Қазақстандық оқушылар 2015 жылға қарай тегін оқулықпен толық қамтылады
2014 ж. 13 қазан
2219
0
Қазақстандық оқушылар 2015 жылға қарай тегін оқулықпен толық қамтылады, деп хабарлады Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.
Оның айтуынша, оқулықтарды тегін қамтамасыз ету республика бойынша 96,4 пайызды құрайды. Бастауыш мектептегі оқушының бір күнгі оқулығының салмағы 1,5-2 келіден аспауы керек."2015 жылы мемлекеттік қаражат есебінен мектептерді оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен толықтай қамтамасыз ету жоспарланады. Оқулықтарды қайта басып шығарудың төрт жылдық циклына байланысты, қазіргі таңда бұл оқулықтарды сатып алу арқылы іске асады. Мектеп кітапханаларының кітап қоры оқу пәндерінің санына, сыныптағы оқушылар санына байланысты қалыптасады. Бүгінгі таңда Астана және Алматы қалалары, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары оқулықпен толық қамтамасыз етілген. Басқа өңірлерде, мәселен Солтүстік Қазақстан, Алматы, Қостанай, Ақмола облыстарында әлі де мәселелер бар", - деді Аслан Сәрінжіпов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында.
"1-4 сыныптарға арналған оқулықтың салмағы 300 грамнан, 5-6 сынып оқулықтары 400 грамнан, ал 7-10 сыныптар оқулығы 500 грамнан аспауы керек. Ал 11 сыныптарға арналған оқулықтың салмағы алты жүз грамнан аспауы шарт. Бұған қосымша, бір оқушының бір күнге арналған оқулықтарының салмағы бастауыш мектепте 1,5-2 келіден аспауы керек. Ал сегізінші, тоғызыншы сыныптарда төрт келіден аспауы тиіс", деді Аслан Сәрінжіпов.
Өз кезегінде Санитарлық-эпидемологиялық қадағалау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин былтырғы жылы 3-10 сыныптардың оқулықтары осы мәселелер бойынша толықтай теріс қорытындыға ие болғанын алға тартады.
"Физика, алгебра, биология пәндерінің оқулығы санитарлық талаптарға сай емес, бұлардың салмағы артып кеткендіктен біз бір оқулықты екіге бөлуді ұсындық. Бір күндік сабақ кестесінің оқулықтары 1-3 сыныптар үшін 2 келіден аспауы керек. 8-9 сыныптардың бір күндік оқулығы 4,5 келіден аспауы шарт еді. Қазіргі уақытта бұлай болмай отыр", - деді Бекшин.