Есімов: Үсеновтің ата-анасы тәрбие мәселесінде қателік жіберген сияқты
2015 ж. 20 ақпан
2230
2
Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімовтің қала тұрғындары алдында есеп беруі кездесуінде алматылықтар жол қозғалысының қауіпсіздігіне, әсіресе Мақсат Үсенов секілділердің бассыздық әрекетіне қатысты сұрақ қойды.
Қала басшысы Мақсат Үсеновтің әрекетін тәрбиесіздіктен болған деп, өз пікірін білдірді.
"Оның ата-анасы тәрбие мәселесінде қателік жіберген сияқты. Мен аталған мәселені обьективті қарау туралы құқық қорғау органдарына тапсырма беріп, барынша қатаң жаза қолданылуын айттым", - деді ол.
Қала басшысы кісі өліміне әкелген жол апатына қатысты заңнаманың солқылдақтығын атап өтті.
"Заңды күшейту керек. Бұл жерде тараптар өзара бітімге келсе, заң ештеңе істей алмайды", - деді әкім.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы тұрғыны Мақсат Үсенов 2013 жылы мас күйінде көлік жүргізіп, 6 адамды қағып кеткен болатын. Одан бір жігіт қаза тапты.
Екінші рет Мақсат Үсенов тізгіндеген көлік Тойота көлігімен соқтығысып, 38 жастағы келіншектің денсаулығына зақым келтірген болатын. Екі жағдайда да Үсенов тараптардың кешірімін алып, әкімшілік жазамен шектелді.