Елімізге Израильден келген дәрігерлер ота жасаған науқасты 4 сағатта аяғынан тік тұрғызбақ
2014 ж. 01 қыркүйек
2807
0
Өскеменге Израильден дәрігерлер келді. Мамандар үш күнде 23 науқасқа операция жасауды жоспарлап отыр, деп жазады 24.kz.
Бұл - шетелдік ақ халаттылардың Ана мен бала орталығына осымен екінші рет келуі. Екіжақты тиімді әріптестік облыс әкімдігі мен Израиль медицина орталығы арасында жасалған меморандум аясында жүзеге асырылуда.
Израильден келген екі маман күніне 5-6 операция жасайды. Екі жыл бойы өзара тәжірибе алмасудың нәтижесінде жергілікті дәрігерлердің біліктіліктері жоғарылаған. Сондай-ақ орталық күрделі операцияға қажетті құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етіліпті.
«Жалпы республикалық бюджетте «лизинг» деген бағдарлама бар. Пайызын төлемейсің, белгілі бір уақытта құрал-жабдықтар сатып аласың. Осы бағдарлама бойынша гинекология бөліміне бірнеше құрал-жабдықтар алдық. Гинекология бөлімінде осы медициналық құрал-жабдықтардың көмегімен бірнеше операция жасалды. Израильдік дәрігерлер өскемендік әріптестерінің жетістіктерін жоғары бағалап отыр. Өйткені заманауи қондырғылар арқылы күрделі операциялардың өзінен кейін науқас сырқатынан тез сауығып кетеді, - дейді облыстық «Ана мен бала» орталығының директоры Рая Рақымова.
Екіжақты ықпалдастық арқасында қол жеткізген осынау әріптестікке тегін ота жасатуға мүмкіндік алған науқас балалардың ата-аналары алғысын білдіріп жатты. Ал шетелдік мамандар болса өз кезегінде өскемендік дәрігерлер игерген жаңа медициналық технологияның қыр-сырымен бөлісті.
«Бұл құрал-жабдықтар арқылы операция жарты сағатқа ғана созылады. Яғни сырқат тез оянады, сіздерде мұндай жүйе енгізілмеген, десе де бірнеше сағаттан кейін науқасты үйіне қайтаруға болады. Операция жасалған адам 3-4 сағаттың ішінде аяғынан тік тұрады. Израильдік дәрігерлердің бірі балалар урологиясы бойынша операция жасауға келген. Осы үш күнде отандық мамандар шетелдік әріптестерімен бірге 10 балаға күрделі операция жасайды», - дейді шетелдік гинеколог дәрігер Софья Гуревич.