып жүрген кезде бізде ер мұғалімдер басым еді. Солардың кейбіреуіне еліктедік, мінездерін бойымызға жұқтырдық. Тіпті кейбірін өзімізге идеал тұтып өстік.
Айтматов. Кеңес дәуірінің соңғы он бес-жиырма жылы көлемінде мектепте, жоғары оқу орындарында мұғалімдердің саны барынша артты. Қазіргі ұрпақ балабақшада, мектепте, тіпті жоғары оқу орындарында да әйел тәрбиесімен өсіп, ержетіп келеді. Еркектің тәрбиесін жөнді көрмеген жасөспірім ұстаздарына еліктеп, әйел тақілеттес болып шықпағанда қайтеді. Кесек мінез, берген сөзі мен серті үшін өлуге бар мәрт азаматтардың сиреуі, оның орнын өсек-аяңға, жан аярлыққа үйір еркектердің басуы қоғамның ой сыздатар үлкен проблемасын тудырды.
Сен оқыған өлеңдегідей, табу мен жоғалтудан және іздеуден тұратын айналма ғұмырда Гомер мен Шекспир жырлаған әйел нәзіктігі мен ұлылығы, қоғам қаншама өзгеріске түссе де, оның адамгершілік этикасы сақталуға иіс.
Шаханов. Ендігі жерде сұхбатымызды өзімізге қарай бұрсақ деймін. Адамға тән қасиеттердің қай-қайсысының сізді айналып өткені жоқ. Егер пәлен ауылдағы біреу екінші біреуге ғашық болса, немесе бір жігіт он қызбен қатар жүрсе де, оған ешкім назар аудармауы мүмкін, ал Айтматов секілді күллі әлемнің аузында жүрген тұлғаның басқан әр адымы жұрт көзінен бір сәт те қағыс қалмайды…
Сізге іні болып, қатар жүрген ұзақ жылдар ішінде ішкі сезімдеріңіз жайында бір ауыз тіс жарып, әңгіме қозғап көрмеппін. Енді жан дүниеңізді толқытқан, талай таңды дөңбекшумен атыруға себепші болған асыл сезімдеріңіз жайында сыр суыртпақтасам – айып етпессіз?
Айтматов. Әр адамның өз пешенесіне жазылған тағдыры бар. Мынау ғалам қандай шексіз болса, ол да сондай шек-шетсіз, құпиялы да күрделі. Әркім өзінің өмір жолында бұйырған адамына жолығады. Бірігіп, әрқайсысы өз түсінігіндегі бақытын іздеуге аттанады.
Қазірде естелікке айналса да, ойыңа түскенде, көкірегіңді шым еткізетін қимас сәттер біздің бастан да өткен. Жасыратыны жоқ, студент кезде, жастық шақта би алаңында, той-томалақта талай қызбен танысқан болармыз. Ең бір тәтті сөздерді тізбелеп хат жазған, хат алған күндер де бастан өтті. Есіміңді шетіне әдемі жіптермен өрнектеп жазған сұлулар сыйлаған орамалдың қаншасын қалтаға салдық екен?! Күлесің, соған қарағанда сенің де қалтаңа талай орамал түскен-ау, шамасы…
Бірақ бәрі жанды да, өшті. Гүл басына көбелектің қонып-ұшқаны сынды қас қағым сәт. Олар маған пәлендей әсер ете алған жоқ.
Солардың ішінде өзінің жанымен де, тәнімен де, бүкіл бітім-болмысымен еркімді билеген бір сәулелі махаббат есімде қалып қойды. Әдейі іздеп кездескеніміз жоқ. Кездейсоқ табыстық… Сол кездейсоқтық мен үшін барша мақсаттан да биік, жоғары еді. Ол – қырғыз өнерінің маңдайына біткен атақты бишісі Бүбүсара Бейшеналиева болатын…
Әлі күнге түсіме еніп, елесімен жебейтін, көңілімді еліктіріп, өткен күндерге қиялмен болса да оралтатын сол қымбат бейнемен қалай кездескенім қазірге дейін көз алдымда. 50-жылдардың соңы. Мәскеуде оқу бітіріп, шығармаларым орталық баспасөзде жарияланып, ел аузына еркін ілінген шағым. Балтық флотында әскери қызмет етіп жүрген қырғыз жігіттеріне шефтік көмек көрсетейік деген оймен делегация жасақталды. Фрунзе қалалық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Тұрдахун Усубалиев шақырып алып, делегацияның құрамымен бірге Ленинградқа жүр, теңізшілерге сый-сияпатымызды көрсетіп қайтайық деген соң, қоса аттанып кеттім.
