Баланы атасы мен әжесінің тәрбиесіне беруге қалай қарайсыз?
2014 ж. 27 тамыз
4261
0
Қазақта «шалдың баласы» деген әдемі тіркес бар. Яғни, біздегі қалыптасқан дәстүр бойынша отбасының тұңғышын атасы мен әжесінің тәрбиесіне беріп жатады. Қазірдің өзінде тілі шыққан сәбиден «кімнің баласысың?» деп сұрасаң, «ата бала», «әже бала» деп жауап беріп жатады. Дегенмен, соңғы уақытта бұл үрдісті қолдамайтындардың қарасы да артқан. Психолог-мамандар баланы ата-анасынынан ерте айырудың салдарынан оның дамуына зиян келуі мүмкін дегенді айтып жүр.
Адамның тегін анықтаумен айналысатын маман Әлия Сағымбаева да осындай пікірде. Өзінің айтуынша, ол тұлғаның шыққан тегін зерттеу арқылы басына түскен қиындықтарды шешіп беретін көрінеді. «Мегаполис» газетіне берген сұхбатында Әлия қазақтың дәстүрлеріне қатысты пікірін айтты. Жалпы, ол ұлтымыздың салт-дәстүріне қарсы емес. Бірақ, бала туылған сәтте ең алдымен ата-анасының тәрбиесін көрген жөн деп есептейді ол.
«Қазақта үлкен ұлды туыла салып атасы мен әжесіне беріп жатады. Біздің ата-бабаларымыз аттың үстінде жүрген, соғысқан. Перзенттері қауіпсіздікте болсын деп оларды ата-әжесіне берген. Алайда, уақыт өте бұл дәстүрге айналып кетті. Менің пікірімше, аталған үрдіс дұрыс емес. 3 жасқа дейін бала анасының қамқорлығында болуы керек. Өйткені, бұл уақытта сәбидің дүниетанымында қоршаған ортаға, туғандарына деген махаббаты оянады. Ал, үш жастан бастап баланың тәрбиесіне әкесі араласуы тиіс. Егер сәбиді анасынан ерте ажыратып алатын болса табиғаттың заңдылықтары бұзылады. Болашақта ол бала жиі проблемаларға шалдығып, көңілінде ата-анасына деген реніш пайда болады» дейді Әлия Сағымбаева. Осы орайда ұлт зиялыларының да пікіріне жүгінгенді жөн көрдік.
М.Жолдасбек, қоғам қайраткері, академик: - Неге дұрыс емес? Бұл қазақ қазақ болып қалыптасқан уақыттан бері келе жатқан дәстүр. Қазақ солай өсті, өнді, дамыды, жетілді, ел қатарына қосылды, ешкімнен кем болған жоқ. Қаншама ұлы ғұламалар осы ата-әжесінің тәрбиесімен өсті. Бұл ұрпақ жалғастығына өте жақсы септігін тигізген дәстүр. Қазір туысқандар жат болып бара жатыр. Ал, сіз айтып отырған дәстүр туғандар арасындағы байланысты нығайтатын құрал. Мен салтымызға қарсылық танытып жүрген мамандардың пікірін қолдамаймын. Оның ешқандай да зияны жоқ. Мен өзім үйленіп, балалы-шағалы болған кезде ата-анам өмірде болған жоқ. Сол үшін балаларымды ата-әжесінің қолына бере алмадым. Ал, қазіргілерді балаңды неге бермедің деп кінәлауға да болмайды. Өйткені, бұрын бәрі бір ауылда, бір үйде тұрған. Қазір болса қарашаңырақ ауылда, бала қалада.
