"Аңыз адам" журналын 13 млн теңге төлеуге міндеттеді
2014 ж. 30 маусым
3191
4
30 маусым күні Алматының Әуезов аудандық соты Гитлер жайлы материал басып, дауға қалған "Жұлдыздар отбасы - Аңыз Адам" журналының ісі бойынша шешім шығарды.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, істі қараған судья журнал редакторы Жарылқап Қалыбайды оның үстінен шағымданған он үш адамның әрқайсысына бір миллион теңгеден жиыны 13 миллион теңге төлеуге және соғыс ардагерлерінен жария түрде кешірім сұрауға міндеттеген.
Осы айдың басында өздерін "Ұлы Отан соғысы ардагеріміз" деп сипаттаған 13 адам "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың үстінен сотқа шағым түсірген еді.
Арызданушылар журнал Адольф Гитлерді "жақсы жағынан сипаттап, фашизмді насихаттады" деп санайды.
Арыз иелері Жарылқап Қалыбайдың соғыс ардагерлері алдында жария түрде кешірім сұрауын және шағымданушы 13 адамның адамның әрқайсысына 5 миллион теңгеден - жиыны 65 миллион теңге төлеуін талап еткен еді.
Қазақ тілінде шығатын, 25 мың данамен тарайтын "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналы сәуір айындағы санында нацистер көсемі Адольф Гитлер туралы мақалалар жариялаған соң дауға қалған еді.
Жарылқап Қалыбай сот үкімімен келіспейтінін білдіріп, шағым беретінін айтты.