Қырғыздың «Шолпон» деген классикалық балеті бар еді. Біздің алдымызда олардың да Балтық бойына сапар шегіп, Ленинград балетімен бірге фильмге түсіп жатқан тұсы екен. Небір ыстық жүздесулер өткіздік. «Шолпон» балетінде басты рөлді орындап жүрген Бүбүсара Бейшеналиевамен сол жерде алғаш рет кездестім. Мұны тағдырдың жазуы екенін кейін ұғындым. Жанымда екі-үш матрос бар, моторлы қайықпен «Аврора» крейсеріне жақындап келгенімде, біздің делегация палубада тұр екен. Орталарында ақша жүзі қуаныштан гүл-гүл жайнаған, сұңғақ та сымбатты Бүбүсара. Шашын теңіздің майда самалы еркелете тарап, бізге қол бұлғады. Бұрын бір-бірімізді сырттай білгенмен, онша таныс емес едік. Тез сырласып кеттік. Тіпті тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Сезіміміз от секілді тұтанды десем, сенбессің. Осы кезге дейін кездеспей қалай жүрдік екен деп таңғалыстық.
Айналамдағы адамдар да, тіпті сайраған құс та, сыбдырлаған жапырақ та, теңіздің шулаған толқындары да көзіме басқаша көрінеді. Дүние бұрынғысынан шырайланып, құлпырып сала берді…
Ленинградтың ақ түндеріне шомылып, Нева бойлап қыдырған, армансыз сырласқан сол сәттер-ай! Елде қалған жеңгең мен екі бала да естен шыққандай, ғажайып бір сал дәуренді бастан өткердік.
Сапар мерзімі біткен соң, делегация мүшелері елге жүріп кетті. Өзімнің кеткім жоқ, бөгеле бердім. Жүрегімнің жартысын Нева жағалауына қалдырып бара жатқан тәріздімін. Ақыры Мәскеуде жұмысым бар, пойызбен қайтамын деп сылтауратып, Ленинградта қалып, Мәскеуге екі-үш күннен соң аттандым. Іле-шала алып-ұшып Бүбүсара да жетті. «Москва» қонақ үйінде бір күн, бір түн, екеуден екеу оңаша қалып, небір рухани түйсік табу, ыстық сырласу сәттерін бастан кештік. Қайта-қайта қоштасып, бір-бірімізді қия алмай, ақыры жұп жазбаған қалпымызда Бүбүсараны электричкамен Ленинградқа апарып салдым. Орыс орманының көк шалғынды даласын көктей өтіп зулаған «Стреланың» үстінде тербеліп кетіп бара жатқан сол бір қайта айналып келмес шақтар есімнен әлі күнге дейін бір сәт көмескіленген емес… Ленинградқа келген соң, Бүбүсара мені кері – Мәскеуге дейін шығарып саламын деп еді, өзім өтініш жасап, әрең тоқтаттым.
Осыдан бастап, Бүбүсара қайтыс болғанға дейін он төрт жыл бойы алаулаған жүрек жалыны бір сәтке де бәсеңдеген жоқ. Өсек-аяңның өрті де осы жылдары бізді аямай шарпыды…
Бүбүсара Ленинградта оқып, білім алған, театр, кино мен әдебиетке келгенде ерекше зерек, парасат иесі еді. Мінезі мен көркіне өнері жарасқан біртума тұлғаның менің өмірім мен шығармашылығыма тигізген әсерін айтып жеткізу қиын.
