ОҚУЛЫҚТАҒЫ ЕКІ АҚЫННЫҢ ҚАЙСЫСЫ "ҰРЫ", МИНИСТР МЫРЗА?
2014 ж. 25 желтоқсан
21419
21
Екінші сынып оқушысына оқулық авторлары мұны қалай түсіндірмек?
Астана қаласындағы №66 мектеп-лицейдің 2 "в" сынып оқушысы Әмина Жарылқасын 2 сыныпқа арналған "ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ"оқулығы бойынша ҚР Білім және ғылым министріне хат жазып отыр?
Алдымен басынан бастайық. Үйдегі көптеген газет-журналдарды ақтарып отырып, талай қателерді тауып алып, "неге мынау қате жазылған" деп, кейде әкесін де қызартып қоятын Әмина қызымыз кеше тіпті тығырыққа тіреді. Екінші сыныпқа арналған "Өзін-өзі тану" оқулығын парақтап отырып, бір мәтіндегі екі өлеңнің мәтіндері бір, бірақ авторлары екі бөлек екенін байқап қойған ол маған: "Көке, мына екі өлеңнің авторлары неге екі бөлек те, мәтіндері бір?"-дегені. Қолындағы оқулықты алып қарасам, шынында солай екен. Бір өлең екі жерде қайталанып кеткен екен ғой десек, авторлары екі басқа... Бірінде Қайрат Жұмағалиев те , екіншісінде Мұзафар Әлімбаев деп жазылып тұр... "Бұны Білім министрі білмесе, мен қайдан білейін, содан сұрайсың" дегенімде, қадалған жерден қан алатын Әмина: "Онда мен ол кісіден қалай сұраймын?" дегені... "Хат жаз"-деген сөз қалай аузымнан шығып кеткенін білмей қалдым... Енді аяқ астынан жазылып, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың блогына салу мүмкін болмаған соң, "Қазақ үні" газеті мен qazaquni.kz порталы арқылы жіберілген Әминаның хатына келейік:ҚР Білім және ғылым министрі
Аслан Сәрінжіповке
Қадірлі Аслан Сәрінжіпов ағай! Мен екінші сыныпқа арналған "Өзін-өзі тану" оқулығын ақтарып отырып, сабағымыз әлі ол тақырыптарға келмесе де, өлеңдер оқып отырып, бір мәтіндегі екі өлеңді байқап қалдым... Оның біріншісі 81- бетте "Жарқын заман бөбегі" деп аталады. Авторлары- Қ.Жұмағалиев пен И.Нүсіпбаев. Екіншісі, 117- беттегі "Біз осылай өсеміз" деп аталатын өлең. Оның авторлары -М.Әлімбаев пен И.Нүсіпбаев. Бірақ осы екі өлеңде де бір-ақ мәтін: Таң атады арайлап, Күн күлімдеп туады. Жадырайды бар аймақ, Жарқырайды шуағы. Дала гүлін жинаған, Жазып ерлік дастанды. Аталарым сыйлаған, Бізге ашық аспанды. Жарқын заман бөбегін, Аялайды нұрлы таң. Алтын бесік өз елім, Туған өлкем Ұлы Отан. 2010 жылы "Бөбек" ҰҒПББСО шығарған "Өзін-өзі тану" Жалпы білім беретін мектептің 2-сыныбына арналған оқулық авторлары: А.С.Сейтақов, Ж.Б.Қажығалиева, Р.О.Ізғұттынова, Ұ.М. Әбдіғаппарова, Ж.Ж.Әкімбаева. Біз бұны қалай түсінеміз? Өлең қайсы ақынның өлеңі? Неге бір мәтіндегі өлеңді оқулықта екі жерге екі автордың атымен жариялаған? Бұл оқулықтың қатесі енді қашан түзеледі? Біз алдағы уақытта осы қатесі бар өлеңдерді қалай оқимыз? Еліміздегі екінші сынып оқушылары атынан осы сауалыма жауап күтемін.Әмина Жарылқасын.
Астана қаласындағы №66 мектеп-лицейдің 2 "в" сынып оқушысы.
(Оқулық фотолары қоса жіберілді.)
Міне, масқара! Әлі бұл тақырыптарға келмесе де, жәй парақтап отырып, екінші сынып оқушысы байқап қойған бұл өте өрескел қатені 2010 жылдан бері 5 жыл бойы осы пәннен сабақ беретін бүкіл еліміз бойынша қаншама мың мұғалімдер қалай байқамаған? Бары 144 бет қана тұратын жұп-жұқа оқулықтың жұп-жуан авторлары ай қараған ба? Қазақ балалар әдебиетінің классигі, бүгінде тоқсанның төріне шығып отырған Мұзафар Әлімбаев та, қазақтың талантты ақыны, марқұм Қайрат Жұмағалиев те, бір-бірінің өлең ұрлайтын ақындар емес. Ол қадірлі авторлар да бұл сұмдықты білмейтін (білмей кеткен) болуы керек... Бұл жерде бәріне кінәлі аталмыш оқулықтың 5 авторы: А.С.Сейтақов, Ж.Б.Қажығалиева, Р.О.Ізғұттынова, Ұ.М. Әбдіғаппарова, Ж.Ж.Әкімбаева. Енді осы жағдайға байланысты бізден бір ұсыныс: Оқушылар биыл 2014-2015 жылғы оқу жылында бесінші рет оқығалы отырған бұл оқулықтың әлі ол қателері бар 81 және 117- беттеріне келген жоқ. Сондықтан еліміз бойынша барлық мектептерге алдын-ала қосымша түзету жіберілуі керек. Келесі жылы оқулық қатеден арылып, жаңартылуы тиіс... Ал ҚР Білім және ғылым министрлігі қыруар қаржы бөлініп, шығарылатын әрбір оқулыққа жіті қарап, қатаң бақылау жасауы тиіс. Оқулық оңбаса, оқушы қалай озат болады?!.Қазыбек ИСА,
qazaquni.kz