Аптап ыстықтан екі күнде 28 адам инсульт алды
2014 ж. 10 шілде
1924
0
Ақтөбеде аптап ыстықтың беті қайтар емес. Қапырықтан тұрғындардың қан қысымы көтерілуде, деп хабарлады 24.kz.
Қазір қаладағы кардиологиялық бөлімшелер сырқаттарға толы. Әдетте жедел жәрдем тәулігіне 450 шақыртуға барса, ыстық күндері 600-ден асқан. 2 тәулікте 6 адам күн өтіп ауруханаға түскен.
Зоя апайдың қан қысымы көтерілген күні ауаның температурасы +39 градус болған. Ембі қаласынан Ақтөбеге қыдырып келген қонақ сөйтіп, ауруханадан бір-ақ шықты. Бұрын есепте тұрған оған ыстықта көп жүруге болмайды екен. Алайда күннің қапырық болатынын күтпеген. Дер кезінде жедел жәрдем шақыртып, облыстық ауруханаға жеткізілген.
"Келгенде жүре алмадым, аяғым ісіп кетті. Оның бәрі қан қысымынан екен. Қазір жаман емес, жақсардым. Қан қысымым 280-ге дейін көтеріліп, жедел жәрдеммен әкелді", - дейді емделуші Зоя Көптілеуова.
Жақында ашылған жаңа аурухананың кардиология бөлімшесі сырқаттарға толған. Көбі - егде жастағылар. Алайда дәрігерлердің айтуынша, жүрек-қан тамыры аурулары жастарда да жиі кездеседі. Жансақтау бөлімінде жатқан 30-дан енді асқан келіншек 6 жыл бойы аурумен күресіп келеді. Күннің ыстығында жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыртқан.
Облыстық көпсалалы ауруханада сырқаттар үшін бар жағдай жасалған. Өңірде бұрын болмаған жаңа технологиялар енгізілген.
"Ауыр жағдайда түсетін сырқаттарды аман алып қалу үшін аянып жатқан жоқпыз. Кейбір науқастар қан қысымы деңгейі қалыпты болғаннан кейін ауруханаға жатудан бас тартты. Көп науқастардың, қан қысымы 280-ге барғандардың, мұрындарынан қан кетіп, осы кардиология бөліміне жатқызылды, - деді облыстық көпсалалы аурухананың дәрігер-кардиологы Динара Нұрманова.
Облыста аптап ыстықтың беті қайтар емес. Сынап бағанасы +35-тен төмен түспей тұр. Өткен тәуліктерде 40 градусқа дейін көтеріліп, 2 күнде 28 адам инсульт алса, 100 адамның жүрегі сыр берген.