«Мың бір түннің» хикаясындай екеуінің ғашықтығын естімей қалған ешкім жоқ, ендеше не себепті қосылмады деген сауал туар. Мен емеурін танытсам, Бүбүсара ылғи да әңгіме бетін аулаққа бұрып, кешеуілдете беретін. Кездейсоқтық дегенді қойсаңызшы, екеуміздің де жаңадан алған пәтеріміз бір үйдің көрші подъезі болып шықты. Оңаша бір отырып сырласқанымызда, Бүбүсара:
- Ачинов (фамилиям мен атымның алғашқы әріптерінен құрап алған есімі), ойыңды оқып отырмын, – деп наздана күлімсірегенімен, жүзінде кіреуке мұң тұрды. – Шын ғашықтар қосылмайды деген бар ғой. Бәлкім, сол дұрыс та шығар, – деді енді ол ойлы кейіпке түсіп. – Өйткені үйленгеннен кейінгі тірліктің күйбеңі ұлы сезімдерді жеп қояды. Махаббатымызды некеге байлап қайтеміз.
Жұбайлық өмірді қай әйел аңсамайды дейсің. Кейін аңғарсам, бұл Бүбүсараның менің шығармашылығыма кесірім тимесін деген тілекпен істеген әрекеті екен. Ол кезді өзің білесің, әйелімен ажырасқан адамды моральдық жағынан азды деген желеумен лезде есекке теріс мінгізіп жіберетін еді ғой.
Шаханов. Иә, ондай науқан біздің қазақта да өріс алған. Классик қаламгер Ғабит Мүсірепов, даңқты батыр, жазушы Бауыржан Момышұлы, әйгілі әнші Ермек Серкебаевтар отбасын қайта құрғаны үшін айыпталып, фельетонның кейіпкеріне айналып, небір құқайды бастан кешкен.
Айтматов. Не десек те, Бүбүсара менің жұлдызымның қашанда биіктен жана беруін ойлап, өзінің жеке бақытынан бас тартқан екен. Сабыр-ақылдың, сезім-жүректің иесі. Бір-біріне бағына бермейтін осы екі қасиетті ортақ мақсатқа жүгіндіріп, сырттай өзі сүйген адамға тілекші боп қалу – үлкен адамгершіліктің қолынан ғана келер іс.
Бір жолы Бүбүсара екеуміз ұшаққа мінбей, Мәскеуден Фрунзеге «Мәскеу-Алматы» жүрдек пойызымен қайттық. Екі адамдық оңаша, жайлы купе. Әдеттегідей ешкім телефон соғып, не есік қоңырауын қағып, мазаламайды. Барша әлемнен бөлектенген қалпы үш күн, үш түн қатарынан айтып тауыса алмас ертегідей ғажап дәурен кештік.
Япырай, сондағы біздің сан салалы әңгімелеріміз, суыртпақтап жүректің терең түкпірінен тартқан, бұрын жан баласына тіс жарып, ашып көрмеген сырларымыз, өмірдің мәңгілігі мен баянсыздығы туралы, әдебиет пен өнердің күрделі қасиет-мінезі жайлы пікірлеріміз қандай жымдасып, бір-бірін толықтырып, жанымызды рақат сезімге бөлеп еді. Өзіңе ойы, рухы, мінез-сана табиғаты, жан кеңістігі сай адам табудан артық бақыт жоқ екенін сол жолы тұңғыш рет өз жүрегіммен сезініп едім.
- Ғасырға бергісіз күн болады. Ендеше, бұл – менің өмірімдегі ең бақытты күнім! – деді Бүбүсара да толқып. Өзара шексіз түсінік тапқан көңіл-күйімізді пойыз доңғалақтары да тынымсыз құптап, тастаққа салған жорғадай жұлқына дүрсіл қағады. Ауық-ауық терезеге үңіліп, табиғатты тамашалаймыз. Соңымызда орыстың жасыл ормандары қол бұлғап, қазақтың пейіліндей кең жазық даласы жарысып қалар емес. Арал қаласына келіп тоқтағанда, вагоннан шығып, таза ауа жұттық. Теңіздің ол жылдары арнасы тартылмаған, айдыны толы шағы. Ерке толқындары күнге шағылысып, жарқ-жұрқ етеді. Одан бері Қызылорда, Арыс, Шымкент, Түлкібас…
Есіңде ме, бірде екеуміз сенің машинаңмен Ташкенттен Бішкекке келе жаттық. Күн ұясына қызарып батып, айнала шымқай қызамық сәулеге малынып тұрған әсерлі шақ еді. Түлкібасқа жақындағанда қапталдаса жарысып жүрген темір жол биік қырды жағалап, үлкен доға жасап бұрылады. Көктемде, жазда бұл ара ерекше құлпырып, жайнап, өзгеше сипат алады. Мен сенен машинаны тоқтатуды өтініп, сыртқа шықтым. О, керемет, бұдан 25 жыл бұрынғыдай биік қырды жиектеп, Алматыға қарай пойыз кетіп барады. Қыста биіктен құлаған көшкін қар темір жолды басып қалмасын деп, қыр жағалай қойылған екі-үш қатар темір шарбақтар да өзгеріссіз тұрғандай. Жүрегім шым ете қалды. Баяғыда нақ сол арадан өткенде Бүбүсараның ерекше бір қуанышқа бөленіп, қазақтың сан түрлі ұлы табиғатының әсем бір бөлшегіне шексіз риза болған сәті есіме түсіп, көңілім толқыды.
