Депутаттар үкіметтің демографиялық саясатына наразылық білдірді
2014 ж. 30 маусым
1773
3
Халық санын көбейту керек деп ұрандата бергенше, нақты қадамдарды қолға алу керек. Үкіметтің демографиялық саясатына көңілі толмаған депутаттар, бірден үшем немесе одан көп бала босанғандарға пәтер беруді ұсынып отыр.
Қазіргі кезде мұндай отбасыларға тек жергілікті билік пен қалталы азаматтардың ғана шарапаты тиіп жатыр. Алайда кейбір ұмыт қалатындары да бар. Осыны ескерген мәжілісмендер алалау болмас үшін арнайы заң қабылдау қажет дейді.
Қолына гүл алып, шексіз қуанып Қайыржан таңертеңнен перзентхана есігін күзетіп жүр. Толқитындай жөні бар. Жуырда ғана босанған жан жары шыққалы отыр. Бір емес, 3 нәрестесімен. Әдетте үшем жасанды ұрықтандыру нәтижесінде өмірге келеді. Ал Иманғали, Ғани және Ақнұр болса медицинаның осындай көмегінсіз туылып отыр. Тіпті ата-анасы да соңына дейін білмепті. "Басында 2 бала деп ойлағанбыз. УЗИ-де үшем дегенде өзіміз де таң қалдық", - дейді үшемнің анасы Жанар Жаңабаева. Бір емес, бірден 3 немерелі болған ата-әжелерінің де қуанышында шек жоқ. Алайда Астанаға келгенде көңілдері су сепкендей басылыпты. Жаңа туған нәрестелерді қай жерге апарамыз деген мәселе уайым болып отыр екен. Үшем туғандарға пәтер мүлдем берілмейді емес. Жергілікті әкімдіктер мен жанашыр ауқатты азаматтар қолдан келгенше ескеріп жатады. Алайда, мұндай көмектен қағылып жататындар да бар.Сондықтан бөліп жармас үшін мұны заңдық тұрғыдан реттеу керек. Елдегі демографиялық ахуалға алаңдаушылық білдірген депутаттардың пікірі осындай.
Мәжілісмен Нұртай Сабильянов: "Үшемдерді дүниеге әкелген аналарға үй беру мәселесі әлі шешілген жоқ. Мен осыны заңға енгізіп, заңдастырып шешіп беруіміз керек", - десе, оның әріптесі, "Ақ жол" фракциясының депутаты Алмас Тұртаев: "Үшеу, төртеу егіздерді босанған аналарға қолайлы жағдай жасау үшін, егер баспанасы болмаса 2 бөлмелі пәтер беруді қарастыру қажет", - деп үкіметке қолқа салды.
Сонымен қатар көп балалы аналарға да көрсетілетін жәрдемді көбейтуді ұсынып отыр. Мәжілісмендер қазіргі жастардың кеш отбасын құруына да баспананың жоқтығы кері әсерін тигізіп отырғанын айтады.Сол себептен келешекте осы мәселені де көтермек. Ал қуаныштан басы айналған Қайыржанның әзірге баспана туралы ойлайтын мұршасы жоқ. Бір бірінен аумайтын сәбилерін айыра алмай әлек.
31 арна