Сенатор үшемдердің ата-анасына кезексіз пәтер беру керектігін айтты
2014 ж. 06 қараша
1746
0
Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында тұрғын үй мәселелеріне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында жоғарғы палата депутаты Қуаныш Айтаханов үшем дүниеге әкелген аналарға кезексіз үй берілуі керек деген мәселе көтерді.
"Пәтер алудың бірінші кезегіне батыр аналарды қосу керек. Жеті-сегіз сәбиге әлемнің жарығын сыйлап, түн ұйқысын төрт бөліп, оларды бағып-қағудан, еліміздің өркендеуіне еңбек ететін, тәуелсіздігімізді қорғайтын азаматтарды дүниеге келтіріп, тәрбиелеп, өсіруден артық маңызды қызмет те, жұмыс та, құндылық та жоқ деп ойлаймын", - деді Айтаханов.
Депутат тағы бір мәселенің төңірегінде пікір айтты.
"Елімізде жыл сайын 40-50 үшем туады. Үшемді дүниеге әкелген отбасыларға өңір басшыларының қамқорлығымен, қалталы азаматтардың есебінен пәтер беріліп, жергілікті әкімдер тарапынан жәрдемдер көрсетіледі. Алайда, халқымыздың санын көбейтуге ерекше үлес қосып отырған, дүниеге үшем әкелген ата-аналарға заңды түрде қамқорлық жасалып, баспана беріліп жатқан жоқ",- дейді ол.
Ал, сәбилі болған жас отбасыларға біріншіден баспана керектігі бәрімізге белгілі. Қуаныш Айтаханов қазір үшем түгілі, бір баланы бағып-қағу оңай шаруа еместігін айтады. Ал қатарынан үш сәбиге жарық сыйлаған ата-анаға мемлекет тарапынан қандай қамқорлық жасалса да жарасады.
"Сондықтан, заң жобасының 1-бабы, 2-тармағы, 30-тармақшасына үшем және одан көп бала туған аналардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан кезектен тыс тұрғын үй алуға құқығы бар деген норма енгізуді ұсынамын",-деді Сенат депутаты.
Оның айтуынша, елімізде жыл сайын дүниеге келетін 40-50 үшемнің ата-аналарына заңды түрде кезексіз үй беруге шамамен 500 млн теңге керек екен.
"Құрметті осында отырған Үкімет өкілдері! Біздің осы өтінішімізді Үкімет басшысына жеткізіңіздер. Жыл сайын миллиардтаған қаржылар игерілмей жатқанда, үшем туған аналарға кезексіз пәтер беру үшін жарты млрд теңге табу қиын бола қоймас. Тым болмаса, Үкімет пен облыс әкімдерінің резервтік қорларынан қаржы бөлінсе де, мәселені заңды түрде толық шешуге болады деп ойлаймын",-деді сөзін түйіндеген Қуаныш Айтаханов.