Бүбүсарамен бірге жүрген қаншама жыл ішінде талай қалалардың мәдениет ошақтарында болып, тарихи жерлерін араладық екен? Немесе бір ғана Бішкек қаласын алайық. Кейбір үйлердің тұсынан, көше қиылысынан, белгілі мәдениет орындарының алдынан өткенде дәл сол арада қандай әңгіме айтқанымыз, күлгеніміз, қуанғанымыз, мұңайғанымыз – бәр-бәрісі үтір-нүктесіне дейін есіме сап ете қалады. Өткенде екеуміз Қырғыз мемлекеттік Опера және балет театрына бір жиынға бармадық па? Жұрт назары басқада. Мен өз ойыммен әлекпін. Бүбүсараның өнердегі ешкім қайталай алмас асау, ерке дарыны осы театрдың сахнасынан қанат қақты ғой. Бүбүсараға қатысты талай оқиғалар бірінен соң бірі кимелеп, көз алдымнан кино таспасындай өтіп жатты. Сахнаға қарасам, нақ қазір аппақ аққу бейнесінде соншама ұзақ жылдар бойы қиял-ойымды тұтқындаған іңкәр сұлу мүсін шыға келіп, билеп ала жөнелетіндей. Жалпы, мен Бүбүсара рухының көнермес, өзгермес, тірі, бірақ құпия естелігі сияқтымын.
Ол бір сапардан ауырдым деп оралған. Артынша омыраудан түскен қатерлі ісік диагнозымен Кунцево ауруханасында жатты. Бір жарым жыл қатты қиналды. Айтудың өзі оңай емес… Кунцевоның аумағына арнайы рұқсат қағазбен кіргізетін. Бүбүсарамен бір палатада дәл сондай дертке шалдыққан Кеңестер Одағының халық әртісі Ольга Андровская да жатты. Менің алғашқы повестерімді өзінің «Новый мир» журналына басып, ақ жол тілеген, иманы салауат болғыр Александр Твардовский де осы қатерлі ісіктің тұзағына қармалған екен. Әр барған сайын көңілін сұрап тұрдым. Жүдеп, шаршап қалыпты. Артынша о дүниелік боп кетті.
Бүбүсара бірте-бірте семе берді. Орнынан көтерілуге де әлі жетпеді. Әдемі жүзі суалып, аялы да мейірімді көздерінің оты сөніп, шүңірек тартқан. Оның бұл фәнилік еместігін алғаш сезінгенімде, көз алдымда дүние шыр айналып, басайын десем, аяғым жерді таба алмай қалды. Ақыры жүріп-тұруының өзі күшке айналған соң, Бүбүсараны Фрунзе ауруханасына ауыстырды. Жұмыста да дегбір тауып отыра алмай, әлсін-әлсін аурухананы төңіректеймін. Тағдырдың қатал үкіміне іштей мойынсұнып жатқанымен, мен кіріп келгенде, Бүбүсараның суалған жанарында қуаныш ұшқыны жарқ ете қалушы еді. Бәлкім, бұл жанын жегідей жеген ауыр дертті маған сездіргісі келмегені, яғни мені қиналмасын дегендегісі болар.
Ақыры, 1973 жылы 11 мамыр күні Бүбүсара мәңгілік көз жұмды.