Тұрсын Жұртбай, қоғам қайраткері, жазушы: - Қолдаймын. Мен өзім екі баламды бауырыма салып отырмын. Құдай қаласа үшіншісін де аламын. Ата мен әже немерені бауырына баспағанда не үшін керек? Олар өзінің өмірден көрген мол тәжірибесін, түйген ойын кімге береді? Әр түрлі жағдайлармен жұмсай алмаған мейірімін кімге жұмсайды? Ең ақырында, өмірдің базарынан қайтқан кезде қанбаған мейірімін кімді иіскеп, кімді бауырына басып қайтарады? Қалай ол өмірінің өтеуі болады? Мен немересін бауырына баспаған ата мен әжені түсінбеймін. Ал, өзінің баласын әкесі мен шешесінен қызғанған, ата мен әженің ортасындағы жылулықты қимаған ұл мен қызды тіпті түсінбеймін. Менің ойымша олар әкесі мен шешесінен суық болып өскен. Мен өмірде көрген білгенімді қазір немерелеріме үйретіп келемін, соларды көріп ертеңгі өмірге үмітпен қараймын. Менің пікірімше, қазіргі қазақтардың 70-80 пайызы осы ата мен әженің бауырында өскен.
Күләш Ахметова, ақын: - Баланы ата-әжесіне немесе өзге туыстарына беруді мен өзім құптамаймын. Ата-ананың мейірін көрмеген бала, ананың омырауын ембеген бала ата-ана тәрбиесінде өскен баладан өзгеше болады. Әр бала ата-ананың бауырында өсуі керек деп есептеймін. Бірақ, енді біздің халқымыз дархан, өте мейірімді, жанашырлық қасиеті керемет дамыған халық емес пе?! Бала сүйе алмаған бауырларына баламызды атап жатамыз. Оны баланың өзіне айтпаймыз. Ертең күндердің күнінде ол бәрібір бір жерден біліп, жүрегіне ауыр қабылдап жатады. Бұл – үлкен гуманистік шешім. Ата-ана шамасы келіп тұрса баланы өзі тәрбиелеуі керек, баланың өз үйінде өскені жөн. Менің өзімнің басымнан өткен, балаларымды кезінде жарты жылға елге апарып тастағаным бар. Келген кезде өзгеріп келді. Жақын туыстарымызда да мұндай мысалдар көп. Өскен кезде өз әке-шешесін не деп атарын білмейді. Бұл – сәбидің ғұмырына жететін қателік. Оның үстіне, қазір әйелдер бұрынғыдай он баладан туып жатқан жоқ. Айналдырған бір-екі перзентін біреуге беріп қайтеді, өзі тәрбиелей алады ғой. Уақыт өте бұл үлкендер жаққа да кері әсерін тигізеді. Бала берген жақ та, алған жақ та іштегісін бір-біріне айта алмай, қиналып жүреді. Бұрынғы заманда білінбеген де шығар, барлығы бір үйде тұрған. Ал, қазіргі заман басқа.
Лимана Қойшиева, психолог: - Еуропалық көзқараспен қарайтын болсақ, өз баласын өзге туысына беру, мейлі ол ата-әжесі болсын, мейлі құрсақ көтере алмаған жеңгесі болсын – дұрыс үрдіс емес. Өйткені, ол баланың психологиясына кері әсерін тигізеді. Өсе келе ата-анасының басқа адамдар екенін білген бала оны ауыр қабылдайды. Ондай балалар өз әке-шешесін бәрібір қабылдай алмайды. Сөйтіп, не әрі емес, не бері емес, екі ортада қалып қояды. Бұл – еуропалық көзқарас, Батыстың психологтары осыны айтып жүр. Ал, қазақи психологиямен қарайтын болсақ, мұның балаға пайдасы болмаса зияны мүлдем жоқ. Үлкен баланы ата-әжесіне беру арқылы оның отбасындағы беделі артады. Атасы да, әкесі де күш-жігерін сол перзентке жұмсайды. Өсе келе мұндай балалар зерек келіп, ерте есейеді. Сөйтіп, артынан ерген өзге іні-қарындастарына көмектеседі. Бұл дәстүрдің астары өте үлкен, сондықтан оны жоққа шығара алмаймын. Бастысы бала әке-шешесінің кім екенін, ата-әжесінің кім екенін біліп өссе болды, одан ешнәрсені жасырмау керек. Сонда ол ер жеткенде барлығын орынды қабылдайды.
Серғали Балажан, Baq.kz.