Бурабай кәріз қалдығына былғанып жатыр
2015 ж. 26 ақпан
3223
1
Кәріз қалдығына былғанған курортты аймақ! Ақмола облысында "Бурабай" ұлттық табиғи паркі нәжіске толып жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.
Щучье қаласындағы көпқабатты үйлердің кәріз құдығынан орманға аққан су қазір 10 шақырымға жайылып кеткен. Қорықшылар дабыл қаққанымен, оларға құлақ асар ешкім болмай тұр. Ал сай-салаға толған нәжіс көктем шыға өзен-көлдерге құйылуы мүмкін. Көркіне көз тоймайтын сұлу өлке –Бурабайды қазір қолқаны қабар иіс басқан.
Көп қабатты үйлердің құдығынан тасыған су табиғи парк аумағына жайылып жатыр. Ағаштардың арасымен аққан нәжісті орманшылар үш ай бұрын байқаған. Енді күн сайын арнасын кеңейтіп жатқан лас су сол маңдағы Шабақты, Искра көлдеріне құйылады деп дабыл қағуда.
"Нәжістің барлығы Искра деген көлге ағады. Одан кейін Кіші Шабақтыға ағылады. Әрмен қарай аға берсе, онда Кіші Шабақтыда балық та болмайды, көлге де қалай түсетінімізді білмейміз", - дейді орманшы Жанат Серікбаев.
Щучьеде орталық кәріз жүйесі болмағандықтан құдықтарды коммуналдық қызмет тазартып отырады. Бірақ Ұлттық парк іргесіндегі үйлердің кәріз құдығы ешбір мекеменің балансында жоқ.
"Құдықтарды арнайы көлік күнде тазартып тұру керек. Баланста болмағандықтан жеке көлік шақырамыз. Бір рейсі 5 мың теңге. Бір аптаға 35 мың керек", - деді Щучье қаласының тұрғыны Инна Илова.
Нәжіске толы құдықты тазартуға жергілікті билік те қауқарсыз. Жұртқа кеңес бергеннен басқа көмегіміз жоқ деп Щучье әкімі ашық айтып отыр.
"Құдықтарға гермитизация жасау керек.Оған да тұрғындар өз қаражатын жұмсауы тиіс. Енді құдықтардың неге тез толатынын анықтаймыз. Басқа көмегіміз жоқ", - деп отыр Щучье қаласының әкімі Галина Бичун.
Қазір орманның бір бөлігі батпаққа айналған. Содан ағаштар да шіри бастапты. Жұрт 3 айдан бері бұл бассыздық туралы жергілікті шенеуніктерге де, табиғат қорғау прокуратурасына да арызданған. Сыңсыған қайың қарағайы аралас Бурабай курортты аймағындағы бұл жағдайды құзырлы орындардың барлығы да біледі. Бірақ ешкім ешқандай шара қолдануға асығып отырған жоқ. Көктем туа қар ерігенде жағдай одан әрі ушығуы мүмкін деп қауіптенеді парк қызметкерлері.