Шаханов. Опера және балет театрындағы азалы жиында, марқұммен қоштасу сәтінде сізді ағыл-тегіл жылады дейді көргендер. Тіпті шыдамы таусылған сол кездегі республиканың бір басшысы: «Ана қасқаны біреуің барып қойдырсаңдаршы!» – деп айналасындағыларға жекіген екен. Тіпті қырық жыл отасқан әйелі өлсе де, көзінен тамшы жас шықпайтын әлдекімдерге, бәлкім, сіздің бұл қылығыңыз тосын көрінген шығар. Тоталитарлық жүйенің тұсында атақ-абыройыңыз, отбасыңыз, қызметіңіз, партбилетіңіз бар сізге осының бәрін аттап өтіп, бар жан дүниеңізбен құлай қайғыруға және оны ешкімнен жасырып, жаппауға итермелеген оңай сезім емес екені айдан анық.
Өзара сырласу үстінде қырғыздың заңғар ақыны Сүйінбай Эралиевтің осы оқиға төңірегінде былай дегені есімде қалыпты.
«Бүбүсара – көркіне ақыл-парасаты сай, қырғыз қызына тән мінездер тал бойынан түгел көрініс берген аяулы жан еді. Кезінде басқа ақындармен қатар, мен де оған өлең арнағанмын. Оның қазасы бүкіл қырғыз ұлтының қабырғасын қайыстырды. Әдебиет пен өнер қайраткерлері ортасында жалт еткен жанар оты назардан тыс қалған ба? Шыңғыс екеуінің арасында ұзақ жылдардан келе жатқан үлкен махаббатқа тамыр жіберген таза сезім барын сырттай естіп жүретінбіз. Бүбүсараны соңғы сапарға шығарып салар қаралы жиынға Шыңғыс екі көзі бұлаудай боп ісіп, бастан-аяқ қара киім киініп келді. Кейбіреулер оның бұл қылығын оғаш санап, «әйелі, бала-шағасы бар, мұнысы несі» десіп, өсектің қызыл шоғын көсеп жатты. Ал өз басым: «Айналайын Шыңғыс әдебиетте қандай ұлы болса, махаббатын жерге берерде де сондай ұлы, жігіттік мінез танытты деп, марқайып тұрдым».
Айтматов. Сүйекеңнің көңіліне рақмет. Иә, Бүбүсарадан айырылу – мен үшін жарты тағдырымды жоғалту екенін өзге жұрт қайдан ұқсын.
Шаханов. «Манас» эпосының 1000 жылдық тойы қарсаңында қырғыз мүсін өнерінің майталман шебері Тұрғынбай Садықовтың Бішкек қаласының әсем бір алаңына орнатқан «Ел құты» атты алып монументі салтанатпен ашылды. Бұл – күллі қырғыз халқының өміріне, өнеріне, әдебиеті мен ғылымына ересен еңбегі сіңген, ел тәуелсіздігі жолында күш-жігерін сарп еткен үлкен тұлғаларды қыранның қос қанатына қондырып бейнелеген, көрген жанның санасында қалар ғажайып ескерткіш.
Сол қыран қанатының бір жақ бетінде ой теңізін кешіп Сіз тұрсыз да, ал екінші бетінде өнер аспанында аққудай қалықтап өткен Бүбүсара Бейшеналиеваның сұлу мүсіні…
Кездейсоқтық па, әлде мүсінші қиялының жемісі ме, тірлікте тағдырын бір-біріне жалғай алмаған қос адам бұл жолы да қатар тұра алмай, өздері шексіз сүйген қырғыздың ұлы тауларына, даласы мен көліне екі беткейден көз салады…
Республика мәдени өмірінде зор оқиға болған ескерткіштің ашылу салтанатында қасыңызда тұрдым. Байқағаным, жез мүсінді көзіңізбен аялап, тілсіз тебіреніп, ұзақ бөгеліп қалдыңыз…
Айтматов. Бүбүсара дүниеден озған соң, көп өтпей, Италиядан шақырту алдым. Түн ішінде кемемен Сицилияға беттедік. Ашық теңіздің үсті. Ай сүттей жарық, майда самал еседі. Алыста түрлі-түсті жарқ-жұрқ еткен шамдар. Осы сәтте Бүбүсара екеуміз жақсы көретін бір музыка ойнап қоя берді. Толқынмен бірге тербеліп келе жатқан кеме үстіндегі жас та, жасамыс та әлгі әуеннің ырғағымен билей жөнелді. Көз жасыма ерік бере алмай, палубаға сүйенген күйі, сұлқ тұрып қалдым…
Теңіз, түн, ай, елсіз аралдар және көңілдің түнгі жалғыздығы.
Қазірде де сол музыканы естісем болды, Бүбүсара есіме түсіп, өз-өзімнен толқып кетемін. Оны саған түсіндіруге тіл құдіретім жетпейді.
«Кассандра таңбасы» атты романымның қаһарманы делегация құрамында Жапонияда болғанда түнде кемеде жүзіп келе жатады – онда да әлгі сурет, әлгі өткенді еске түсіру, жапон музыкасының әуендері шақыртқы болған күйзелістер. Сол көрініс Италия сапарымда өз басымнан кешкен, Бүбүсараны жоқтап, жалғыздықтың құрсауына қамалғандағы мұңды суреттер еді.
Шаханов. Жетпісінші жылдардың орта шенінде Мәскеуде кездесіп қалып, өзіңіз түскен қонақүйге шақырып едіңіз. Сол сапар қасыңыздан Мариям жеңгейді алғаш көріп, құдайға шүкір, Шікеңе иман жүзді, адамгершілігі мол әйел жолыққан екен деп түйгенмін. Ойым алдамапты. Қара басыңызды хан тұтып сыйлайтыны өз алдына, шығармашылығыңызға да тигізген игі әсері мол екені анық. Өзі – жүйелі парасаттың, шырайлы мәдениеттің адамы. «Боранды бекет» атты романыңыздағы мәңгүрт тақырыбына жазған киносценарийін «Түрікменфильм» студиясы экранға шығарды. Қасыңда жан дүниеңді ұғынып, ойыңды өрістетіп отыратын осындай жарыңның болуы зор ғанибет емес пе?
Айтматов. Бүбүсарадан соң қаңырап, бос қалған көңілімді еш нәрсемен толтыра алмай-ақ қойып ем… Міне, енді керек кісіме кездестім…
Иә, солай, Мұхтаржан, менің өмірімде арманым боп кезігіп, азабым боп ажырасқан осындай махаббат болған.
Жан күйзелісінен шыға алмай жүрген шағымда тағдыр Марияммен табыстырды. Көңілдің олқысы бүтінделгендей, жан жарасы жазылғандай сәулелі ғұмыр кешудемін.
Шаңырақтың желбауындай үйелмелі-сүйелмелі Шырын атты қызымыз, Эльдар деген ұлымыз бар. Шешесі екеуміз, мейлі, олар өсе келе, қай мамандықтың иесі атанса да, ең алдымен, туған еліне сәулесін түсірер қанатты перзент болса деп армандаймыз.
Шаханов. Өткенде қызыңыздың бір мінезіне ерекше риза болдым. Алматы әуежайына Мариям жеңгей мен екі перзентіңізді Брюссельге шығарып салуға бардық емес пе. Сонда Шырын:
- Аға, папамның қант диабеті бар ғой. Қонақта отырғанда кейде байқамай тәтті тағамдарды жеп қоюы мүмкін. Өзіңіз көз қырын салып жүріңізші, – деп сізге естіртпей менің құлағыма сыбырлады.
Айтматов. Соңғы кездері ылғи екеуміз бір жүрміз, сосын саған әкесін аманаттап жатқаны ғой…
Шаханов. Жәнібек Жанұзақ деген журналист әркімнің аузына диктофон тосып, өміріңіздің әр кезінде жолыққан әйелдер жайлы «мәлімет» жинап, «Айтматовтың айымдары» атты кітапша шығарыпты. Әлгі «зерттеу еңбектің» кітап дүкендерін былай қойып, кейбір аудан орталықтарында, ас дүкендерінде де сатылып жатқанын көрдім…
Айтматов. Рұқсатсыз біреудің жан сарайына үңілу – жақсы әдеп емес. Мейлі...